Руханият

Ауған соғысының тарихи мәні

Бүгінде айтуға оңай болғанымен өткен күннің белгісі болып тарихтың қойнауында қалып бара жатқан тағы бір қасіретті жылдар – 1979-1989 жылдар аралығында өткен Ауған соғысы. Географиялық тұрғыдан алып қарасақ, шекарасы айдалада жатқан бұл мемлекеттің қазақ даласына қандай қатысы бар дер бүгінгі ұрпақ. Дегенмен сол кезеңнің саяси-тарихи ықпалымен бұл соғыс та қазақ тарихының қасіреттер тізіміне енді.

 Сол кезеңдері бүгінгі егемен Қазақстан территориясы «КСРО» деген алып одақтың құрамында болып, соның ықпалымен қазақ сарбаздары да бұл соғысқа қатысып, жат жерде мәңгі сая тапқаны да қаншама. Бүгінде бұл тарихи оқиғаға қатысты тарихшылар мен саясаттанушылардың беріп жатқан өз бағасы бар. Ал біз үшін, бүгінгі ұрпақ үшін бұл қасіреттің тірі куәгерлерімен жүздесіп, тарихтан сабақ алу парызымыз деп білеміз. Сондықтан да биыл баршамыз интернационалист-жауынгерлердің бейбіт өмірге қайта аяқ басқанына 35 жыл толуын тарихи сабақ ретінде атап өтіп келеміз. Сондай іс-шаралардың бірі Ш.Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында «Ауған соғысы және оның тарихи мәні» тақырыбымен өтті.

Оған Ауған соғысының ардагерлері, Тараз қаласындағы №9, №20 орта мектептердің 10-сынып оқушылары мен Жамбыл теміржол колледжінің 1-курс студенттері мен ұстаздары қатысты. Іс-шараны орталық директоры Сауран Қалиұлы бастап, келген қонақтарға жылы лебізін арнап, «өткен тарих – келер күннің сабағы» екенін де еске салды. Мекеме басшысының сөзін жалғап, іс-шараны тарихтану бөлімінің меңгерушісі Асылжан Шайділдаев тізгіндеді. Жиынға келген Ауған соғысының ардагерлері әскер қатарында болған бозбалалық шақтарын еске алып, өмірлік ой салған соғыстың сабақтары жайында әңгімеледі. Мәселен, «Жамбыл облысының интернационалист-жауынгерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керім Ізбасаров: «Мектептегі балалығымыздың, алдымызда сабақ берген аға буын ұстаздарымыздың қадірін сол майдан даласына барғанда білдік.

Өйткені Ұлы Отан соғысының ардагерлері айтқан естеліктерді өз басымыздан өткермеген соң, әрине, балалықпен ертегідей ғана көріп, тәрбиенің күшімен ғана тыңдаушы едік. Расында, бала болыппыз. Ал жасымыз келіп, әскер қатарына қабылданған соң мемлекет тарапынан ұйғарылған шешіммен Ауған жеріне аттандық. Бір ғана Билікөл деген кіші ауылдан 20 шақты бала сарбаз атанып, сол соғыстың бетін көрді. Ол дегенің қасірет емей, немене?! Әрине, ешкім де соғысқа дайын болып тумайды.

Оның сабағын басыңнан өткере, сол қиындыққа тап болып қана сезінесің. Ал дайындық дегеніміз – білім екен. Мектептегі ұстазымыздың артымыздан қуалап жүріп оқытқан география, физика, математика сабақтарында миымызда сақталған білімнің пайдасы біздің аман-есен келуіміздің кепілі болды. Елге оралғанда, ең бірінші, сол ұстаздарымызға алғыс айтқанымыз есімде. Бүгінде бейбіт күннің жастары бардың қадірін білсе дейміз. Өйткені келер күні не болары бір Құдайға аян. Әлбетте, біз тілек айтып, соғыс болмауын қалаймыз.

Дегенмен заман ағымы қалай өзгерсе де өзгермейтін бір заңдылықтар бар. Ол – адамға адам болуы үшін, тірі болуы үшін, ірі болуы үшін қажетті білім. Сондықтан да бүгінгі жиынға қатысушы балаларыма айтарым, уақытты жоғалтпай, миларыңа қажетті қор жинаңдар дегім келеді», – деп, өскелең ұрпаққа өз өсиетін жеткізді. Бұл сөздерге облыстық «Тәжік-Ауған ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғани Әбеков пен Сәбит Байсалиев қосылып, өздері қалай, қай жерден соғысқа аттанғаны турасында әңгімелеп, өзге елден оралмай қалған достарын еске алды. Кездесу соңында тыңдарман оқушылар, ұстаздар ардагерлерге ізгі тілектерін айтып, өз ойларымен бөлісті.

Назым Қожамарова, Ш.Мұртаза атындағы

Руханият және тарихтану орталығының бөлім меңгерушісі