Әлеумет

Психологтар тәжірибелерін толықтырды

Бұрнағы жылы ҚР Қорғаныс министрлігі 2022-2025 жылдарға арналған «Өмірді сақта» бағдарламасын бекіткен болатын. Бұны – әскердегі суицид, әлімжеттік, өлімге әкелетін оқиғалардың алдын алуға және онымен күресетін кешенді жоспар мен мемлекет деңгейіндегі ауқымды бағдарлама деп айтуға болады. Қазір аталмыш бағдарлама аясында түрлі іс-шаралар өткізіліп, ауқымды жұмыстар қолға алынуда.

 Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының психолог офицерлері кездесу өткізіп, онда «Әрбір сарбазға тиісті көзқарасты қалай табуға болады? Олар әскери жағдайларға бейімделуі үшін нендей көмек керек?» деген секілді өзекті мәселелерді талқылады.

Әскери психологтар атқарылған жұмыстардың нәтижелерін талқылап қана қоймай, кәсіби біліктіліктерін арттыра алды. Осы мақсатта әскери психологтардың жұмысына облыстағы жоғары оқу орындарынан оқытушылар шақырылды. Жұмыс тәжірибесімен бөлісу үшін басқосуға облыстық полиция департаменті мен төтенше жағдайлар департаментінің психологтары, облыстық психикалық денсаулық орталығының мамандары да қатысты. Кездесуде әскери психологтар университет оқытушылары мен құқық қорғау органдарындағы әріптестерінің практикалық іс-әрекетінен алынған мысалдарды қызығушылықпен тыңдады.

Оқу-жаттығу жиынына шақырылған М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері де іс-шараның игілігін көрді. Олар жиыннан мол тәжірибе жинақтап, тренингтерге қатысты. – Оқу-әдістемелік жиын біздің психолог-офицерлердің жұмысында жақсы тәжірибелік көмек болды. Басқа бөлімдердің мамандарымен тәжірибе алмасу біз үшін пайдалы.

Бұл әскери қызметшілердің, әсіресе мерзімді әскери қызметшілердің жеке қасиеттерін және олармен жұмыс істеу әдістерін зерделеуде практикалық дағдыларды меңгеруге тамаша мүмкіндік, – деп атап өтті іс-шараны ұйымдастырушы А.Төлеутаева. Адамдармен жұмыс істеу және моральдік-психологиялық көмек көрсету психологтардан үлкен психикалық күш пен энергияны жұмсауды талап етеді. Сондықтан жиынға қатысушылар жеке құраммен психологиялық жұмыстың принциптері мен әдістерін ғана талқылап қоймады.

Сарбаздармен жұмыс кезінде қалай тапқырлық танытып, эмоционалдық тепе-теңдікті сақтау керектігі әңгімеге арқау болды. Сарыөзек гарнизоны, 29108 әскери бөлімінің офицер-психологі, аға лейтенант Әлішер Машрапов басқосудан алған білімі көп болғанын айтады. – Әскери психолог – ең алдымен, жай ғана адам. Оған да қолдау қажет болуы мүмкін. Олардың да жабырқап, мазасыз күй кешетін кездері кездеседі. Сондай сәттерде біз әріптестерімізге көмекке келуге, кеңес беруге, қолдау көрсетуге тиіспіз.

Кездесуден көп жаңа дүниені бойымызға сіңірдік. Бізді қызықтырған сұрақтарға жауап алдық, жаңа әріптестермен танысып, бұрыннан таныс адамдармен жолығып бір марқайып қалдық. Жалпы оқу-әдістемелік жиынның біз үшін кәсіби тұрғыдан алғанда пайдасы зор болды, – деп атап өтті.

Кездесу соңында офицерлік психологтарды одан әрі сапалы жұмыс істеуге ынталандыру мақсатында үздік психологтар марапатталды. Оларға психологтардың символы – «Psi» латын әрпі бейнесіндегі мүсін сыйға тартылды. Сондай-ақ полктердің, бригадалардың және жеке бөлімдердің үздік әскери психологтары да марапатқа ие болды.

Жаңа біліммен қаныққан, тәжірибе жинақтаған және жақсы жұмысы үшін марапатталған «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының психологтары өздерінің әскери бөлімдеріне шабыттанып, үлкен жігермен оралады. Алдағы жұмыстардың қарсаңында, атап айтқанда, көктем айында ҚР Қарулы Күштерге әскер қатарына шақырылғандар қатарынан жас сарбаздар келеді. Сол сәтте психолог мамандар кездесуден алған тәжірибелерін іс жүзінде қолдануға ниетті.

Ақтоты Жаңабай