Жаңалықтар

40 жедел жәрдем көлігі берілді

Облыстағы алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 40 санитарлық жедел жәрдем көлігі табысталды. Осы жылдың соңына дейін тағы 30 бірлік қызметтік көлік беріліп, тозу деңгейі 47 пайыздан 18 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.

 Салтанатты шарада осылай деген аймақ басшысы саланы дамытуға бағытталған мұндай қолдаулар ауыл халқының тұрмысын жақсартуға, ана мен бала өліміне араша түсуге септігін тигізуі тиіс екендігін атап өтті. Сондай-ақ облыс әкімі тұрғындарға сапалы қызмет көрсету – басты талап екенін еске салды.

– Ұлт денсаулығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев саясатының басты бағыттарының бірі. Осы орайда елімізде азаматтардың денсаулығын жақсартуға, әл-ауқатын арттыруға ерекше ден қойылуда.

Бұл күні санитарлық жедел жәрдем көліктері Байзақ (4), Жамбыл (3), Жуалы (2), Талас (3), Т.Рысқұлов (2), Меркі (5), Мойынқұм (3), Сарысу (3), Қордай (5) аудандарына, сондай-ақ Шу аудандық орталық ауруханасы (3), Шу қалалық ауруханасы мен емханасына, Тараздағы №5, 7 қалалық емханаларға және облыстық, қалалық перинаталдық орталығы мен облыстық патологиялық анатомия бюросына табысталды. Айта кетейік, өткен жылы өңірде 19 медициналық нысан пайдалануға беріліп, 11 нысан күрделі жөндеуден өтсе, биыл 24 медициналық нысанның құрылысы жүзеге асады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі