Жаңалықтар

Тәңіртауға тамырым тартпағанда, Құлантаудан қыран боп ұшар ма едім...

Тәңіртауға тамырым тартпағанда, Құлантаудан қыран боп ұшар ма едім...

Жанғазы Сембайұлы АХМЕТОВ 1991 жылы 10 қарашада Жуалы ауданы, Шақпақата ауылында дүниеге келген.М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік университетінің «журналист» мамандығы бойынша түлегі.Жоғары оқу орнын бітірген соң өзі қалаған журналистикаға бетбұрып, облыстық «Aq jol» газетіне тілші болып еңбек жолын бастайды. Одан кейін туған өлкесі Жуалы аудандық «Жаңа өмір» газетінде аға тілші болса, кейінірек облыстық «Мәдениет мінбері», республикалық «Депутат дауысы» журналдарында да еңбек етті. Араға бірнеше жыл салып облыстық «Aq jol» газетіне тілші болып қайта оралды.2018 жылдан бері Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметіндегі облыс әкімінің Бас инспекторы міндетін абыроймен атқарып келеді. Облыстық, республикалық мүшәйралардың жүлдегері.«Мен сондаймын!» атты жеке жыр жинағының авторы, өлеңдері республикалық жас ақындар анталогиясына енген, Жамбыл облыстық жас дарындарға арналған «Әулиеата үміті» сыйлығының лауреаты.ТҮНГІ ТЕБІРЕНІС

Түнімен ұйықтай алмай алабұрттым, Білмеймін, неге сонша жан ауырттым. Дауылы шаршатты ма, құйын - күннің, Ауылы аңсатты ма, балалықтың?! Жүрек – жат, санам – сарсаң, бөлек есім, Ешкімнің елемеймін өнегесін. Күрсініп күн батқанда көкке қарап, Сағынам кімді, нені, неге, несін?! Даладан бақ тергенмен, қаладан мұң, Сан қилы соқпағы бар сан адамның. Жаныма жалғыз ғана демеу қазір, «Жарығым...» деген сөзі жан анамның. Қай тұсқа шөктірер деп көші күннің, Ойымды онға бөлем осы күн мың. Еркелеп барып... әрееееең ес жиямын, Елеңдеп ертеңіне қос ұлымның. Дей алман дегбір қашып: ғаріп халім, Ақырын аңдағанмен анық бәрін. Толысып туысқанмен бір болмадым, Болысып бауырға да жарытпадым. Күйсе де күйгелектеп босқа жаным, Бағудай бақтым бірақ дос қабағын. Бәрібір ұмыт қалып басқа жағым, Сан рет талқандалды тас қамалым. Сонда да, күйремедім, күшім кеміп, Талайлар сырт айналды, түсін беріп. Осылай отырамын үнсіз жерлеп, Тұншыққан ойларымды ішімде өліп. ...Бәріне жетеді ғой өрем, еркем, Бәрі де сұралады менен ертең, Құлазып барып қайта тік атылам, Өр қылып өсірген соң өлең өлкем. КӨЛЕҢКЕМЕ НАЗ Сомдап жүрсің сықпытым мен сұлбамды, Содан біраз ие болдың құрметке. Менің жаным қаншама рет былғанды, Сен кірмеген дүрмекте. Ақшам ауса адыра қып тәнімді, Іңір жақтан үркітердей ібіліс. Бар күнәдан нәбилігін нанымды, Маған ғана тән боп жатса түңіліс. Бу боп көкке ұшқанымен көлшік нұр, Паң ырғалып танытар не ыңғай маң? Өзектегі өртім болса өршіп тұр, Сен адасың мұндайдан. Ашынам қып алған екем бекер мен, Тұс-тұсымнан табыла қап көлденең. Еркі бөтен болмысыма еті өлген, Серті бекем серігім де сен деп ем. ...Бекер бәрі, Шертіп уайым шерленем, Тағдырыма тағылғаны тұмар мұң. Қараңғыны былай қойып сен менен, Жарықта да жалт беруді шығардың. МЕНІҢ АУЫЛЫМ Осы ауыл Жүрілген жолдардың куәсі. Мен жайлы менен кем білмейтін. Осы ауыл Амандық аңқыған дұғасы, Кештірген балаң – күн гүл кейпін. Осы ауыл Кешенің келбетін сақтаған, Өзгермес өткеннің өзегін. Осы ауыл Мен үшін кір шалмас ақ ғалам, Қиялдың күттірген кезегін. Осы ауыл Шығарып саларда ырғалып, Келгенше күтетін баласын. Осы ауыл Шешемнің шеріне тым қанық, Әкемнің көтерген наласын. Осы ауыл Апамның жоғалған оймағы, Атамның сүйенер таяғы. Осы ауыл Мен жайлы өзгеше ойлады, Һәм сосын өзгеше аяды. Осы ауыл Ұрланбас ұйыған ырысы, Жазылған жырлардың тұмсасы. Осы ауыл Сұңқылы сыңситын түн іші, Байғыз-үн жанымның мұңдасы. Осы ауыл Тағдырым тұсауын қидырған, Бағытты сілтеген бүгінге. Осы ауыл Қос ағам қабірін сыйдырған, ...Мені де тоса ма түбінде?.. Осы ауыл… АУЫЛДЫ АҢСАУ Парығымның пайымы ауыр, Паршаланған ес бүтін. Ұқса ұғар жайымды ауыл, Ескі әрі есті тым. Сол ауылда бал шақ қалған, Балғын бақыт бейнесі. Сол ауылға алшақ қалған Тартқым келед кейде осы... Түсін әке, ұғын ана, Керім қала – кем көңіл. Қоғам қалай құбылады, ә, Құлпыртып еді немді өмір? Үміт үрлеп үзілмеген, Жауабы жоқ сұрақпен. Әлдекімше кіжінген ем, Әлсіз екем бірақ мен. Кертіп жатыр кім керегін... Мен бе мұңға батар тек?! Тіліп түсті тілдегенім, «Соры қалың шаһар» деп... ...Қайран ауыл, кешір мені, Қайта табар қазығым. Бір түйінім шешілмеді, Күдер күрмеп қажыдым. Ұрланды сан жатқа ырысым, Сұрқын бұлдап бақ маған. Болсам деп ем мақтанышың... Енді, не деп ақталам?! Көз ұшында діттегенім, Сіңе берді көкке кіл. Көз жасыңа жүкті өлеңім, Өрекпісе өкпелі ұл... Қала маған бермеді ырық, Мен қаланы ұқпағам. Өлсем өлем сенде жүріп, Құшағыңды аш, Құтханам! ҚАЛАҒА НАЛА Зарпын ұрттап зарықтым зор қаланың, Ол зорсынса мен құрдай жорғаладым. Жұмағымнан кем көрмес Жуалымнан, Жуа таппай түсімде қор боламын. Жуа іздеймін... емес деп, бекер мұным, Түсіне алмай түсімді өтер түнім. ...Қалай ғана жеткізем мына жұртқа, Налам – өлең, Өлең – мен екендігін. Рас, кейде зарпын да сұрап ішкем, Болмысыма біткен соң бұла күш кем. Теріс аққан өзенді есіме алсам, Тегіс соқпақ болмасын ұғам іштен. Қиялымды не бар деп тұсар менің, Көкті кезем қала боп қысар кегім. Тәңіртауға тамырым тартпағанда, Құлантаудан қыран боп ұшар ма едім?!. Төрт қабырға төрімнен садаға деп, Аласұрам тұз таппай жарама дөп. Ағам жатқан қыр келіп көз алдыма, Қамығамын: «ей, нем бар қалаға кеп!» Құнын білмес бес күннің бес тиынды, Есер көріп есім де кеш жиылды. Жыр жамарым болмаса ойлай берем, Мұржалары тотыққан ескі үйімді. Қалам төксе қалаға ашына жыр, Жарым ақыл жұбатад: «... жасыма құр». Ауылдың да наласы ауыр маған, Бауырдың да бармағам басына бір. Мен деп ұғар күндерің жарқын күткен, Анам ризық тілейді әр күн тіптен. Сыртылы бос сағаттың салмақтылау Әкемнің де сабырын сарқып біткен. Солай... солай еее несін тізе берем, Тізген сайын сұйық мұң үзеді өлең. Өміріне өкпешіл ұл емеспін, Көңілімді демесең күзеді рең. Қала менен «даламды» жырақ қылған, Кімге артамын назымды мұң арттырған... Кіл керісіп қоғаммен жүрем ылғи Күн көрістің қамына құлаттырған. Басқа қайтем... ТҮН... МЕН... БАЙҒЫЗ... Әдетте, ел ішінде байғыз – жаманшылық шақырушы құс деп танылады... Түр беріп түнге тұрған жетім нұр – Айдаладағы ай қызыл. Сиқырлы сәттің сиқын кетіргір, Сұңқылдап қалғыр Байғызым! Жаныма ауыр сұңқылы неткен, Сорымды сол ма үдеткен?! Өксимін мен де бұл түні өктем Жыр сауа алмай жүректен... Зарлықтың зарын басқаға қондыр, Сарната бермей... бір ауық... Жарық боп тамса жастары мөлдір, Жұлдыздар мендей жылауық! Түніңді тілдеп тілінер тілім, Шәрі шақ келмес, Шақпағым... Сорлы құс құсап «бүлінер» ме едім, Құсалы-сырды сақтадым?! ...Қара ағаш жаны сірі екен сұмдық, Мұңлықтың мұңын сіңірген. Қаралы ойға жүр ме екен сүңгіп, Ібіліс түртіп іңірден... Бәлкім... мен бәрін кетемін қиып... Әзірше іштей жерідім. ...Қара ағаш – байғыз мекені биік, Қара түн – жалғыз серігім... * Шақпақата (Шақпағым) – туған ауыл ЖЕЛТОҚСАН Бозғылт дала, боз аспан, бозарып қыр, Қар жаумады қалар ек тазарып бір, Қош айтқалы біз қашан қарашаға, Көк аспанның неге онда көзі ағып тұр? Көзі ағып тұр, Секілді сәуір жасы, Мүмкін бе екен жүректің ауырмасы?! Алаң көңіл құлайды ауыл жаққа, Ауыл жақта бәрі де бауырмашыл. ...Налып қайтем, нақ соған нанбас бұлар, Қаңтар келе қала да жан бастырар. Ақпанға арнамаймын аппақ өлең, Желтоқсанда жаумаса алғашқы қар. Табиғаттың тағдырын, сірә, құптар, Мен білсем, бұл мезгілде бұғалық бар. Жаңбырдан жалыққан жұрт, құрығанда, Қыр басынан таппай дал қыламық қар. ...Маусымдары матаспас жол қайда деп, Отырамын жыр оқып ондайда тек. Қарындасым, қызық қой, бұлданып жүр: «Сонда биыл «жаңа жыл» болмай ма?!» деп. Не деп айтам?.. ЖАЗКӨШУ Жазған елге жөн сілтеп саналы топ, Жаз да өтті саратан самалы боп. Ауыл жаққа қарайлап қоям мен де, Айтары көп адамдай амалы жоқ. Шайқай алмас шаттығын күзгі дауыл, Тұрағы боп табылған түздің тәуір. Иә, рас жыл, күн санап көркейгенмен, Сағат санап жүдеуде біздің ауыл. Ескі жұрттың болса да өресі кең. Кешегінің күн кешкен елесімен. Озып барад еліміз көш ілгері, Тозып барад сол ауыл, (о несі екен?) Беееу, мен үшін сол ғана дара ұшпақ, Дақпыртқа құр даурықпас қара қыстақ. Шарасы кең Шақпақтың өзенінен, Бала біткен мәз боп жүр шабақ ұстап. Табиғаттан дарыса төзім жүк – сын, Сынап қайтем, сырлас дос, сөзімді ұқ шын, Құланды тау аталған шоқпыттардан, Құлан көрсем бұл күні көзім шықсын. ...Бет бұрғызбай ел жаққа бек тіршілік, Тағы бір жаз келмеске кетті сіңіп. Қайтқан құстың әні де үзіледі: «Өмір өтіп барады...» деп күрсініп. ...Түсіме ылғи енеді сол ауыл көп, Сол ауылдың білмеппін соры ауыр деп. Ұрлап бітті ұсқының ұры уақыт, (Әкем болса әлі жүр қарауыл боп...) ШАҒЫМ Біз едік ғой өткенге өкпелемес. Өткенім күнмен еткем сан өктем егес... Сезім сөлің сімірген мезгіл бөтен, Сенсең, күнім-- Күз емес, Көктем емес... Сенімінде сабыр бар, сағыныш бар, Біздер үшін басқаның бағы нұсқа. Аялдауға жазбады жазған тағдыр, Көрген түсім сен жайлы тағы қысқа. ...Тағы жаңбыр – аспанның мұңы сұйық, Әр тамшыға Тәңірдің нұры сыйып... Тұрушы едім сол нұрдың кірпігіне, Қонған сайын көзіңнен жылы сүйіп. Ал бүгін бе? Ырымшыл ыңдың құлап... Мен де солай, Сор – таяу... Күлкім – жырақ. Біз қоштасқан сыралғы баққа барып, Ауыр маған жыр оқу бұл күн бірақ. Жалғанның да жалғанын шын ұқтырып, Салып сосын санама сынық құлып. Ағып түскен жұлдызға ұзааааақ қарап, «Бір болмаймыз» деген кім, күліп тұрып?! Келгені ме шүбәсіз жорамалың, Сен басқасың... Мен басқа... Жоқ амалым, Ілік іздеп ізіңнен ерсем деп ем, Тұсағанын қарашы соған арым. Қап-қара түн, аппақ ой, үміт-шұбар... Жалғыз мен бе жазғанға тынып шыдар. Сағынышым сарқып кеп сабырымды, Қызғанышым қит етсе, бүлік шығар. ...Күдер келте күрмеуге, Күдік – басым, Кілт үзу де үмітті ғұрыпқа сын. Сенің Құдай берсе егер тілеуінді, Менің құлай сүйгенім құрып қалсын! МОЙЫНДАУ Басқа-басқа сені ойламан деуші едім, Басқа-басқа сені сүймен деуші едім. Тасқа басса таңба болып қалардай, Қандай ғана құдіретің беу сенің?.. Ақ дегенім адастырды арман боп, Бақ дегенім бастан тайды жалған боп. Оң-солымнан өтті-кетті барлығы, Қыр соңымнан сенің бейнең қалған жоқ. Көз алдымда сенің көркің көлбеңдеп, Тұрғанымен «біз жүретін жол кең...» деп. Сендік сезім селт еткізбес біреу бар, Айтып ем ғой, айтып ем ғой сол мен деп... Айтып ем ғой, артып тұрып арға мін, Бұл бақыттан шайналар деп бармағың. Сүйемін деп мен қанша рет алдадым, Сүймейсің деп сен қанша рет қарғадың. Айтпақ түгіл естіместей бұл әнді, Ұмыттым деп сан қайтардым дұғамды. Сен бәрібір жуып-шайдың кінәмді, Мен бәрібір арқалаппын күнәңді. Тағдыр солай тартуынан танбасын, Бұл жалғанда аз емес қой жанға сын. Менен ада үзілгенде үмітің, Сенен пана іздеп қалды паң басым. Жүрмеген соң тең сүрініп, тең құлап, Екеумізге ортақ емес енді бақ. Жүрегімнен сені тауып алған күн, Жүрегіңнен жоғалыппын мен бірақ. Басқа-басқа сені сүймен деуші едім. ҚЫРСЫҚ Көзімді тарс жұмып ап, Сен жайлы ойланамын, қиялдаймын... Бар әлем қарсы, бірақ Сонда да өкінбеймін, ұялмаймын. Мен солай іліп кірпік, Дәл өзім қалағандай түс көремін... Сәл ғана сыр ұқтыртып, Салмағын саған салғам ішкі өремнің. Сен мейлі сезбе, білме, Биылғы күз де көркем, қыс та керім... Көрінбе көзге мүлде, Бәрібір тек сен жақты нұсқар едім. Сүйместі – жеңіс балап, Талпынба танытуға мұңсыз қылық. Кетсең де теріс қарап, Алдыңнан шыға берем үнсіз күліп... Болған соң тұлғаң –арман, Өзің деп жарады ылғи өлең-бүршік, Себебі бұл ғаламнан, Табылмас сенен сұлу, менен қырсық.