Тұғырлы тірегіміздің болашағына бейжай қарамайық!
Тұғырлы тірегіміздің болашағына бейжай қарамайық!
«Төл тіліміз – біздің болмысымыз, тірегіміз. Тілі жоқ ұлттың өзі де жоққа тән. Мүмкіндігінше еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік тілде сөйлеуге міндетті. Себебі Отанымыз бір, ниетіміз бір, жұтып жатқан ауамыз бен суымыз да бір. Мемлекеттік тіліміздің мәртебелі болғанын қалаймын. Бұл тұрғыда қандай олқылық болса да жанашырлық танытуға бармын. Қазақ тілі – ұлтымыздың темірқазығы, басты тірегі», – дейді облыстық мәслихаттың депутаты Айтбала Жалмаханова. Жақында облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының есепті жиынында облыс әкімінің аппарат басшысы Лесбек Ілебаев: «Мемлекеттік тілге деген жанашырлық ерекше болуы тиіс. Еліміздің аяулы ақыны Қадыр Мырза Әлінің: «Ана тілің арың бұл, Ұятың боп тұр бетте. Өзге тілдің бәрін біл, Өз тіліңді құрметте», дегені бәріміздің көңілімізде жүру керек», – деді. Осы мәселені бәріміз ұмытпағанымыз абзал. Расында, қазақ халқының басында талай қиын нәубет, қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі. Еліміз жетпіс жылдай Кеңес одағының қарамағында болды. Ата-анамыз орыс тілін ұлықтады. Қазақ халқы өзінің тілін, дінін, тіпті салт-дәстүрін ұмытардай халге жетті. Дегенмен еліміз сан ғасыр аңсаған тәуелсіздікке қол жеткіздік. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесін өсіруге қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырма әрбір қазақстандық үшін, барша халық үшін аса маңызды деп есептеймін. Себебі өз тіліміздің тағдыры мен келешегін өзімізден басқа кім ойлайды?! Қазіргі таңда әрбір мемлекеттік органда, ұжымда мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, мәртебесін көтеру бағытында игілікті жұмыстар атқарылуда. Оған бәрі бір кісідей жұмылып атсалысуда. Заңдық тұрғыдан қарасақ, елімізде мемлекеттік тілдің қоғамдағы рөлін нығайтуға бағытталған заңнамаларымыз жеткілікті. Бүгінгі заманда бірнеше тілді меңгергеннің артықшылығы жоқ. Дейтұрғанмен ұлтымыздың құнды жәдігері –мемлекеттік тілімізге жанашыр көзқарас бар жерде тіліміздің өркендеп, өз тұғырында тұратынын ұмытпауымыз керек. Сарысу ауданы облыс орталығынан қашық жатқанымен әлеуеті дамыған ауданның қатарына кіреді. Бірақ мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілінің аясы іскерлік атаулар саласында әлі де тарлығы, өзге тілді атаулардың кәсіпкерлік және мемлекеттік мекемелерде басымдығы байқалады. Сондықтан бұл үрдістер осы бағытта жұмыс істейтін арнаулы мемлекеттік орындар мен жеке кәсіпкерлер, мекемелер, билік орындары үшін тек жай ғана лингвистикалық номинация немесе жарнама ғана емес, мемлекеттік, азаматтық, ұлттық, патриоттық деңгейдегі мәселе екенін ескерген жөн деп ойлаймын. Аудандағы әлеуметтік-коммуникативтік кеңістіктегі тілдік бәсекелестікке төтеп берген жағдайда ғана қазақ тілі толыққанды мемлекеттік тілге айналудың бір мүмкіншілігін жеңіп алады.
Жанар ҚҰЛЖАБЕКОВА, облыстық тілдерді оқыту орталығы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі, Сарысу ауданы