Экология

Биыл жүзеге асатын баянды бастамалар

Қазақстан Орталық Азияда ресурсқа аса бай ел екені белгілі. Бірақ байлық бар да, оны тиімді пайдалану бар. Бізде осы екінші мәселе қатты ақсап тұр. Әрі кейінгі бірнеше жылдың бедерінде төмен көміртекті дамуға көшудің тұрақтылығы мен жаһандық трендіне баса назар аудару күн тәртібінің алдыңғы шебіне шықты. Сондықтан еліміз энергетикалық тұрғыда тағдыршешті кезеңге де келіп жетті деуге болады. Содан болар, мемлекет энергиямен жабдықтаудың қауіпсіздігі мен сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларды жүзеге асыруға ниетті.

Осы орайда ел Үкіметі мен Дүниежүзілік банк жеке сектормен ынтымақтастық жағдайында тарифтік реформалардың кешенді пакетін әзірлеуге кірісті. Тарихи тұрғыдан Қазақстанның энергетикалық секторы қазбалы отынға тәуелді, ал қазір ел алдында тиімсіз субсидиялардан біртіндеп бас тарту және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту міндеті тұр. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) бағалауынша, 2021 жылы елдегі қазбалы отынға берілген субсидияның жалпы көлемі ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 6 пайызына жуықтады. Бұл көрсеткішпен Қазақстан қазбалы отынға субсидия беретін 25 елдің қатарына кіреді. «Өзгерістер қажеттігін мойындай отырып, Үкімет реформалар жүргізуге және тиімсіз субсидияларды кезең-кезеңімен жоюға, оның ішінде «инвестициялар орнына тариф» бастамасын енгізу жолымен бастамашылық жасады.

Бұл трансформацияның негізінде тарифтік реттеуді ынталандыру әдіснамасын әзірлеу жатыр. Тәсіл қаржылық сыйақыларды нақты мақсаттарға қол жеткізумен байланыстыру арқылы жауапты және тұрақты энергетикалық тәжірибені ынталандыруға бағытталған. Бұл әдіснама мен тәсілді іске асыру үшін Үкімет тарифтердің неғұрлым әділ құрылымын, халықтың осал топтарын бағаның әлеуетті өсуінен қорғау үшін әлеуметтік қорғау туралы ережелерді әзірлеуді, сондай-ақ тарифтік реттеудің институционалдық құрылымын нығайтуды қамтитын көпқырлы реформа жүргізіп келеді», делінген Дүниежүзілік банк шолуында. «Қазақстанда энергетикалық субсидиялар реформасы қарқынды жүріп жатыр» дейді дүниежүзілік банк сарапшылары. Электрмен және жылумен жабдықтау секторларын реттеудің жаңа әдіснамасын қоса алғанда, реформалар пакеті өткен жылдың соңында Үкіметтің мақұлдауына ие болды және қанатқақты жобаны енгізу биылдан басталып отыр. Бұл бастапқы қадамдар бүкіл сала бойынша ауқымды интеграцияның бастапқы нүктесі болады деп күтілуде.

Бастама инвестициялық ынталандыруды нормативтік актілермен үйлестіруге, инновациялар мен тұрақты дамуға, сондай-ақ секторға инвестициялар тартуға және операциялық тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Табиғи монополияны реттеу комитетінің төрағасы Асан Дарбаев: «Реформа электрмен және жылумен жабдықтау саласында тұрақты өндіріс пен қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің неғұрлым экологиялық таза энергия көздеріне көшуіне жәрдемдесуге бағытталған. Биыл тариф белгілеудің жаңа әдістерін енгізу және саланың инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы тарифтік саясатты қайта жүктеу міндеті тұр.

Біз Дүниежүзілік банкке осы әдістемені әзірлеуге және қызметкерлерді 2024 жылы жоспарланған қанатқақты жобаны енгізуге дейін ынталандырудың жаңа әдістемесін қолдануға үйретуге көрсеткен көмегі үшін алғыс айтамыз», – дейді. Дүниежүзілік банк сарапшылары реформаның сәттілігі негізінен саяси шараларды тиімді үйлестіру мен іске асыруға, сондай-ақ барлық тиісті мүдделі тараптарды тарта отырып, реттеуші функцияларды шоғырландыруға байланысты болады деген ой айтады.

Осыны ескере отырып, Дүниежүзілік банк институционалдық базаны жетілдіру бойынша ұсыныстар берді. Мамандандырылған ұйым шеңберіндегі барлық реттеуші функцияны шоғырландыру есебінен Қазақстанда энергетикадағы реттеу мен қадағалаудың тиімділігін арттыру ұсынылады. «Энергетикалық субсидияларды реформалау шеңберінде білім алмасу және коммуникация реформаның сәттілігі үшін өте маңызды. Осыны мойындай отырып, Дүниежүзілік банк озық халықаралық тәжірибе мен біліммен танысу үшін бірқатар семинар ұйымдастырды.

Осы семинарлардағы талқылаулар реформа үдерісіне мүдделі тараптарды оқытуда және тартуда маңызды рөл атқарды. 2023 жылдың қазан айында өткен табиғи монополияларды реттеу саласындағы сарапшылар мен орталық және өңірлік кеңселердің салалық компанияларының өкілдеріне арналған арнайы семинарда зерттеу нәтижелері қаралды. Сондай-ақ жаңа тарифтік әдіснама, оны енгізудің негізгі қағидаттары мен үдерістері ұсынылды. Қатысушыларға осы ұсыныстар мен әдіснаманы іске асыру үшін жол картасына шолу ұсынылды», дейді дүниежүзілік банк сарапшылары.

АҚТОТЫ  ЖАҢАБАЙ