Ауыл жағдайын алға ілгерілетуге күш саламыз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Байзақ ауданы, Ботамойнақ ауылдық округінің әкімі Ғазиз Абаханов «Ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму барысының көрсеткіштері» туралы баяндады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, өткен жылы аймақта жүйелі жұмыстар атқарылып, әр сала бойынша жақсы көрсеткіштерге қол жеткізілген. Айтуынша, ауылдық округте 7 002 адам тұрады. Ауылдық округтің жер көлемі 4497,2 гектар егістік жер болса, оның 1838,2 гектары суармалы жер. Ал 2023 жылы 340 шаруа қожалығы тіркеліп, егін және малшаруашылығымен айналысып отырғанын айтқан Ғазиз Тілеубайұлы жайылым жерлердің жағдайы мен ірі қараның да нақты санына тоқталды.
– Жалпы жайылым жер бүгінгі күнге 9 306 гектар болса, округтегі мал басына шаққанда қажетті жайылым көлемі 17335,8419 гектарды құрап отыр. Алайда қазіргі таңда ауылға 8 403 гектар жайылым жердің жетіспеушілігі де орын алып отыр. Осы мәселені шешу үшін округтің қызмет көрсету аумағында бос жатқан жер учаскелерін түгендеп, нақты шекарасын бекіту арқылы таулы аймақтағы 902,8 гектар жайылым жер қосылды. Ал былтырғы жылы қой, ешкі – 31 800, мүйізді ірі қара – 4 686, жылқы – 1 650, үй құстары – 16 260, шошқа 30 басты құрады.
Бұлардың ішінде өсім көрсеткені де, азайғаны да бар, – деді ол. Бұдан бөлек ауылдық округте С.Абланов атындағы орта мектеп, №4 мектеп-лицейі, Үшбұлақ бастауыш мектебі, «Салтанат» балабақшасы, «Бағылан-2018» жекеменшік бөбекжай-бақшасы, «Ботамойнақ шағын орталығы» жұмыс істейді. Сонымен қатар 1973 жылы салынған 150 орындық Байзақ ауылдық клубы бар. Кітапханада цифрландырылған ақпараттық орталық тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетуде. Ал ауылдағы жалпы спорттық нысанның саны – 17 болса, 4 спорттық үйірме бар. Сондай-ақ Ғазиз Абаханов 2023 жылы тұрмысы төмен, толық емес отбасы өкілі Қымбат Ходжибаеваға «Асарлатып үй салу» жобасы аясында ауыл белсенділерінің атсалысуымен 4 бөлмелі тұрғын үй салынып, пайдалануға берілгенін және әртүрлі санаттағы 5 отбасының үйлеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілгенін айтты. Брифинг соңында ол алдағы жоспарлармен бөлісіп, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Шапағат Әбдір