Білім

«Қазақ әдебиеті» оқулығының ерекшелігі

Қазір мектеп оқулықтарының сапасын жақсарту, мектеп оқушыларын көркем шығармалармен қамтамасыз ету, оқулықтарды сараптау және оқу үдерісіне енгізу барысында Оқу-ағарту министрлігі тарапынан көптеген жұмыс іске асырылып жатыр.

Бәсекеге қабілетті болу үшін жастарымыз білімді болуы керек. Өскелең ұрпақ білімнің іргетасын мектепте қалайтындықтан мектеп оқулықтарының сапасы қоғамда өзекті мәселеге айналды. Мектепте оқытылатын пәндерге, соның ішінде тәрбиелік, танымдық, эстетикалық байлықты көркемсөз арқылы беретін «Қазақ әдебиеті» пәніне деген оқушылардың құштарлығын арттыруымыз керек. Бұл – мемлекет пен министрліктің, не болмаса оқулық авторлары мен мұғалімдердің ғана емес, ұлт болашағына алаңдайтын, келешекке сенім артатын баршамыздың міндетіміз. Әлемдік деңгейдегі озық жаңалықтардың алдымен оқу-білім саласын қамтитыны белгілі. Сондықтан қазір еліміздегі орта және жоғары мектептер Блум таксономиясы бойынша оқытылып, PISA (Programme for International Student Assessment), TIMSS сияқты оқушылардың функционалдық сауаттылығын тексеру мен бағалаудың халықаралық бағдарламасына енді.

Бұлар – оқушылардың қабілетін тексеру мен бағалаудың үздік бағдарламасы ретінде танымал. Осы бағдарламалар бойынша мектеп мұғалімдері кейінгі жылдары деңгейлеп оқыту мен жаңартылған білім мазмұнын игеру үшін біршама семинарға қатысып, білімін жетілдірді, біліктілігін арттырды. Жалпы білім беретін мектептерге арналған жаңартылған білім беру бағдарламасының мақсаты «азамат ретінде көзқарастарын қалыптастыруда және мінез ерекшеліктері мен құндылықтарын, жеке дағдыларын дамытуда, адамзатқа ортақ сұрақтарды зерттеуде әдебиеттің маңыздылығын айқындай білуді және түсінуді үйрету. Пән мазмұнында әдебиеттің тарихпен, мәдениетпен, қоғаммен, тәрбиемен сабақтастықта меңгертілуі оқушының дүниетанымын, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыруға оң ықпал етеді», деп көрсетілген. Көріп отырғанымыздай, бағдарламаның мақсаты айқын.

Осы бағдарламаға сүйене жазылған, «Мектеп» баспасынан жарық көрген 5-9-сыныптарға және 10-11-сыныптардың қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттарына арналған «Қазақ әдебиеті» оқулықтарында оқушылардың шығармашылық жұмыспен айналысуына мол мүмкіндік қарастырылған. Оқулықтың негізгі мақсатын толыққанды түсінген мұғалімдер жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Оқушылардың шығармашылық жұмыстарын арттыру мақсатында барлық сыныптың оқулықтарында жеткілікті дәрежеде тапсырмалар берілген. Атап айтатын болсақ, 6-сыныпқа арналған «Қазақ әдебиеті» оқулығында аңдатпа, тірек сөздер, суреттер, кестелер және тапсырмалар сауатты түрде бағдарламаға сай жасалған. Сонымен бірге «Зерттедік!», «Артық болмас білгенің», «Сөз сыры», «Шығармашылық зертхана», «Жас ғалымға көмек» айдарлары мен кері байланыс түрлері кездеседі. Осы үрдіс аталған баспа оқулықтарының барлығында дерлік мұқият сақталған. Осылардың барлығы пән мұғалімдерінің жұмыстарын едәуір жеңілдететіні белгілі.

Оқулықта берілген тапсырмаларды дамыта оқыту, жаңа әдіс-тәсілдермен түрлендіре жеткізу ұстаздардың шеберлігін талап етеді. Осы тұрғыдан қарағанда мектеп мұғалімдері үнемі ізденіс үстінде жүргені абзал. «Мектеп» баспасында жарық көрген оқулықтардың барлығы электронды форматқа көшірілген. Бұл электронды оқулықтар интерактивті тапсырмалармен, аудиоматериалдармен, бейнематериалдармен, мультимедиалармен толықтырылып, ағымдағы оқулықтар сияқты сараптамадан өтіп, қазір мектептерде қолданылып келеді. Бұл сатылы сараптамаларды ұйымдастыруда республикалық «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы жемісті жұмыс істеп жатыр. «Қазақ әдебиеті» оқулығына қатысты айтылатын келесі мәселе – әдебиеттің тарихы туралы. Бұған дейін ұлттық әдебиеттің тарихы хронологиялық жүйемен оқытылғаны белгілі.

Қазір қолданыстағы оқулықта осы жүйе тоқсан бойынша жүзеге асады. Атап айтсақ, 5-9-сынып аралығындағы І тоқсанда ауыз әдебиеті, ежелгі дәуір, орта ғасырлар, хандық дәуір әдебиетінің үлгілері оқытылады. ІІ тоқсанда – жыраулар поэзиясы мен ХІХ ғасыр әдебиеті, ІІІ тоқсанда – ХХ ғасыр әдебиеті, ІV тоқсанда – қазіргі қазақ әдебиеті, яғни тәуелсіздік тұсындағы әдебиет қамтылған. Осылайша мектеп оқушылары әдебиеттің арғы-бергі тарихынан түгелдей хабардар болады. Мәселен, 5-сыныптың І тоқсанында «Керқұла атты Кендебай» ертегісін, «Қобыланды батыр» жырын, «Асанқайғының жерге айтқан сыны» аңызын оқыған бала 6-сыныптың І тоқсанында «Аяз би» ертегісімен, «Алып Ер Тұңға» жырымен танысады. Осы үлгі бойынша бір сыныптан екінші сыныпқа өткенде төменгі сыныптағы білімдерін толықтырып, жетілдіріп отырады. Оқулықтарда көптеген ақын-жазушының шығармашылығы қамтылмағанымен әр дәуірдің көрнекті өкілдері арқылы ұлттық әдебиеттің тұтас тарихын сақтау көзделген. Қолданыстағы «Қазақ әдебиеті» оқулықтарының келесі жетістігі – жалпы адамзаттық және ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл аударылуы болып отыр. Кеңестік дәуір тұсында тарихымызды Қазан төңкерісінен бастасақ, қазіргі таңда сақ, ғұн дәуірінен бастау алатын тарихымызды түгендеуге мүмкіндік туды. Сол арқылы сан ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлы даланы мекен еткен көшпелілер өркениетін оқытуға бет бұрдық. Тағы бір көңіл бөлетін мәселе – оқулықтардағы пәнішілік, пәнаралық байланыс. Бұл үрдіс ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының мектепке арнап шығарған оқулықтарында да негізге алынған.

Оған жас ұрпақты жаңаша тәрбиелеу, жаңаша білім беру мақсатындағы А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабаев, Х.Досмұхамедұлы, Е.Омарұлы, Н.Төреқұлұлы, М.Дулатұлы, С.Қожанұлы, Ә.Ермеков, Ф.Ғалымжанов, Б.Сәрсенов, И.Тұрғанбаев, Қ.Кемеңгерұлы, Т.Шонанұлы және тағы да басқа зиялылардың оқу құралдарынан мысал келтіруге болады. Оқу-ағарту саласында Алаш арыстары қалыптастырған жаңашылдықтың ХХІ ғасырда заңды жалғасын табуы – құптарлық дүние. «Қазақ әдебиеті» оқулығы, хрестоматия, әдістемелік нұсқаулықтарда әдебиеттің тарихымен бірге теориясынан да біршама мағлұмат берілген. Осылайша оқулық кешенінде орта мектепті бітірген оқушылардың ұлттық әдебиеттегі жанрларды түгелдей игеріп, толық мағлұмат алып, қазіргі әдеби үдерісті бағалай білетін, өзіндік сыни пікірін білдіруге қабілетті болып шығуы көзделген. «Қазақ әдебиеті» пәнінен алған білім – оқушының өміріне азық. Сондықтан оның іргетасын мектепте берік етіп қалаған жөн.

Гүлжаһан ОРДА,

филология ғылымдарының докторы, профессор,

мектеп оқулығының авторы