Әккілердің әрекеттері әшкереленді
Батыс Қазақстан облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Спорт және денешынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК-ның бұрынғы директорына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Тергеу деректері бойынша, күдікті 2021-2022 жылдары алдау арқылы жалпы сомасы 57 миллион теңге бюджет қаражатын жымқырған. Бұл қаражатты облыстық денешынықтыру және спорт басқармасы «Artsport» бағдарламасы бойынша жан басына қаржыландыру шарты шеңберінде балаларды оқыту бойынша көрсетілетін қызметтерге «Ақжайық ФК» ЖШС-на бөлген. Соттың санкциясымен кәсіпорын директоры қамауға алынды.
Қазіргі уақытта қалған адамдардың қылмысқа қатысы тексерілуде және жымқырудың қосымша эпизодтарын анықтау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы, Іле ауданы білім бөлімінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Ол Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 миллион теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікті.
Сонымен қатар ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4,9 миллион теңге жалақы төлеген. Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, жоғарыда аталған фактілерге қатысты өзге ақпараттар жария етуге жатпайды.
ЖАСҰЛАН СЕЙІЛХАНОВ