Шу ауданындағы жарқын жобалар
Шу ауданындағы жарқын жобалар
Ендеше, кәсіпкерлік саласының қарыштап дамуына, жер-жерде түрлі зауыттар мен фабрикалар ашылып, олардың ырғақты жұмыс істеуіне осы салаға жауапты басқарма немесе бөлімдердің ықпалы зор. Өйткені қазіргідей нарықтық жағдайда болашақтың тамырын дәл басып, халық қажеттілігі үшін нендей өндіріс орнын ашу тиімді екенін болжап, ол бойынша кәсіпкер, қалталы азаматтармен келіссөз жүргізудің өзі айрықша қабілетті талап етеді. Қандай да бір кәсіпорын құру үшін бюджеттің ақшасын жұмсағаннан, бұл іске іскер азаматтарды тарту – экономиканы басқарудың тиімді тәсілі. Аталған мәселелерді шешу, яғни іргелі іске қаржы құю инвестициялық жолмен жүзеге асырылатыны да қазіргі заман талабы. Нақты айтқанда, іштен немесе сырттан болсын инвестиция тарту арқылы экономиканы қарқынды дамыту қазіргі уақытта өте өзекті мәселе. Салаға жаңа технологияларды енгізу, басқа да түрлі жетістіктерге қол жеткізу біз сөз етіп отырған инвестициялық жобалардың өміршеңдігіне байланысты. Осы орайда біз бұл жағынан облыстағы аудандар арасында тәп-тәуір әлеуетке ие Шу ауданына хабарласып, жақын жылдарда қандай инвестициялық жобалар жүзеге асырылатынына назар аударған едік. Шу ауданы әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ғазиз Исмаилов 2022-2025 жылдар аралығында іске асырылатын инвестициялық жобалар бойынша жалпы 205,7 миллиард теңгеге 6 жоба жоспарланғанын айтты. – Құрылыс сатысындағы 1 жоба «Qazsugar Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қант зауытының құрылысы жобасы. Жоба құны 90,9 миллиард теңге. Жобаға «Тараз химиялық паркі» аумағынан 63 гектар жер телімі бөлініп берілді. Ол іске толық асырылған кезде 300 адам жұмыспен қамтылады. Қуаттылығы күніне 8000 тонна қант қызылшасын қабылдап, жылына 150 000 тонна құмшекер өндіру – жобаның басты мақсатының бірі. Қазір арнайы экономикалық аймақтың іргелес аумақтарында кәріз-тазарту құрылыстары мен сүзу алаңдары үшін ауданы 63 гектар жер учаскесін бөлу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Іске қосылу мерзімі – 2023 жыл. Жоба бастамашысы Заманбек Мирзоянов есімді азамат. Бүгінде іргелі істің жобалық-сметалық құжаттамасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды, EPC мердігері де белгіленді. «Хим Парк Тараз» АЭА аумағында құрылысшыларға арналған вахталық лагерь жұмылдырылып, құрал-жабдықтар мен материалдарды жеткізушілермен жұмыс жүргізілуде. Зауыт құрылысының алаңын тегістеу бойынша жұмыстар қазір толық аяқталған. Жұмыс құжаттамасын беру бойынша қолға алған шаруалар әзірге 10 пайызға орындалды. Дегенмен қазіргі халықаралық геосаяси жағдай құрал-жабдықтардың, құрылыс материалдары мен логистикалық қызметтер бағасының өсуіне әсер етіп отыр. Компания қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамаларды қайта қарастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Атқарылған шаруалардың негізінде инвестициялардың құнын қайта қарастыру жұмыстары қолға алынады. Осыған байланысты «Тараз химиялық паркі» АЭА аумағында жоспарланған «Жамбыл облысында тәулігіне 8000 тонна қант қызылшасын қайта өңдейтін қант зауытының құрылысы» инвестициялық жобасын іске асыру мерзімі қайта қарастырылып, ауыстырылып жатыр, – дейді Ғазиз Қанатұлы. Қазір аталған ауданда іске асыру сатысында тұрған 4 жоба бар. Мәселен, «AltynalmasReagents» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Натрий цианидін өндіру зауытын салу» жобасы. Оның құны 75 миллион АҚШ долларын құрайды. Оның 40 миллиард теңгесі жеке қаражат болса, қалғаны қарыз қаражаты. Яғни қаржының – 29 пайызы кәсіпкердікі, қалған 71 пайыз қаражат «Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы есебінен жұмсалмақ. Қуаттылығы жылына 25 000 тоннаға дейін. Бұл үшін «Тараз химиялық паркі» аумағынан 10 гектар жер резервте ұсталып отыр. Қазіргі таңда «AltynalmasReagents» ЖШС мен «AAEngineering Group» ЖШС арасында ЕРС келісімшарты жасалыпты. Жобалық-сметалық құжаты да әзірленіп жатқан көрінеді. Жоба іске асырылғанда 100 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Зауыт жұмысы 2024 жылы басталады. Жалпы, Әулиеата өңірі егін шаруашылығымен айналысуға қолайлы аймақ. Ізтің көзі табылса аграрлы секторды дамытуға мүмкіндік мол. Әйтсе де жер емген диқандар мол табысқа кенелді деген күннің өзінде өңірде көкөніс, жеміс-жидек сақтайтын қойма болмаса онда Алла берген ырзық рәсуә болатыны белгілі. Қазірдің өзінде қойманың жетіспеушілігі салдарынан диқандар күзгі жиын-терін аяқталар-аяқталмас бұрын өнімін алқап басынан сатып жіберетінін көз көруде. Есесіне қыстың көзі қырауда жұртшылық сырттан келген дәл сондай өнімді қымбат бағада тұтынуға мәжбүр. Шу ауданы Бірлік ауылының аумағында «Сыйымдылығы 20 мың тонна көкөніс сақтау және консервілеу қоймасын» салуды жоспарлаудың артықшылығы осында. Бұл сайып келгенде көктемнің көк өзегінде азық-түліктің кейбір түрлерінің тапшы болуы мен бағасының өсуін тежейтіні анық. Аталған қойма құрылысының аяқталуы 2023 жылға жоспарланған екен. Ол іске қосылғанда 10 жұмыс орны ашылмақ. Құны 1,2 миллиард теңгені құрайтын жоба жеке қаражат есебінен жүзеге асырылмақ. Аталған ауданда егер «Жанашыр прожект» ЖШС-ның «Мыс кенін өндіру зауыты салынса», онда кемі 300 адам жұмыспен қамтылады. Зауыт жоспары бойынша жылына 620,2 мың тонна кен өндіру көзделген. Бұл жоба облыстың 2020-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілгенін айта кетуіміз керек. Жоба үш жылдан кейін жүзеге асады. Оның құны – 67,2 миллиард теңге. Бұл үшін жеке қаражатты жоба бастамашысы Мұхтар Ертаев есімді азамат салып отыр екен. Біз бірді-екілі жоба бастамашыларымен тілдесіп көрдік. Соның бірі – Қанат Серікбайұлы. – Біздің мекеме – «Элнур Адил Групп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Шу қаласынан қазір 1,3 миллиард теңге жеке қаражат есебінен 11 750 тоннаға арналған элеватор, макарон цехы, диірмен, қойма және офистік үй-жайлар құрылысын жүргізіп жатырмыз. Барлық жұмыстар қазір 85-90 пайызға аяқталды. Бүгінде құрылыс басында оншақты адам еңбек етуде. Негізінде біз элеватор, макарон цехына қажетті құрал-жабдықтарды Қырғыз Республикасынан алдырып жатырмыз. Осы істің басы-қасында негізінен айырқалпақты ағайындар жүр. 2020 жылы әлемдік пандемияның кесірінен жұмысымыз біршама баяулады. Нақты айтқанда, індеттің таралуын болдырмау мақсатында қолға алынған сақтық шараларына байланысты шекарадағы өткізу бекетінен Қырғыз елінің заматтары өте алмай, іс біршама уақыт тоқтап тұрды. Әйтсе де елімізде тұрғындар тіршілігі бұрынғыдай қалыпты жағдайға түскен соң жұмысымыз жанданып сала берді. Қазіргі таңда макарон цехының құрал-жабдықтары мен автотаразы орнату, нысанға электр желілерін жүргізу секілді шаруалар 90 пайызға аяқталды. Жоба іске қосылғанда 30-40 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Элеватор мен цех жұмысы алдағы қыркүйек айында басталады. Сол кезде күніне 15 тонна макаронның 3-4 түрін және күніне 120 тонна ұн өнімін шығарамыз. Қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан облыстары, оның ішінде Ақмола, Қостанай облыстарымен шикізат мәселесін шешу жөнінде келіссөз жүргізіп жатырмыз. Бұл бағытта, яғни бидайды жеткізіп беру және басқа шаруалар бойынша істі серіктес компаниялармен бірлесе шешіп жатырмыз, – деді Қанат Серікбайұлы. Бұдан бөлек, аталған ауданда жаңартылған энергия көздерін тұтынуға жол ашатын «7 МВт шағын гидроэлектр стансасы» салынып жатыр. Бұл «Компания А&Т Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі жоба іске қосылғанда 10 жұмыс орны ашылмақ. Оны іске асыру мерзімі – 2023 жыл. Жоба құны 5,1 миллиард теңгені құрапты. Қазіргі заманда экономиканың қозғаушы күші инвестиция дейтін болсақ, Шу ауданында жүзеге асырылып жатқан бұл саладағы жұмыстардың реті осындай. Біздің пайымымызша, жобаны жүзеге асырушылар өзіміздің жергілікті инвесторлар. Десе де өндірістен бөлек сауда, туризм секілді басқа да бағыттар бойынша әлемнің дамыған елдерімен байланыс орнатып әр іске шетелдік инвесторларды тарта білсек, бұл артықтық етпейді. Өйткені бұл – шетелдіктер арқылы ел экономикасына қаржы тарту.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ