МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНУ АЯСЫН КЕҢЕЙТУ – БАРШАҒА МІНДЕТ
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ҚОЛДАНУ АЯСЫН КЕҢЕЙТУ – БАРШАҒА МІНДЕТ
Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мәди Мәтеннің айтуынша, Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында облыстық деңгейде 3 индикатор мен 5 нәтижелі көрсеткіш белгіленген. Өткен жылдың қорытындысымен барлық көрсеткіштер толық орындалыпты. Айта кетейік, облыс әкімдігі тіл басқармасына қарасты тіл оқыту орталығы және оның 8 аудандағы филиалында 43 адам жұмыс істейді. Бұдан бөлек Қордай ауданы әкімдігіне қарасты тілдерді оқыту орталығында 16 адам қызмет атқарады. – Облыста қазіргі тілдік ахуал қазақ тілінде сөйлейтіндердің басымдығымен сипатталады. Бүгінде мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі 93,6 пайызды құрап отыр. Алайда көрсеткіш облыс тұрғындарының еркін жазып, сөйлей алатын деңгейге жеткенін білдірмейді, – дейді басқарма басшысы. Себебі соңғы халық санағының қорытындысы бойынша 93,6 пайыз халықтың 74 пайызы мемлекеттік тілді толық меңгерген. Дегенмен іс жүзінде этнос өкілдерінің өзара сөйлесу тілі – орыс тілі. Өзге этностар арасындағы қазақ тілін меңгеру деңгейі 77 пайызды құраса, балабақшаларда мемлекеттік тілде тәрбиеленушілердің саны 90,1 пайызға жетіпті. Ал 1-сыныпқа барған оқушылардың 79,4 пайызының ата-аналары қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Жоғары оқу орындарындағы студенттердің 87,7 пайызы қазақ тілінде оқыса, дипломдық жұмыстар мен қорғалатын диссертацияның 80 пайызы мемлекеттік тілде жазылған. Техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері мен колледждерде 79 пайыз студенттер қазақ тілінде оқиды. Яғни бұл көрсеткіш жастардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде білім алып жатқанын көрсетеді. Сондай-ақ Мәди Мейірбекұлы басқарма тарапынан тоқсан сайын жергілікті атқарушы органдардың кіріс-шығыс құжаттарына мониторинг жүргізілетінін атап өтті. Бүгінде құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі – 99,1 пайыз. Сонымен қатар өңірде мемлекеттік тілді оқытудың Жол картасы бекітілген. Соған сәйкес мемлекеттік тілді үйренушілер санын 2024 жылы 4 050 адамға жеткізу жоспарланып отыр. Өткен жылы үш тіл бойынша барлығы 4 996 тыңдаушы тегін оқу курстарына қамтылса, соның ішінде мемлекеттік тілді оқыту курстарына 4 184 тыңдаушы қатысыпты. Мұнан бөлек 231 адам орыс тілі курсынан, 581 адам ағылшын тілін үйрету курстарынан өткен. Ал этномәдени бірлестіктер жанынан неміс тілін оқу курсына 500 адам қамтылған. Ана тілін оқу курсы бойынша 34 этномәдени бірлестік жетекшісіне әдістемелік көмектер көрсетілген. Әсіресе қазақ тілін өз бетімен үйренгісі келетіндер саны артып жатқаны қуантады. Мәселен, қазақ тілін қарапайым деңгейде (А1) үйренудің 16 сабағынан әзірленген тіл үйренудің IT жобасы – «QazOnline» мобильдік қосымшасын пайдаланушылардың саны да артып отыр. Қосымшаны кез келген адам «Play Market» қосымшасы арқылы ұялы телефонына жүктеп алып, пайдалануына болады. Халыққа қызмет көрсетудің бір түрі – бақылау-касса машиналары арқылы жасалатын операциялар, яғни тұтынушыларға ұсынылатын түбіртектердегі ақпараттардың жазу тілі орыс тілінде. Барлық сауда нүктесі, екінші деңгейлі банк, әуежай мен басқа да қоғамдық орында берілетін түбіртектер тек орыс тілінде ғана басып шығарылады. Бұл азаматтарды тілдік белгісі бойынша кемсітушілікке жол беріп, қоғамның наразылығын тудырып келеді. Осы орайда Мәди Мейірбекұлы ашық фактілер болмаса да жұртшылықтан түсетін арыз-шағымдар саны артқанын айтады. – Аталған мәселелер бойынша жұмыстар жүйеленген. Былтыр басқарма тарапынан 43 кездесу, әлеуметтiк тапсырыс шеңберiнде – 140, барлығы 183 нысан иесі мен қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ресми интернет-ресурстарда да тіл заңдылықтарының сақталмау деректері кездеседі. Мәселен, жекелеген ұйымдардың ресми сайттарының басты беті орыс тілінде ашылады, мемлекеттік тілде орналастырылған ақпарат көлемі орыс тіліндегі ақпарат көлеміне сәйкес келмейді. Мемлекеттік тілдегі ақпарат мерзімінде орналастырылмайды, сайттың қазақ тіліндегі нұсқасына орыс тіліндегі материалдар да жарияланады. Өткен жылы 35 жергілікті атқарушы органның ресми сайты зерделеніп, кемшіліктер түзетілді. Жалпы алғанда, 365 интернет-ресурс талданып, нәтижесінде 226-сында орын алған кемшіліктер түзетіліп, қайта жетілдірілді. Көрнекі ақпаратты орналастыру ісінде де олқылықтар аз емес. Аталған субъектілердің қызметіне жүргізілген талдау «Тіл туралы» Заңның 21-бабының нормалары жиі бұзылатындығын көрсетті. Бұл бұзушылықтар деректемелер мен көрнекі ақпараттың тек бір тілде орналастырылуымен (әдетте орыс тілінде), деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндері тең түпнұсқалылығының мағынасы мен мазмұны бойынша сәйкес келмеуімен, орфографиялық қателердің орын алуымен тығыз байланысты. Былтыр зерделенген 27 334 көрнекі ақпарат құралының 1 830-ында, яғни 6,7 пайызында заңбұзушылық анықталып, басқарма тарапынан ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, зерделеу жұмысының оң нәтижесін Тараз қаласындағы ірі сауда орындарының бірі «Тәтті себет» дүкендер желісі көрсетті. Дүкендер желісінің көрнекі ақпараттары, баға көрсеткіштері мен фискальді түбіртектері заң талаптарына сәйкес қазақ, орыс тілдерінде орындалып, ретке келтірілді, – дейді Мәди Мәтен. Тіл саясатындағы аса маңызды бағыттың бірі – ономастика саласы екені белгілі. Облыста 5 797 физикалық-географиялық бірлік және оның құрамдас бөліктері бар. 5 426 көше атауының 761-і, яғни 14,1 пайызы – жер-су атымен, 1 189-ы – дәстүрлі атаулар, 3 476-сы кісі есімімен аталады. Кісі есімімен аталатын көшелердің 1 386-сы Президент Әкімшілігі ұсынған «Тарихи тұлғалар» тізіміне сәйкес келеді. Алайда елді мекендер мен көшелер атауының 11,4 пайызы өзгертуді қажет етеді екен. Мағынасы жағынан ескірген 7 елді мекен және 554 көше, 7 атауы жоқ жаңа, атауы қайталанатын 13 көше бар. Өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, қайта атауды талап ететін көшелер мен елді мекендердің атауларын жүйелеу мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілген. Бүгінгі күні Меркі ауданындағы Плодовоягодное ауылы Жеміс-жидек ауылы деп және Тараз қаласының 11 (көше) құрамдас бөлігіне атау беріліп, қайта аталған. Жол картасына сәйкес 154 нысан мен елді мекенге, құрамдас бөліктерге атау беру және қайта атау жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері облыстық ономастика комиссиясының екі отырысы өткізіліп, «Тарихи тұлғалар» тізімін өзектендіруге Жамбыл облысынан ұсынылған тізім қайта пысықталып, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне жолданған. – Атауларды ауыстыру, қайта атау бойынша жергілікті тұрғындармен, аудан әкімдіктері жанындағы ономастика жөніндегі жұмысшы топ мүшелерімен кездесулер ұйымдастырылды. Дегенмен бүгінгі таңда «Тарихи тұлғалар», «Дәстүрлі атаулар», «Жер-су атаулары» тізімдері өзектендірілуіне байланысты республика бойынша атау беру, қайта атау жұмыстары тоқтатылған, – деді басқарма басшысы.