Аграрлы ауданның «Aq altyn»-ы
Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Ауасы таза, шөбі шүйгін, суы мол қасиетті өңірде жыл санап төрт түлік малдың саны да артып келеді. Қазіргі таңда өңірде мүйізді ірі қараның басы 50 мыңға жетіп жығылса, оның ішінде сауынды сиыр 25 мыңға жуықтайды. Тиісінше өңірде сүт кластерін дамытуға да мүмкіндік мол.
Қазір ауданда күнделікті сүт қабылдап, одан түрлі өнімдер шығаратын тоғыз бірдей кәсіпорын тұрақты жұмыс істеуде. Осыған сәйкес аудандағы сүт өңдейтін кәсіпорындарды шикізатпен толықтай қамтамасыз етіп, зауыттардың жүктемесін арттыруға күш салу өте маңызды. Жалпы өңірдегі сүт өңдеу саласында кейінгі жылдары бірқатар проблеманың туындап отырғанын да жақсы білеміз. Оның өзіндік себептері де жоқ емес. Өңірдегі сүт өңдейтін зауыттардың ішінде соңғы бес жылдықта іске қосылып, өндірістік қуатын арттырған «LF Company» ЖШС-ны өзінің жұмыс қарқыны мен өнім сапасы жағынан болсын басқа кәсіпорындардан ерекшеленіп отыр деп айтуға болады.
Аудан орталығында орналасқан сүт өңдейтін кәсіпорын 2019 жылдың ақпан айында өз жұмысын бастап, қазіргі таңда отандық нарықта өзіндік брендін қалыптастырып үлгерді. Жұмысы ілгері басқан шағын зауытта сүт өнімдерінің 14 түрі шығарылып, отандық нарыққа қолжетімді бағамен өткерілу үстінде. Компанияда жасалған өнімдердің барлығы дерлік табиғи жолмен өндірілген экологиялық таза өнімдер. Жақында аталған серіктестіктің сүт өңдейтін шағын зауытында болып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз.
Серіктестіктегі күнделікті өндіріс барысында арнайы сүзгіден өткізілген таза су қолданылады. Күнделікті сүт құйылатын ыдыстар мен қондырғылардың таза жуылуына сумен қатар, бу генераторының да атқаратын рөлі зор. Жалпы қабылданған сүтті дайын өнімге айналдырмас бұрын сүттің сапасы мен тазалығы, майлылығы кәсіпорынның зертханасында мұқият тексеруден өтеді. Қондырғыларда залалсыздандырылған сүт содан кейін ғана өндіріске жіберіледі.
Өнім шығарушылардан – тәжірибелі маман Дамира Мырзахметова құрт цехының жұмысына жауапты, ал Роза Тілеуқұлова сарымай жасаумен бірге зертхананың жұмысына да араласып, сүт сапасын тексерудің қыр-сырына қанығуда. Білікті маман Фарида Ержанованы чечил, сулугуни ірімшіктерін дәмді етіп жасаудың нағыз шебері дерсің. Қазіргі таңда кәсіпорында тәулігіне орта есеппен 1,5 тоннаға дейін сүт қабылданып, одан 100 келіге дейін құрт, 50 келі сарымай, онымен бірге ірімшіктің бірнеше түрі, тағы басқа сүт өнімдері шығарылады. Құртты кептіруге және чечил ірімшігін ыстауға арналған арнайы шкафтар да бар.
Ақпан айынан бастап шаруашылықтарда сиырлар жаппай төлдеп, тиісінше, сауылатын сүттің көлемі де көбейеді. Сол себепті кәсіпорын сүтті молынан қабылдап, оны тәулігіне үш тоннадан асыруды көздеп отыр. Біз кәсіпорында болғанда білікті мамандар Д.Мырзахметова құрт жасап жатса, ал Фариданың чечилді қолмен созып жатқанына куә болдық. Жалпылама айтқанда, кәсіпорынға дайын өнім шығаратын және өнімді орау және қаптау цехтарының барлығында жұмыс қарқынды жүргізілуде.
Кәсіпорында таңертең шикізатты қабылдағаннан бастап, оны дайын өнімге айналдырып, буып-түйіп жөнелтуге дейінгі аралықтағы жұмыс процесі бір тынбайды. Мұндағы әрбір маман өз міндеттерін бес саусағындай жақсы біледі. Ең бастысы, олар сүттен сапалы және экологиялық таза өнім шығару ісіне барынша күш салуда. Кәсіпорында жүргізуші-экспедиторлар, зауыт өнімін насихаттап, тарататын мамандар, сонымен қатар әртүрлі жұмыстармен айналысатын жұмысшылар және көлік жүргізуші, күзетшілер жұмыс атқарады. «LF Company» ЖШС-ның сүт өңдеу кәсіпорнында өндірілген айран, сарымай, құрт, чечил және сулугуни ірімшіктері, брынза және қаймақ өнімдері негізінен «Aq Altyn» сауда белгісімен отандық нарыққа өткерілуде.
Өндіріс жетекшісі – С.Матеева басқа өнімдерге қарағанда тұрақты тұтынушылардың тарапынан пластик бөтелкедегі айран мен термоқаптамадағы құртқа сұраныстың жоғары екенін айтады. Атап айтқанда, дайын өнімдер өз өңірімізбен қатар Тараз қаласына (Таразда серіктестіктің 3 фирмалық дүкені жұмыс істейді), одан бөлек облыстың Меркі, Т.Рысқұлов, Талас және Сарысу аудандарының орталығына, сондай-ақ Ақтау, Түркістан қалаларына тұрақты өткерілсе, таулы өңірдің сүтінен жасалған бренд өнімдер Қазақстанның үлкен мегаполистері – Шымкент, Алматы және Астана қалаларында да танымалдылыққа ие.
Нұржан Манасұлы,
журналист, Жуалы ауданы