Жаңалықтар

Арманым - журналист болу

«Журналист болсам» деген ақ қанатты арман 7-8-сыныптан бастап көңілімнің төріне ұялады. Бірте-бірте сол ойым мені шығармашылыққа жетеледі.

 Журналист – қадірлі мамандық. Ол қоғамның тыныс-тіршілігіне етене араласып, жылт еткен нәрсені жанына түйіп, өзі сөз етер кейіпкердің болмысына бойлай еніп, әр саланы салмақтай білетін мамандық иесі. Осы жағы мені қатты қызықтырады. Журналист әр нөмірдегі материалдарды салмақтылығымен саралап, таңдануға емес, талғамға жүгінеді, көтерген мәселені түбіне жете талдайтынын білемін. Білемін де, «мен де сондай болсам ғой» деп арманымды ұштай түсемін.

Нені жазсам да ойдың өрісін үзіктірмейтін, сөздің сөлін жоғалтпайтын қаламы қарымды журналист болуды алдыма мақсат етіп қойдым. «Журналист – адам жанының инженері» деген сөз бекер айтылмаса керек-ті. Қандай тақырыпты қозғаса да журналист сөз етер кейіпкерінің жүрегіне үңіліп, бар болмысын оқырманға боямасыз жеткізе білуімен ерекшеленетіні мені қатты қызықтырады. Журналист болу үшін алдымен дарын керек екенін де жақсы білемін. Бір дарын аздық ететіні тағы белгілі.

Өмірді, жазатын тақырыбын жақсы білмеген жанның жақсы шығарма тудыра алмайтынын түсінгендіктен көп ізденіп, көп оқуды алдыма мақсат етіп қойдым. Күнделікті басылымдардан ел жаңалығы мен әлеуметтік тақырыптағы, көкейде жүрген проблемалық мақалаларды көп оқимын.

Маған облыстық «AR-AI» жастар газеті көтеріп жүрген тақырыптар мен өзекті мақалалар жаныма жақын. Осыларды оқып отырып, мақаланың жазылу стиліне көп мән беремін.

Журналиске алуан түрлі білім, жаңа ойлар, бай материал, төзімділік, жауаптылық керек екенін түсініп, өзімді сол қасиеттерге осы бастан дайындап жүрмін. Мен биыл 11-сыныптың оқушысымын. Мектепті тәмамдауға да аз ғана уақыт қалды. Алда болашаққа бастар үлкен жол күтіп тұр. Мен журналист жолын таңдадым. Арманым – асқақ, мақсатым – айқын.

Таңнұр ҚАМБАРБЕК,

А.Дәулетбеков атындағы орта мектептің 11-сынып оқушысы,

Майтөбе ауылы, Талас ауданы