Медициналық қызметтің сапасын арттыру маңызды
Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен денсаулық сақтау саласын ілгерілетуге арналған жиын өтті. Онда денсаулық сақтау саласында өткен жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен осы жылға жасалған жоспар күн тәртібіне шығарылды. Облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанованың айтуынша, былтыр облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасына жергілікті бюджет есебінен 14 403,9 миллион теңге қарастырылып, ол толығымен игеріліпті.
Салаға қатысты инфрақұрылым мәселесін дамыту бойынша былтыр бірқатар шаруа атқарылса, 3,2 миллиард теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізілген. Оның 10-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылыпты. Барлығы 19 нысан пайдалануға беріліп, 11 нысан күрделі жөндеуден өткен. Ортамерзімді перспективада Байзақ, Қордай, Жуалы аудандарында 3 ірі аудандық аурухананың құрылысын салу, Меркі, Шу және Талас аудандарында 3 ауданаралық көпсалалы ауруханаларды қайта жаңғырту жоспарланыпты. Осы жылға Тараз қаласында 400 төсек-орынға шақталған көпбейінді аурухана құрылысын салу және 250 төсек-орындық перинаталдық орталық, жедел-медициналық жәрдем стансасын, жұқпалы аурулар ауруханасы құрылысын, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында ауысымына 250 адам қабылдайтын емхана мен 200 төсектік аурухана құрылысын салу межеленген екен.
Әсіресе тұрмыстық, қылмыстық фактілерге қатысты мәселелермен барынша күрес жүргізуді күшейтуіміз қажет. Әр азаматқа сапалы, қолжетімді, уақытылы медициналық көмек көрсетілсін, – деген аймақ басшысы жауаптыларға салаға қатысты өзге де тапсырмалар беріп, маңызды міндеттемелер жүктеді.
Нұрым Сырғабаев