Бабадан ерлік – балаға үлгі
Биыл Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл. Мереке қарсаңында Жамбыл политехникалық-жоғарғы колледжінде «Бабадан ерлік – балаға үлгі!» атты ауған соғысы ардагерлерімен кездесу өтті. Жиынды облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының облыстық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.
Келелі кездесудің мақсаты – жастардың бойында әскери-патриоттық тәрбие қалыптастыру, отансүйгіштікке баулу, әскери құндылықтарды насихаттай отырып азаматтық жауапкершіліктерін орнықтыру. Сондай-ақ «Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» деген қағиданы ұстанып, жас ұрпақты тарихымызды тереңнен тануға баулу, жастардың Отан тарихына деген сүйіспеншіліктерін арттыру. Жеңіс салтанатын көре алмай кеткен боздақтардың ерлік істеріне тағзым етуге, өз халқымыздың тарихын құрметтей білуге, дүниежүзіндегі басқа ұлт өкілдерінің достығын нығайтуға тәрбиелеу де іс-шараның негізгі бағыттарының бірі.
Олар өмірлерінің өлшеулі бір бөлшегін, жауқазын жастық шақтарының үлесін оқ пен оттың арасында өткізген күндері туралы колледж студенттерімен ой бөлісіп, қазіргі жастарға бейбіт өмірді сақтауға, түрлі арандатушылыққа бой алдырмауға, Отанды қорғауға дайын болуға шақырды. Облыстың Құрметті азаматы Дүкенбай Ермеков болса, қазақстандық жауынгерлердің өшпес ерліктері ұрпаққа ұран екендігін баса айтты. – Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады.
Сондай-ақ соғыс куәгерлері болашақ ұрпаққа ондай нәубетті жылдар қайталанбасын деген ниетпен жастарға ақ батасын берді. Өз кезегінде жастар да кеш қонақтарына өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, ойларымен бөлісті. Кездесудің соңы айтыскер ақын Берекет Қосбергеннің арнауымен аяқталды.
Мадина Ахтанова, Тараз қаласы