Батыс әлемі «мирный» жобасын қолға алды
Ел тарихында тұңғыш рет Қазақстанда өндірілген электр энергиясы алып батареяларда жиналатын болады. Анығын айтқанда, Қазақстан Жер ғаламшарындағы климаттық күйзеліспен күреске өз үлесін қосуға халықаралық міндеттеме алды. Мысалы, 2040 жылдан кейін еліміздің бензин және дизельмен жүретін жеңіл көліктерден толық бас тартуына тура келмек.
Батыс әлемі ілгерілетіп отырған «жаһандық жылынумен күресте» Қазақстанға француз елі көмектеседі. Арнайы келісім аясында Франция елімізге 820 миллиард теңге қаржы құятын болды. Ол республикамызда негізінен «жасыл» энергетика жобаларына салынады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, соның аясында «Мирный» жобасы жүзеге асырылады. Жобаның бұлай аталуының себебі – оның аясында облыстағы Мирный кентінің жанында жалпы қуаты 1 гигаватты құрайтын жел электр стансасы салынбақ. – Қазақстан мен Франция арасындағы келісімнің аясында Мирный кентінің маңында жалпы қуаты 1 ГВт болатын, желден қуат өндіретін электр стансасын салу жоспарланып отыр. Келісімнің басты мақсаты – жаһандық жылынумен күресте екі елдің ынтымақтастығын жолға қойып, өрістету. Құжат Қазақстан аумағында жаңғыратын энергия көздері (ЖЭК) мен орнықты даму саласындағы ірі жобаларды әзірлеуді, ілгерілетуді және іске асыруды қарастырады, – деген А.Сәтқалиев Мирныйдағы жел электр стансасы олардың бірі ғана екенін атап өтті. Еліміздің бас энергетигі баламалы қуат көздерінің бәрі экологияға пайда әкеледі деп санайды. Сарапшылар мұнымен келіспеуі мүмкін. Айталық, атом энергетикасы радиоактивті қалдықтарды көп шығарады.
Оның үстіне Чернобыль, Фукусима-1 сияқты АЭС-тердегі апаттар қоршаған ортаның сау тамтығын қалдырмай, ондаған жылдарға айналасын ластап, жер мен суды жарамсыз етті. – Жел немесе басқа да баламалы электр стансаларындағы авария оның иелерінің материалдық шығынға ұшырауына ғана әкеледі деп ойлаймын. Бірақ жаһандық экологиялық зұлматқа себеп болмайды, – деп, министр сөзін нақтылай түсті. Өңірдегі 1 гигаваттық жел электр стансасы 2026-2027 жылдары қолданысқа беріледі деп жоспарланған. Оның құны 1,9 миллиард долларды құрайды. Жел паркін франциялық «Total Eren» компаниясы, қазақстандық «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» бірлесіп құрады. «Самұрық-Қазына» мен «ҚазМұнайГаз»-дың әрқайсысы 20 пайыздық үлесті иеленеді. Олар тек жобаның бірінші кезеңіне, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге төл қаражаттарын салады. Жобаның бақылаушы пакеті француздардың қолында болады. «Total Eren» негізгі инвестор ретінде жел стансасын және басқа жобаларын салуға өз бетінше несиелік қаржы тартады. Бірлескен компания қызметінен, стансадан түскен табыс осы үшеуі арасында үлесіне қарай бөлінеді. Жобаның бірегейлігі сол, онда ел тарихында алғаш рет электр энергиясын алып батареяларда жинақтау жүйесі пайда болады.
Осы орайда Қазақстан Парламенті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Француз Республикасының Үкіметі арасындағы жаһандық жылынуға қарсы күрес саласындағы ынтымақтастықты іске асыру туралы арнайы келісімді» ратификациялады. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановтың түсіндіруінше, Мирныйдағы жел паркі өзі өндірген 1 гигаватт қуаттың кем дегенде 300 мегаватын жинақтап қоюға тиіс болады. Ірі жобаның техникалық ерекшеліктерін ескере отырып, жоба тараптары – инвестор «ТотаL Eren» және қазақстандық акционерлер «Самұрық-Қазына» қоры мен «ҚазМұнайГаз» арнайы компания құрады деп жоспарланған. Жаңа бірлескен компания «Мирный» жобасына дербес жауапты болады. Инвестор 25 жыл бойы электр қуатын өндіру және сақтау, елімізде туындайтын қуат теңгерімсіздігін реттеу тетігін жүзеге асырады. Мысалы, әлдебір ірі қуат стансасында апат болып, өңірде энергия тапшылығы туындаса, аталған жоба аясында қордаланған қуат ұлттық электр жүйесіне қосымша беріледі. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына толық қол жеткізуге міндеттеме алды. Бұл ретте «Мирный» жобасы республикаға көмірқышқыл газының шығарындыларын жылына кем дегенде 2 миллион тоннаға қысқартуға мүмкіндік беретін көрінеді. Келісім аясында Батыс елдері, оның ішінде Франция жаңғыратын энергия көздері және оларды сақтау саласындағы ең заманауи технологияларды, өнеркәсіптік және технологиялық жабдықтарды Қазақстанға табыстайды. Жел – тегін ресурс. Алайда одан өндірілетін қуат қымбат болғалы тұр.
Парламент ратификациялаған қазақ-француз келісімінде Мирныйдағы жел паркінде өндірілетін электр тоғының тарифі доллармен бекітілді. Киловатт-сағат құны 3,99 цент деңгейінде келісілді. Бұл қазірдің өзінде 18 теңгеге тең. Салыстырсақ, мысалы, Энергетика министрінің 2023 жылғы 31 қазандағы бұйрығымен елімізде 50 қуат өндірушінің электр энергиясының шекті тарифтері көтерілді. Екібастұз ГРЭС-1 тарифі киловатт-сағат үшін – 5,90 теңгеден 7,32 теңгеге, «Қарағанды Энергоцентр» тарифі – 9,86 теңгеден 12,64 теңгеге, «Астана–Энергия» АҚ тарифі – 7,19 теңгеден 8,49 теңгеге, Шүлбі ГЭС-інің тарифі 3,30 теңгеден 3,67 теңгеге жетті. Соның өзінде жел қуаты су, газ, көмір қуатынан бірнеше есе қымбат болғалы тұр. Бұл жерде елде девальвация болып, теңге тағы екі есе құнсызданса, доллармен бекітілген тариф те екі есе көтерілмек. – Тарифтің жалпы көлемі 3,99 центті құрайды.
Оның ішінде электр энергиясының бағасы 2,80 цент болады. Оны теңгеге ауыстырғанда 12,8 теңгедей. «Total Eren» компаниясының сұраған бірінші бағасы одан көбірек болған. Біз келісімшартқа отырғанда қуат өндірушілер арасында өткізілген аукциондардың 2022 жылғы қорытындысы бойынша қалыптасқан орташа бағаны қолданамыз деп келістік. Тиісінше, электр энергиясының бағасы 12,8 теңге болады. Оған қосылатын тағы 5 теңге – жоба аясында электр энергиясын жинақтайтын аккумуляторларды қолдануға бағытталады, – деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов. Электр энергиясын сақтайтын аккумуляторларға әр киловаттан қаражат қарастырылуын инвестордың өзі талап етіп, осыған қол жеткізіпті. Өз кезегінде француздар Шу мен Шымкент арасында электр желілерін тартуға міндеттеме алды. – Қазақстан ішіндегі тарифтің неге теңгемен емес, шетелдік валютамен бекітілгеніне келсек, республикадағы аукциондық бағалардың бәрі теңгеде көрсетіледі, оларға инфляцияға сай индексация жасалады. Ірі жоба болғандықтан, қуат жинақтау технологиясын әлемдік деңгейдегі «TotalEnergies» компаниясының өзі әкелетіндіктен инвестордың шетелдік валютаға қатысты талабы орындалды. Біз оған келістік, бірақ осы тариф 25 жыл бойы өзгермейді.
Ешқандай индексация жасалмайды. Қазақстан мен Франция президенттерінің келісімі бойынша осындай шешім қабылданды, – деді бас энергетиктің орынбасары. «Мирный» жобасының стансалары еліміздің оңтүстік өңірлерінде ғана бой көтереді. Үкіметтің бұл талабы сарапшылар арасында пікірталас туғызған. Энергетика вице-министрінің түсіндіруінше, Қазақстан халқының басым бөлігі – оңтүстігімізде орналасқан, сондай-ақ күнгей облыстарда электр қуатын тұтыну көлемі еселеп өсіп барады. Ал біздің дәстүрлі энергетикалық генерацияларымыз, алып стансалар негізінен еліміздің солтүстік өңірлерінде орналасқан екен. Сондықтан Сұңғат Есімхановтың айтуынша, еліміздің теріскейінен күнгейіне жүздеген шақырым сым желілерін қаптатып тартып, тоқты көп тасымалдамау үшін жасыл энергетиканың ірі жобаларын оңтүстік аймақта орналастыру туралы шешім қабылданыпты. – Бұл жобаның басты бір жаңалығы да тұңғыш рет өндірілген қуатты тегіс таратпай, арнайы жинақтауыштарда сақтау болып отыр. 1 гигаваттың кем дегенде 30 пайызы жинақталуға тиіс.
Біздің талабымыз осындай. Соның арқасында жүйедегі дисбаланстар мәселесін шеше аламыз. Мысалы, жел тынып қалатын тымық күндері қордаланған қуат қолданылады. Осы жобаға дейін біз жел энергетикасында жетпей қалған қуатты газ және көмірден алынатын дәстүрлі генерациямен ауыстыруға мәжбүр едік. Енді жоспарлы өндіріс болмай қалғанда батареяларда жинақталған энергия берілуге тиіс, – деді энергетика вице-министрі. «Мирный» жобасында жоғары білікті 250-ге жуық маман жұмыс істейді. Дегенмен сарапшылар жаңа саналатын жел энергетикасы түгіл, дәстүрлі энергетика саласында кадр ресурстарының тапшылығы туындағанын алға тартып отыр. Сондықтан жобадағы мамандардың бәрі сырттан әкелінуі мүмкін деп қауіптенеді. – Жаңғыратын энергия көздерінің өндірісі, әрине, жаңа сала. Ол бізде ғана емес, жалпы әлемде соңғы 20-25 жылда дами бастады.
Ендеше кадр жетіспеушілігі проблемасы бар, ол мәселе шешіліп жатыр. Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірге жоғары оқу орындарында ЖЭК саласының мамандарын даярлап жатырмыз. Осы сала бойынша бүгінде «Болашақ» бағдарламасымен де, сондай-ақ өз бетімен де шетелде оқып келген мамандар жетерлік. Сондықтан жобаға байланысты кадрлық проблема болмайды, – деді Сұңғат Қуатұлы. Ол жел, күн электр стансаларында қызмет ететін жұмыскерлердің ұжымы шағын болып келетінін қаперге салды. – Сөз болып отырған Мирныйдағы ірі жобаның өзінде 200-250 адам еңбек етеді. Бірлі-жарымы – инженер, негізгі бөлігі электромонтер сияқты жұмысшылар болады.
Қазақстанның жаңғыратын энергияны дамыту бойынша бағдарламасындағы көрсеткіштерге сәйкес, 2030 жылы біз жаңартылған энергия көздерінің үлесін 15 пайызға жеткізуіміз керек. 2023 жылдың қорытындысында жаңартылған энергия көздерінен өндірген электр энергиясының үлесі 6 пайыз болды. Жыл сайын бұл бағытта жаңа жобалар іске қосылып жатыр. 2030 жылы 15 пайыздан асатынына біз толық сенімдіміз, – деді энергетика вице-министрі. Франциямен бірге жүзеге асырылатын бұл жоба аясында 250-ге дейін тұрақты жұмыс орны, құрылыс барысында 2 500 уақытша жұмыс орны құрылады. Шамамен 820 миллиард теңге инвестиция тартылады. Жоба аясында тұрғызылатын стансалар жалпы көлемі 3,6 миллиард кВт\сағат жасыл энергия өндіреді.
АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ