Аймақта 9 суқойма салынады
Аймақта 9 суқойма салынады
Аймақ басшысы партияның «Халықпен бірге!» атты Сайлауалды бағдарламасының экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге, өмір сүру сапасын жақсартуға және халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтіп, ол бойынша Жол картасындағы индикаторлардың орындалу қорытындыларына тоқталды. Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен саласында 9,1 миллиард теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асып, 165 жаңа жұмыс орны құрылды. Бұл бағытта ауылшаруашылық шикізатын қайта өңдеуге баса назар аударылуда. Осы ретте кептірілген пияз және сарымсақ өндірісі («Wanlin Group Limited» (ҚХР), шәрбат, крахмал және күнжара өндірісі («Primus Capital» (ҚР), жаңбырлатқыш қондырғы өндірісі («Atlantis» (Түркия), тамшылатып суару жүйелерін шығару («China KPGC» (ҚХР) жобаларын жүзеге асыру жоспарлануда. Су ресурстарын ұтымды және тиімді пайдалану да – маңызды бағыттардың бірі. Жалпы сыйымдылығы 50 миллион текше метрден асатын 3 жаңа суқойма салу және 2 суқойманы қайта жаңғырту жұмыстары көзделген. Сонымен қатар облыстық бюджет қаражаты есебінен 6 шағын суқойма іске қосылатын болады. Жоспарланған 646 ұңғыманың 133-і қазылып, ол 5,9 мың гектар суармалы алқапты ылғалмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы белсенді іске асуда. 2023 жылы 18,4 миллиард теңгеге 3 мыңнан астам жоба қаржыландырылып, нәтижесінде 4,6 мың жұмыс орны құрылды. Облыс бойынша 81,7 мың жұмыс орны ашылып, 64,3 мың азамат тұрақты жұмысқа орналасты. Ербол Қарашөкеев өз баяндамасында тұрғын үй саясаты мәселелеріне де ерекше тоқталды. 2023 жылдың қорытындысымен 726 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бюджет қаражаты есебінен 19 тұрғын үй (1 100 пәтер) және жеке инвестициялар есебінен 18 үй (848 пәтер) тапсырылды. 811 жер теліміне инженерлік инфрақұрылым жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтары мен көпбалалы отбасылар үшін 7,8 миллиард теңгеге 864 пәтер сатып алынды. 2024 жылы 39 тұрғын үй (2 109 пәтер) салу көзделген. Сондай-ақ 4,7 миллиард теңгеге 354 жалдамалы пәтер сатып алынады деп жоспарлануда. Облыс әкімі жол салу және жөндеу, ауызсумен және табиғи газбен қамту, қауіпсіздік шараларын күшейту, экологиялық жағдайды жақсартуға қатысты қолға алынған әрі жоспарланған жұмыстарға да тоқталды. Сонымен қатар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларын дамыту шараларын да тілге тиек етті. Өз кезегінде жиынға қатысқан мәслихат депутаттары ауылшаруашылығы, мәдениет саласын дамыту, әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты бірқатар мәселе көтеріп, сауалдарын жолдады. Облыс әкімі әрбір сұраққа жауап бере отырып, кейбір мәселелер бойынша тиісті салалық басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.