Жат жерде от кешкендер
Биыл Ауған жерінен Кеңес әскерлерінің шығарылғанына – 35 жыл. Ақиқатқа жүгінсек, біз үшін сол бір майдан мағынасыз соғыс еді. Бір емес, он жылға созылған соғысқа КСРО құрамындағы елдердің ішінде Қазақстаннан да 22 мың адам қатысып, олардың 761-і қаза тапса, 21-і хабар-ошарсыз кеткен еді. Ал аман қалғаны бүгінгі берекелі бейбіт күндердің шуақты шақтары мен сәулелі сәттерін тамашалап жатқан жайы бар.
Атаулы датаға орай барлық өңірде концерттер мен фотокөрмелер өтіп, интернационалист-жауынгерлердің мектеп оқушыларымен кездесулері ұйымдастырылуда. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінде де есте қаларлық мерейтойға арналған бірқатар іс-шара өтті. ҚР Қарулы Күштеріндегі әскери қызметшілер соғысты бастан өткерген барша жауынгерлерге құрмет көрсетті. Алайда сарбаздар өз араларында жүрген, яғни әріптес «ауғандықтарға» ерекше назар аударады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бөлімшелеріндегі Ауған соғысына қатысқан әскери қызметшілер сол елде әскери борышын өтеген және әлі күнге дейін Қарулы Күштер қатарында еңбек етіп келеді. Қолбасшылық құрамында осындай он жауынгер бар. Тәжірибелі мамандар мен жауынгер-интернационалистер әртүрлі әскери бөлімдерде, мысалы, жөндеу-қалпына келтіру бөлімшелерінде, әскери техниканы қызметке қайтаруда өз жұмыстарын мінсіз атқаруда. «Ауғандықтардың» тәжірибесі әсіресе қауіпсіздік саласында сұранысқа ие.
Әріпжан Елубаев әскерден туған ауылы Асаға оралғанда, одан төрт жас кіші Бауыржан Атабеков әлі он алты жасар бала еді. Бірақ зұлмат соғыс 1989 жылға дейін жалғасқандықтан Бауыржанға да Ауғанстанда от кешу тағдыры бұйырды. Кейіпкерміз 1985 жылдың қазанынан 1987 жылдың қарашасына дейін Ауғанстанда Баграм қаласында әскери борышын өтеген. БМП-2 барлау ротасының атқыш-операторы болған. Ол Ауғанстандағы соғыстан аман-есен оралды. Алайда майданнан жарақатсыз оралу ілуде бір болатын жайт. Бауыржан да осы азапты бастан өткерген. Снарядтан болған күшті жарылыс толқыны нәтижесінде оның миы шайқалған. Сондықтан әлі күнге дейін бір құлағы нашар естиді. Майданнан кейін сарбаздардың әрқайсысының жеке өмірі ел қызығарлықтай өрбіді. Әріпжан Елубаевтың қасында әрқашан өзінің адал жары Нұрила болады.
Үлгілі жанұя жақында 35 жылдық мерейтойын тойлады. Әріпжан мен Нұрила немерелерін бағып отырған өнегелі ата-әже. Атабековтер отбасы да ынтымағы мен бірлігі жарасқан мерейлі отбасылардың қатарында. Бауыржан мен оның жұбайы Фируза қазірдің өзінде тоғыз немере сүйіп отыр. Бақытты отағасы мен отанасы енді кенже ұлын үйлендіріп, тағы да балдай тәтті немерелердің қызығын көруді армандайды. Әріпжан Елубаев пен Бауыржан Атабеков ұрпақтарына бейбіт өмірді бағалауды үйретуді міндеті деп санайды. – Соғыстың сұмдығы әлі күнге есімізде. Зеңбіректер мен мылтықтың даусы құлағымыздан кетер емес. Атыс-шабыстан аулақ, бейбіт өмір сүру шын бақыт екенін біз жақсы түсінеміз.
Сондықтан қазіргі ұрпақ осы тыныштықтың қадіріне жете білсе деп тілейміз, – дейді «ауғандық» ардагерлер. Жерлестеріміз Ауғанстандағы интернационалдық борышын бірге атқарған барлық командирлері мен әріптестерінің есімдерін әлі күнге дейін ұмытпайды. Олар елге қаруластарымен байланысты үзбей араласып тұрады, жат жерде жанын қиғандарды қимастық сезіммен еске алады. Бұл жауынгерлер соғыс туралы егжей-тегжейлі сөйлескенді ұнатпайды. Бірақ олар қан майданның куәгерлері ретінде елімізді тыныштық жайлағанын, әрбір жанның амандығын тілейді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында бірге қызмет ететін жас әріптестері қос жауынгердің тілегін де, өздерін де қатты құрметтейді.
Соғысқа қатысқан, бейбіт өмірдің қадірін білетін адамдар олар үшін әрқашан ақылшы. – Барлық әскери қызметшілерімізбен бірге біз интернационалист-жауынгерлер Әріпжан Елубаев пен Бауыржан Атабековті ерекше құрметтейміз. Оларды кәсібилігі мен адами қасиеттері үшін бағалаймыз. Сұрапыл соғыс куәгерлерін үнемі жас жігіттерге үлгі етіп отырамыз. Жұмысқа жауапкершілікпен қарап, барлығымен тіл табыса білген ағалар әскери бөлімнің ұжымы арасында айтарлықтай беделге ие, – деп атап өтті 63563 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, подполковник Денис Скуридин. Отан алдындағы азаматтық міндетіне адал болып, әскери қызмет өткергеннен кейін де бұл сарбаздардың қызметте жүргенін жерлестері жоғары бағалайды.
Ақтоты Жаңабай