Жамбылдық оқушылар енді арнайы автобустармен қатынайды
Кеше Тараз қаласындағы «Достық» алаңында мектеп оқушыларын тасымалдауға арналған 14 жаңа автобустың кілтін табыстау рәсімі өтті. Жаңа автобустардың кілтін мектеп директорларына табыстаған облыс әкімі Ербол Қарашөкеев еліміздің ертеңгі болашағы саналатын оқушылардың жан-жақты дамуына, сапалы білім алуына жағдай жасау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты назарда екенін атап өтті.
Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың айтуынша, республикалық бюджеттен лизингке алынған 14 автобустың жалпы құны – 645 600 000 теңге. Оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген автобустардың төртеуі 22 орындық болса, 10-ы 38 орындық. Айта кетерлігі, арнайы көтергіш құрылғылар арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар да автобусқа емін-еркін мініп-түсе алады.
«AR-AI»-ақпарат