Мал қыстатудың да машақаты көп
Ежелден жердің құнарын, желдің ығарын біліп, қоныстанатын көшпелі қазақ халқының атакәсібі малшаруашылығы болғандықтан өмірін, тұрмыс-тіршілігін төрт түлік малдан бөліп қарай алмайсыз. Өйткені қазақ жер іздесе, бір жақтан ауа көшсе бірінші өзінің жан рақатын емес, мал рақатын ойлаған халық. Малына жайлы жер іздеп, оны қыстатуға, көктемде аман-есен төлін алуға айрықша назар аударған. Сондықтан да шығар, халық арасында «Арқада аяз болмаса, арқар ауып несі бар» немесе «Таудағы бұғының мүйізі қағылса, ойдағы сиырдың мүйізі сырқырайды» деген сияқты сөз тіркестерінің болуы да тегіннен-тегін емес.
Ашатұяқтының күйіс қайыруынан күн райын білген бұл халықтың көшпенді болуының да бір себебі малға жайлы жер іздеуінен болса керек. Заманнан заманға жалғасқан бұл үрдіс бүгінге дейін өз құнын жойған жоқ. Биыл қыс аса қатты да, аса жылы да болған жоқ. Негізінен мұндай қысты жайлы қыс деп атауға болады. Алайда қыстың жайлы-жайсыздығын жинаған жемшөп мәселесі шешетінін де ұмытпағанымыз абзал. Ал облысымызда 2023-2024 жылғы қыс мезгіліне барлық санатттағы шаруашылықтарда 536 мың мүйізді ірі қара, 4 023 мың ұсақ мал (қой-ешкі), 190 мың жылқы, 8,6 мың түйе қыстап жатыр. Жалпы аудандарда барлығы 5 862 мал қыстату орны бар, оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдарда, яғни құм зонасында орналасқан.
Аудан әкімдіктерінің соңғы ақпаратына сүйенсек, қыстаулардағы малшыларға арналған 5 564 тұрғын үй, 2 184 қашар, 936 баз жөндеуден өтіп, қыс мезгіліне толықтай дайындалған. – Биылғы көктем-жаз мезгілі қолайлы келгендіктен шабындықтарда табиғи шөп мол болып, мал азығын дайындау науқаны жақсы өтті. Қыс мезгіліне дайындық шаралары барысында егістік алқаптар мен табиғи шабындықтардың есебінен 2 104,5 мың тонна пішен, 413,4 мың тонна сабан, 87,2 мың тонна пішендеме, 76,5 мың тонна сүрлем дайындалды.
Қыстауға түсетін мал санына қарай барлық санаттағы шаруашылықтарға 513 мың тонна құнарлы жем азығы қажет етіледі. Ал дәнді дақылдар балансына сәйкес аудандарда мал азығына дәндік жүгеріні есептегенде 350 мың тонна дәнді дақылдар бөлінді, бұл қажеттіліктің 68 пайызын құрайды, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы малшаруашылығы бөлімінің басшысы Сражаддин Сүлейменов. Сондай-ақ 2022-2023 жылғы қысқа түсетін әрбір шартты малға 12 центнер азық дайындалған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 9 центнерді құраған. Ал дайындалған шөптің негізгі бөлігі қыстау орындарына жеткізілген. Жалпы биыл жемшөп бағасы да аса қатты өсіп кеткен жоқ. Облыс аумағында 1 түк пішеннің бағасы тұрақты 600-1000 теңге аралығында болса, 1 килограмм құнарлы жем бағасы 100-110 теңге көлемінде саудалануда. Бұдан бөлек облыс көлемінде жылдық қуаттылығы 89 400 тонна құнарлы жем шығаратын ірі 4 кәсіпорын жұмыс істеуде. Бүгінгі күнге осы кәсіпорындарда 35 мың тоннадан астам құнарлы жем өндірілген. Сондай-ақ аудан әкімдеріне елді мекендерде осы кәсіпорындардың сату нүктелерін ұйымдастыру міндеттелгенін де тілге тиек еткен малшаруашылығы бөлімінің басшысы С.Сүлейменов субсидиялау мәселесінің де маңызы зор екенін атап өтті.
– Мал қыстатуға дайындық шараларына сәйкес мал азығын сатып алу, жұмысшыларға жалақы төлеу, жем дайындауға арналған құрал-жабдықтарды жаңарту және басқа да маңызды маусымдық жұмыстарды орындау үшін асылтұқымды малшаруашылығын дамытуды, малшаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы арқылы шаруаларға 5,1 миллиард теңге субсидия төленді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінің есебінен есебінен Жамбыл облысына 5 071 миллиард теңге қаржы бөлініп, ол шаруаларға желтоқсан айында төленді. Жоғарыда атқарылған жұмыстардың арқасында 2023-2024 жылғы қыс мезгіліне арналған мал азығының қоры жеткілікті, – дейді ол. Қыстау барысында қауіпті індеттердің алдын алу – басты міндеттердің бірі. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ақпаратына сүйенсек, олар ауылшаруашылық жануарларын вакцинациялау және диагностикалық зерттерулер жасау мақсатында жоспарланған іс-шараларды өз деңгейінде жүргізген. Облыстық ауылшаруашылығы басқармасының ұсынысымен барлық аудан әкімдерінің басшылығында мал қыстатуды өткізу бойынша жедел штабтар құрылған. Штаб мал қыстату барысында туындауы мүмкін болған мәселелерді шұғыл түрде шешуге, қажет болған жағдайда аудандағы ірі кәсіпорындардың техникасын, басқа да ресурстарына ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді.
Облыстағы барлық санаттағы агроқұрылымдарда қыс мезгіліне 1 347 трактор, 758 автомашина дайындалған. Бұдан бөлек аудан әкімдіктеріне арнайы техникасы бар ірі кәсіпорындармен қажетті жағдайда техника бөлу туралы меморандумдар қабылдау тапсырылған. Ал шаруалар болса, «биылғы қысты жайсыз болды дей алмаймыз, бұйырса, көктемге малдың төл шығынысыз шығамыз» деген сенімде. – Ұлу жылы қарсыз болған жоқ. Алайда биыл жылдағы суық жоқ. Қазір енді қазақтың жыл есебі бойынша «ақпан-тоқпан» айлары өтіп жатыр. Негізінен қысты да аяқтап қалдық. Қазірге малымыз күйлі. Өріске де бір уақыт шығып, күн нұрына қақталып келіп жатыр.
Бұл жалпы жақсылықтың нышаны. Оның үстіне биыл жарқанаттың ерте оянып кетуі сияқты түрлі табиғат құбылыстарына да куә болып қалып жүрдік. Бұл жылдың жайлы, көктемгі күн райының шуақты болатындығын білдірсе керек, – дейді малшы Ермұқан Жалғасбек. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі күні малшаруашылығындағы ең маңызды науқан мал қыстату науқаны өте жайлы өтуде. Бұл науқанның шығынсыз өтуі келер жылғы мол өнімнің де кепілі деген сөз. Сондықтан мал қыстатуды ұйымшылдықпен өткізу үшін барлық кешенді шаралар атқарылып, әр аптада аудандардан шұғыл ақпарат жинақталуда. Иә, амандықтың өзін «мал басынан» бастап сұрайтын қазақ үшін қыстың көзі қыраудан төрт түлігін аман алып шыққанының өзі төрт құбыласы теңескенмен тең емес пе қашанда?!.
Шапағат ӘБДІР