Заң

Қылмысқа қылбұрау

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Қарағанды қаласындағы өңірлік өкілдер басқармасы бастығының 2024 жылғы 12 ақпандағы №3 бұйрығы бойынша, «МҚҰ «ФинКО» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (бұдан әрі – МҚҰ) микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға берілген лицензиясынан айырылды.

«ФинКО» ЖШС лицензиядан айырылды

«Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына сәйкес, уәкілетті органның жазбаша нұсқамаларын жүйелі түрде (қатарынан күнтізбелік он екі ай ішінде үш және одан көп рет) лицензиядан айыру үшін негіздеме болды. «Микроқаржылық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес, МҚҰ Агенттік микроқаржылық қызметті жүзеге асыруға лицензиядан айыру туралы шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде өзінің атауынан «микроқаржы ұйымы» деген сөздерді, олардан туындайтын, көрсетілген заңды тұлғаның микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратынын болжайтын сөздерді немесе аббревиатураларды алып тастау арқылы қайта тіркеу рәсімін жүргізуге не қайта ұйымдастыру немесе тарату туралы шешім қабылдауға міндетті. Микрокредит беру туралы шарттар бойынша орындалмаған міндеттемелері бар МҚҰ клиенттері, МҚҰ алдындағы міндеттемелердің орындалуын бұзғаны үшін микрокредит беру туралы жасалған шарттардың талаптарына сәйкес жауапты болады.

Ақшаны заңсыз қолма-қол қаржыға айналдырған

Алматыдағы ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері банктік шоттардан ақша қаражатын қолма-қол ақшаға айналдырып және ойдан шығарылған мәмілелер бойынша шот-фактураларды жазумен айналысқан. Аталған фактіні Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті тергеді. А.Абдуллаев бастаған ҰҚТ-ның 5 мүшесі 2018 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде жүйелі түрде бақылауындағы 15 компания мен 170-тен астам жеке кәсіпкердің банктік шоттары арқылы 11,7 миллиард теңгені қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталды. Сот үкімімен ҰҚТ ұйымдастырушысы және қатысушылардың бірі кінәлі деп танылып, оларға жалпы режимдегі колонияда 6 және 7,5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сотқа дейінгі тергеу аясында осы қылмысқа қатысы бар ҰҚТ-ның тағы үш мүшесіне халықаралық іздестіру жарияланды. Жалған мәмілелер жасасу, қаражатты заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру ел бюджетіне миллиардтаған салықтардың түспеуіне әкеліп соғады. Экономикалық қылмыстың бұл түрі мемлекеттік әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеуге, жаңа жол, аурухана, мектеп салуға кедергі келтіреді.

«Аuto Seller» ұйымдастырушылары сотталды

Ақтөбе облысындағы қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Аталған фактіні Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменті тергеді. 2022 жылдың наурыз айында Д.И.Дәулетов, А.Т.Жанасаевтың жетекшілігімен құрамында К.А.Құдасов, О.Б.Жайлаубай және басқа да тұлғалар бар қылмыстық топ «Аuto Seller» ЖШС деген атпен автокөлік құралдарын жоғары бағамен сатып алып, төмен бағамен сатумен айналысатын қызметті бүркемелеп, қаржы пирамидасын құрған. «Аuto Seller» ЖШС басшылары автокөлік иелеріне (тіркеу есебіне қарамастан) екі-үш ай ішінде тең бөліктермен төлей отырып, нотариалды куәландырылмаған сатып алу-сату шарттарын жасасып, олардың автокөліктерін 20 пайызға қымбат сатып алуды ұсынған. Осыдан кейін бұл автомобильдер көлікті сатуды жүзеге асыратын жаңа тұлғаларға ақшалай қаражатты одан әрі төлеу мақсатында үшінші тұлғаларға төмендетілген бағамен сатылды. Сатып алу-сату шарттарына сәйкес залал сомасы 404 миллион теңгені құрады. Сот Д.И. Дәулетовті 9 жылға, А.Т.Жанасаевты 8 жылға, К.А. Құдасовты 7 жылға және О.Б. Жайлаубайды 7 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Жалған құжат залалы 400 миллион теңгеден асқан

Жалған төлем және есеп айырысу құжаттарын пайдалана отырып, 55 автокөлік құралын заңсыз есепке тіркеу фактісі бойынша қылмыстық істердің бірін Қаржылық мониторинг агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті тергеді. Бастапқы тіркеу үшін алымды төлемеу салдарынан мемлекетке 401,3 миллион теңге көлемінде залал келтірілді. Қылмысты ұйымдастырушы топ Ақмола облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының бұрынғы аға мемлекеттік инспекторымен бірігіп, 2020 жылғы желтоқсан мен 2022 жылғы қаңтар аралығында тиісті төлемдерді төлемеу, электрондық өтінімдерді бекіту, жалған төлем құжаттарын пайдалану жолымен шетелден әкелінген көлік құралдарын жаппай бастапқы тіркеуді ұйымдастырғаны анықталды. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге де ақпарат таратылуға жатпайды.

ЖАСҰЛАН СЕЙІЛХАНОВ