Руханият

Үзіліп түскен бір түйме

Үзіліп түскен бір түйме

Бұл тағдыр әркімге әрқалай өмір сынағын алға тартады. Бүгінде жасы сексенге бір қадам қалған Амангелді Садыхановты да жанды жерінен сынады. Алдымен осыдан 13 жыл бұрын қырық бес жыл отасқан жұбайы Шекер бақилық болды. Енді міне, көзінің ағы мен қарасындай бар үмітін жалғаған сүйікті қызы Гүлнарадан айырылып қалып отыр. Шекер наурызда қан қысымы көтеріліп құлап, ауруханада 4 күн жатып көз жұмды. Әттең, егер елімізде білікті дәрігерлер уақытылы дұрыс кеңестерін берсе, шетелдік тәжірибені, дәрілерді дер кезінде берсе, қызын құтқарып қалуға болатын ба еді. Гүлнара өзінің қатерлі ісік ауруына шалдыққанын туыстарынан жасырып келіпті. Әкесінің жанын жаралағысы келмей, барынша сездірмеуге тырысып баққан.

Гүлнараның кеселі күннен-күнге асқынып, жүруі қиындап, өкпесіне су тола бастап, біздің дәрігерлер ештеңе жасай алмаған соң, Түркиядағы атақты «ACIBADEM» ауруханасында 2 ай шамасында ем алып, омыртқасының екі жерінен қымбат ота жасатып, радиотерапия қабылдады. Ауруына ем болатын өте қымбат дәрілерді қабылдаған соң, дәрігерлері әр үш ай сайын келіп тексерілу қажеттілігін айтып, еліне қайтарды. Отасы сәтті болып, ақырындап өзі еркін жүре бастаған болатын. Өмірге құштарлығы, жұмысқа деген құлшынысы сол, өзінің науқас жағдайына қарамастан, онлайн түрде кафедра жұмысын жүргізе берді. Әріптестері оны қолдап, жұмыс істеуі Гүлнараның тез сауығып кетуіне себепкер болатынын айтып, қайсарлығына тәнті болды. Алматыда былтырғы қаңтар айында МРТ, УЗД-ге түскенде ісіктің әжептәуір кішірейгенін көрсетті. Түрік дәрігерлерінің кеңесі бойынша ол, әр үш ай сайын сол ауруханаға барып тексеріліп отыруы қажет еді. Наурыз айында Стамбулға әуе билеті де алынып қойған еді, бірақ сол кезде коронавирус Гүлнараны да айналып кетпеді. Өкпесіне су толып, дем ала алмай, жөтел қысып, апта сайын дәрігерлер үйге келіп бірнеше литрлеп өкпесінен су алып отырды. Сонда да Гүлнара әр сейсенбі сайын кафедра мәжілісін онлайн өткізіп, жұмысын жалғастырып отырыпты. Бүгінгі таңда Гүлнараның жүрегінің, қолының, жанының ашықтығы мен кеңдігін, мейірімін, көмегін көрген студенттері Қазақстанның әр түкпірінен табылады және бірқатар студенттері шетел асып, өз ниеттерін алыс шетелден білдіруде. Ол кездескен әрбір жанға шапағатын шашып, нұрымен бөліскен адам. Соның бір кішкене мысалы ретінде, өмірінің соңғы айларында болған жайт. Стамбулда емделіп жүргенінде қатерлі ісік ауыруымен ауыратын көптеген қазақ балаларына өзі ауырып жүрсе де, өзіне үлкен ақша қаражаты қажет болса да (ай сайын ісік ауыруына қарсы өте қымбат дәрілерді Стамбулдан алдыртатын), әлеуметтік желіге сол балапандар туралы жазып, өзінің кафедрасының мүшелеріне «Мына балапанға көмек қажет еді, кім қанша бере алады, жүз теңге болса да, қайырымдылық көрсетіп жіберсеңіздер екен» деген өтініштері болған. Қайсар қыз өмірінің соңғы сағатына дейін жұмысын жалғастырып, соңғы күні өзінің кафедрасында оқитын 2 студентке берілген шәкіртақысын табыстап кетті. Ал 5 шілде күні, 49 жасында көз жұмды. Мұны естіген әріптестері, құрбылары, студенттері сенбей «кеше ғана телефонмен хат алыстық қой, Гүлнара Амангелдіқызы бізге өзі жауап жазды ғой» деп өкінішпен жылағандары жүректі елжіретеді. Сол күнді ойласа әкесі Амангелді Әбдіқайымұлының жүрегі қан жылайды. «4 маусымда түнгі оннан асқанда бейнеқоңыраумен бізге хабарласып, «Мен кетіп барамын, жыламаңдар, бәрі жақсы болады» дегені құлағымнан кетер емес» деп кемсеңдейді қария. Енді қайтсін, қыз болғанда қандай еді, Гүлнара! Гүлнара Садыхановтардың үш ұл, екі қызының ортаншысы болатын. 1972 жылдың 6 сәуірі күні туған күні еді. Ол кезде Амангелді ағамыз Алматы Ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітіріп келіп, туған ауылындағы Киров атындағы колхозда бөлімше бригадирі болатын. 1974 жылы Красногор ауданы құрылғанда аудандық атқару комитетіне қызметке шақырылып, Гвардейский қалашығынан берілген қызметтік пәтерде тұрды. Ересек ұлдары ата-әжесімен қалып, үш жасар Гүлнараны өздерімен әкеліп балабақшаға берді. Ол кезде мұндағы жұрттың дені әскерилер, балабақша да, мектеп те орыс тілді болатын. Оның сыныбында екі ғана қазақ балалары оқыды. Гүлнараның зеректігі жасынан танылып, небір ұзақ тақпақтарды бірден жаттап алатын дейді. Үйде қазақша тәрбиеленіп, мектепте орысша білім алып екі тілге бірдей жетік болып өсті. Математика, физика, химия тәрізді пәндерді жеңіл игеретін. Сөйтіп Гүлнара 1989 жылы әскери қалашықтағы №43 мектепті жақсы бітіріп, Алматы халық шаруашылығы институтына түсіп, маркетинг мамандығы бойынша жоғары білім алып шықты. Оның тірнектеп жиған терең білімімен қатар бойына біткен зеректігі, еңбекқорлығы, кіммен болса да тез тіл табысып кететін ақжарқын мінезі, өзіне де, өзгеге де талапшылдығы талай биіктерге алып шықты. Экономика ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Нысанбаев естелігінде: «Гүлнара Амангелдіқызы Халық шаруашылығы институтын бітіргеннен кейін өз мамандығы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Экономика» факультетінің маркетинг кафедрасына оқытушы болып орналасты. Ол кезде мен сол кафедраның меңгерушісі едім. Оның біздің кафедраның табалдырығын алғаш аттап келгені әлі есімде. Күнделікті жұмыспен шұғылданып отыр едім, бөлменің есігі қағылды. Орта бойлы, аққұба өңді, парасатты, жеңіл аяқ алысымен бір қыз бөлмеге кірді. Орындыққа отырып, жұмыс іздеп келгенін айтты. Құжаттарымен таныссам, өзім іздеп жүрген маман екен. Сөйлеу әдебі, жүріс-тұрысы, ойын жеткізу мәнері орнықты, әдепті жан екенін көрсетіп тұр. Мамандығы бойынша әңгімелестім. Білімі жеткілікті деңгейде. Келесі күні жұмысқа кірісті...» – дейді. Осыдан бастап Гүлнара Садыханова бұл оқу орнынан табан аудармай ширек ғасырдан аса қызмет етті. Қатардағы оқытушыдан бастап, аға оқытушы, доцент, факультет деканының орынбасары, ректорат басқармасының бастығы қызметтерін атқарған. Басқа оқу орындарының жоғары қызметтерге шақыруларына мойын бұрмады. Соңғы жылдары институттағы ірі экономика кафедрасын басқарып келді. Ұстаздары, әріптестері мен шәкірттері Гүлнара қандай қызмет атқарса да, оларды лайықты деңгейде орындап құрметке бөленгендігін айтады. Беделді, қадірлі маманға айналған. Екі мәрте (2007, 2018 жылы) ҚР Білім және ғылым министрлігінің «ЖОО Үздік оқытушысы» грантын иеленіп, ғылымға қосқан үлесі үшін Ы.Алтынсарин төсбелгісін алған. 2004 жылы «Қазақстан Республикасында жарнама қызметін дамыту» тақырыбында диссертациясын сәтті қорғап, экономика ғылымдарының кандидаты атанды. Көптеген ғылыми әдістемелік еңбектері жарық көрді. Ғылыми жетекшісі профессор С.Нысанбаевпен бірлесіп қазақ тіліндегі алғашқы «Маркетинг негіздері» деген оқулық та жазды. Республиканың жоғары оқу орындарында бұл оқулық үлкен сұранысқа ие болып, жыл сайын қайта басылып шығарылуда. Сондай-ақ Г.Садыханованың өзі жекелей және басқа да авторлармен бірлесіп шығарған «Тауарлар мен қызметтер жарнамасы», «Кәсіпорын қызметін экономикалық талдау», «Управление качеством», «Лауреаты Нобелевской премий по экономике» және тағы басқа кітаптары экономика мамандықтары бойынша оқитын студенттердің қолынан түспейтін методикалық оқу құралдары бола алды. Жалпы, ол 90-нан аса ғылыми мақалалар жариялаған болса, оның 14-і халықаралық базаларға енгізілген. Гүлнара Амангелдіқызының республикалық және халықаралық конференцияларға дайындаған көптеген баяндамалары шетелдік ғылыми басылымдарда жарық көрді. 2008 жылы ҚР Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігі Германия үкіметімен бірлесіп жүргізген «ҚР экономика жүйесі бойынша оңтүстік аймақтағы жетекші қызметкерлердің мамандығын жетілдіру курсы» халықаралық грантына қатысты. Сондай-ақ 2009-2011 жылдары Еуропалық комиссияның TEMPUS-TACIS грантына қатысты. Ағылшын тілін жете меңгеріп, шет тілдегі құнды дүниелерді қазақшаға аударуға атсалысуын айрықша атап өткен жөн. Ол «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша АҚШ бакалавриятында ең көп оқылатын экономика оқулықтарының әлем нарығындағы бүгінгі талаптарға бейімделген нұсқасы саналатын Грегори Мэнкьюдің «ECONOMICS» – «Экономикс» және Филип Котлер мен Гари Армстронгтің «Principles of Marketing» – «Маркетинг негіздері» кітаптарын ағылшын тілінен тікелей қазақшалап, студенттердің классикалық экономика мен қолданбалы ғылымның әлемдік озық тәжірибелерімен танысуына жол ашты. Осы еңбегі үшін жобаға қатысушылардың Президентпен кездесуіне де арнайы шақырылған. 2019 жылы Францияда жарық көрген «The impact of industrial policies on the competitiveness of the country» монографиясы да Гүлнараның оқытушылықпен қатар ғылымда да өрісі кеңейе түскенін көрсетеді. Ұстаздары мен әріптестері оның үнемі ізденісте жүргендігін айтады. Әр жылдары Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Чехия, Қытай, Франция, Италия, Испания, Польша, елдеріндегі белді университеттердің арнайы курстарында мамандығын жетілдіріп отырған. Жылдан жылға ғылыми беделі арта түскен Г.Садыханова елімізде және көптеген алыс-жақын шетелдерде өтіп жататын ғылыми конференциялар мен форумдардың белсенді қатысушысы болатын. ҚР БҒМ Ғылым комитеті Экономика институтының Бас директоры, Экономика ғылымдарының докторы, академик А.Сатыбалдин Гүлнараға тамаша педагог, зерттеуші және ұйымдастырушы деп баға берді. «Ол білгір жетекші және тәлімгер, өз шәкірттерінің де, әріптестерінің де шығармашылық бастамаларын қолдаушы, дем беруші бола білді. Біздің Экономика институты мен Гүлнара басқарған ҚазҰУ-дің Экономика кафедрасының бірлесуімен 4 ғылым докторы, 26 магистрант дайындалды. Г.Амангелдіқызы еліміздің жоғары интеллектілі, мәдениетті және шынайы адамгершілік құндылықты интеллектуалдық қорының лайықты өкілі болатын» – дейді академик. 2019 жылы 30 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға келген іссапары барысында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің «Экономика және Бизнес» факультетінде болғанда Г.Садыханова 2-курспен «Инновациялық экономика» дәрісін жүргізіп жатқан аудиторияға аялдап, оқытушымен және студенттермен тілдесуі бекер болмаса керек. Міне, осындай ғылым көгіне кеңінен құлаш сермеген кемел шағында болашағынан үлкен үміт күттірген жас ғалым, абыройлы ұстаз өткен жазда мезгілсіз дүние салды. Оның қазасы көптеген әріптестері мен шәкірттерінің жанына аяздай батты. «Білім кілті – Ключ знаний» республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық журналында (№7, 2021 ж.) «Гуля, Гулечка, Гульнара» деген тақырыппен сағынышты естеліктер топтамасы жарияланды. Қай-қайсысы да жүректі тербейді. Ал бәрінен де ақынжанды әкенің күйзелісін айтсайшы. Жылда сәуір айы туа қызын туған күнімен өлеңдетіп құттықтайтын Амангелді ағамыз енді: Бұл өмірден ерте кеттің гүл қызым, Ерте сөнді сенің жарық жұлдызың. Екі құлаш жер бұйырып, жан ботам, Жер-Ананың ерте сездің дым-сызын. Жайғастың ботам, туған анаң жанына, Кірдің барып құшағына сағына. Торқа болсын топырағың, жан ботам, Жайнасын жүзің жаннаттың нұрлы бағында... – деп күңіренеді. Қайтеміз, бұл – тағдыр. Жасын ғұмыр жарқ етіп, ерте сөнді. Гүлнара осы жылы елуге толар еді... Құдай тірілерге қуат берсін. Шүкір, оның екі ағасы, інісі мен сіңлісі бар. Оншақты немере сүйіп отырған ағамыз Қордай ауданының Құрметті азаматы, «Еңбек ардагері» медалі, республикалық ардагерлер кеңесінің «Құрмет белгісі», «Облыстың Құрметті ардагері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісі тәрізді көптеген марапаттарды иеленген Амангелді Әбдіқайымұлының омырауынан үзіліп түскен бір түйме баяны бұл.

Құрманбек ӘЛІМЖАН, ардагер журналист,

Қордай ауданы