Білім

Ұлт болашағы – ұлағатты ұстаздан

Өз балаңа лайықты тәрбие беру қиынға соққан қазіргі заманда кісі баласына ақыл айтып, жөн сілтеу оңай ма? Әсіресе бүгінгідей жаһандық құбылыс жер жүзін жайлаған алмағайып уақытта ұлт ұрпағын ұлттық болмыстан жеріндірмей, ұлылар жолына жетелейтін бір адам болса, ол – ұстаз десек, еш қателеспейміз.

Біз сөз еткелі отырған Тұмаркүл Кенжебаева да жасынан мұғалім болуды алдына мақсат тұтып, қырық жылғы қызметінде қадірлі мамандықтың атына кір келтірмеген жан. Шәкіртіне берер білімі мен тәлімі озық, маңайындағылар үшін айтар сөзі ақыл-ойдың өлшемі болған оны осы қасиеті өзгелерден даралап, мұғалім мәртебесінің аса биік шыңына жетеледі. Тұмаркүл Сәдібайқызы ұстаздық қызметті мамандықтан бұрын кісіліктің бітім-болмысының үлгісі деп санайды. – 1963 жылы Сарысу ауданының Түркістан (қазіргі Әшір Бүркітбаев) ауылында дүниеге келдім. Мен үйдің ортаншысымын. Алдымдағы әпке, ағаларым, өзімнен кейінгі екі інім мен бір сіңлім өмірден өз орнын тапқан елге белгілі азаматтар. Бірі әлі де ат үстінде, қызметте жүрсе, тағы бірі – кәсіпкер. Әкем Сәдібай Кенжебаев екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері. Кезінде Түркістан кеңшарымен қоса, оған қарасты Арыстанды, Үшбас бөлімшелері бойынша малшаруашылығы есепшісі болып еңбек етті. Анам Қыздаркүл Ерубаева үй шаруасындағы адам болса да әулеттің ақылшысы еді. 1969-1980 жылдар аралығында М.Әуезов атындағы орта мектепте оқыдым. 1980 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп, 1984 жылы физика пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықтым.

Сол жылы Арыстанды ауылындағы орта мектепке мұғалім болып орналастым. 1985-1991 жылдары Жаңатас қаласындағы №18, №6 балабақшаларда тәрбиеші болып еңбек еттім. 9 жыл Ұйым, Байқадам орта мектептерінде мұғалім болсам, одан кейін тағы 9 жыл Сарысу ауданы әкімдігі білім бөлімі жанындағы әдістемелік кабинет меңгерушісі болып жұмыс істедім. 2009-2015 жылдары Жаңатас қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы мектеп-гимназияның директоры болып еңбек етсем, 2015 жылдан бастап Абай атындағы орта мектепте директор қызметін атқарып келемін. Мен әдістемелік кабинет меңгерушісі болып еңбек етіп жүргенімде жұмысқа ерте барып, өте кеш қайтатынмын. Тіпті берілген тапсырманы дер кезінде орындау мақсатында үйге түн ортасында қайтып жүрдім. Сол кезде енем үй шаруасы мен бала тәрбиесіне өзі бас-көз болып, маған үлкен қолдау көрсетті. Алтындай енем мен күйеуім Фаязбек Сағындықовтың жайлы мінезі мен қамқорлығы менің алаңсыз еңбек етуіме айтарлықтай септігін тигізді, – дейді Тұмаркүл Кенжебаева. Қазақстан Республикасының бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен және «Білім беру ісінің үздік қызметкері» төсбелгісімен марапатталған Тұмаркүл Сәдібайқызы Абай орта мектебіне директор болып тағайындалғаннан кейін аталған білім ошағынан 4-5 «Алтын белгі» иегері мен үздік оқушыларды шығарып, Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары көрсеткіштерді көрсете білген.

Осы білім мекемесі 2022-2023 оқу жылындағы облыстық рейтингтік көрсеткіштер қорытындысы бойынша «Үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясын иеленіпті. Аудандық рейтингтік көрсеткіш бойынша да соңғы 3 жылда «Табысты мектеп» номинациясын жеңіп алған. Тұмаркүл Кенжебаева қызмет жолындағы ұстаздары ретінде кезінде аудандық білім бөлімін басқарған Мейрамбек Есмахановтың, ұстаздық қызметтегі әріптестері Дамеш Серікбекқызының, Күлпаш Абулхайырқызының, Гулзахира Әбішқызының, Гүлбаршын Ильиянаның, Нағима Қожамқұлованың, қазіргі білім бөлімінің басшысы Ильяс Баймағанбетовтің есімдерін атады. Оның тәрбиелеген шәкірттері еліміздің сан түрлі саласында елге елеулі қызмет етіп жүр. Әңгіме арасында кейіпкеріміз өзіне сабақ берген ұстаздарын, бейкүнә балалық шағын сағынышпен еске алды. – Түркістан кеңшарына қарасты кіп-кішкентай ғана бұрынғы Будённый ауылындағы Октябрьдің 40 жылдығы атындағы сегіз жылдық мектепте білім алдым. Сол кезде ауыл тұрғындарының басым бөлігін бауырлас күрді этносының өкілдері құрайтын.

Сыныпты сегіз күрді, бес қазақ бітіріп шықтық. Негізінде нәресте «шыр» етіп мына жарық дүниенің есігін ашқанда оның бұл өмірге бейкүнә болып келетіні, сәби бойында туабітті болатын ар-ұят деген жақсы қасиеттердің балаға өсе келе берілген дұрыс тәлім-тәрбие арқылы ашыла түсетіні баршаға аян. Жасында ата-ананың, мұғалімнің берген тәлім-тәрбиесін, білімін бойына сіңіре алмағандар есейген сайын ар-ождан, адамгершілік қасиеттерден алыстай береді. Осы ретте менің де тәрбиелі, білімді оқушы болып қалыптасуыма алғашқы ұстазым Аязбек Айтпозимов, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Үмбет Мамытов, Әси, Қадір, Амангелді сынды ағайлар мен математика пәнінің мұғалімі Гүлсім Омарова айтарлықтай ықпал етті. Олар өте жоғары деңгейде сабақ берді. Ұстаздарым берген білім мен тәлім-тәрбие, айтқан ақыл-кеңесі өмірлік бағдаршамым болды. Осы арқылы біз ұстаздық қызметтің жауапкершілігін сезініп өстік. Ұстазымызды жақсы көргендіктен мен мектеп жасында-ақ аталған мамандық иесі болуды қатты армандадым. 9-10-сыныпты Түркістан ауылында жалғастырдық. Сол кезде де өте озат, білім бәсекесінде бір-бірімен тайталасқа түсе алатын алғыр оқушылар көп болды.

Олардың барлығы да мектеп бітіргеннен кейін қияға қанат қағып, өмірден өз жолдарын тапты. Физика пәнін таңдауыма осы пәннен сабақ берген мұғалімім, мектеп директоры болған Сайлау Айнабеков ағай қатты әсер етті. Кейін ол кісінің жолымен жүріп, физика пәнінің мұғалімі болдым. Өмірдің түрлі мектебінен өтіп, кейінгі он бес жылдан бері орта білім беру мекемесінде директор болып еңбек етіп келе жатырмын. Жалпы өмір мектебінен түйгеніміз көп қой. Оның ішінде түйсінгенім, мұғалім өз мамандығына қойылар түрлі талаптарға асқан жауапкершілікпен қарайтын болса ғана ұстаз деген атқа лайық болады, – деді ол. Бүгінде екі ұлдан алты немере көріп отырған Тұмаркүл Сәдібайқызы жақында зейнет жасына толды. Басшылық қызметі оқу жылы аяқталғанға дейін жалғаса жатар. Дегенмен ел үшін еселі еңбек еткен білікті педагогтың айтуынша, әже үшін бақыттың мәні – немересін баққанында.

 

НҰРЫМ СЫРҒАБАЕВ