Жаңалықтар

Инвестиция тартуды жандандыру қажет

Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жаңа өндіріс пен инновациялық жобалар – экономикалық өркендеудің негізі» тақырыбында өткен кезекті баспасөз мәслихатына облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев пен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев қатысып, баяндама жасады.

 Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, облыста өнеркәсіп саласында 859 кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда өткен жылы 847,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Облыстың өнеркәсіп құрылымында 71,2 пайызбен өңдеу өнеркәсібі басымдыққа ие болса, тау-кен өндірісі – 12,6 пайыз, электрмен жабдықтау 15,5 пайыз үлесті алып отыр. – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысында тапсырған еліміздің жалпы ішкі өнімін жыл сайын кемінде 6 пайызға өсуін қамтамасыз ету үшін салада біршама қарқынды жұмыстар атқаруымыз қажет. Осы мақсатта мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуда инвестиция тартуды одан ары жандандыру міндеті тұр.

Жалпы 2027 жылға дейін құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жоба іске қосылып, 6 362 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр, – деген Аспандияр Мұраталыұлы облысымызда іске асатын барлық инвестициялық жобаларды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін жүйелі жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. Сондай-ақ бос немесе игерілмей жатқан кен орындарын заманауи, озық технологияларды енгізе отырып өнімдер шығаруға ниетті компанияларға ұсыну бойынша жұмыстар одан әрі жалғасын табатынын мәлім етті. – Өздеріңізге белгілі, облысымыздағы жұмыс істеп тұрған ірі зауыттарымыздың көпшілігінде орнатылған жабдықтар ескірген. Мемлекет басшысы өз сөзінде осындай кәсіпорындардың жұмысына қатаң бақылау жасап, бұл өндірістердің техникалық жағдайына, ондағы еңбек қауіпсіздігі, экология, өндірісті жаңғырту сияқты маңызды мәселелеріне назар аудару қажеттігін айтты.

Сондықтан біз осындай өндірістерге кешенді жаңғырту, өндірістік қауіпсіздікті күшейту, материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытында инвестиция тартуды ұйымдастыруымыз қажет. Жалпы қолданыстағы өнеркәсіп өндірістерін кеңейту, жаңа өнімдер шығарып, импортқа тәуелділікті төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Мысалға алсақ, Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» серіктестігі алдағы уақытта цемент өндірісінің көлемін 100 мың тоннаға дейін арттыру үшін 8 миллиард теңге инвестиция салуды жоспарлап отыр.

Мұнан соң сөз алған облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев өңірдің тауар өндірушілерін қолдау бағытындағы палатаның жұмысы мен қызметіне тоқталды. Палата жиһаз саласының отандық тауар өндірушілерді және құрылыс материалдарын өндірушілерді «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатыстыру мақсатында сүйемелдеу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын айтты. – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептерді сапалы жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің өкімімен комиссия құрылды.

А.Орынбасарқызы