Брифинг

Қылышбайда қыруар тірлік атқарылуда

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатына Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылдық округінің әкімі Бәкір Исабеков қатысып, ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндады.

Қылышбай ауылдық округіне қарасты Қылышбай ауылы 10 көше, 176 үйден тұрады. Ауылдық округтің негізгі бағыты – малшаруашылығы. Округте 6 азық-түлік дүкені, 1 наубайхана жұмыс істейді. Бүгінгі таңда 2021-2025 жылдарға арналған «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында аталған округте жұмыспен қамту және әлеуметтік саланы құру мақсатында өткен жылы 18 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.

Жалпы округ аумағында 14 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Ауылдық округтің жалпы бюджеті 101 миллион 138 мың теңгені құрайды. Нақты түсімдер 101 миллион 134 мың теңге. – Ауданда малшаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі де ұлғаюда. Жыл басынан бері ет өндірісі 69,4 пайызға, сүт өндірісі 5 пайызға артты. Округ бойынша 3 500 ірі қара мал, 5 200 қой мен ешкі, 599 жылқы, 158 түйе, 667 үй құсы бар, – дейді округ әкімі. Ауылдық округ бойынша 1 дәрігерлік амбулатория қызмет көрсетеді.

2009 жылы салынған амбулаторияда 5 медицина қызметкері бар. Брифингте баяндамашы білім, мәдениет, спорт, құрылыс саласына да тоқталып, өткен жылы округте атқарылған жалпы игілікті істерді тілге тиек етті.

АЙЖАН ӨЗБЕКОВА