Жаңалықтар

ЖАЛҒАН БРОКЕРЛЕРДІ ҚАЛАЙ АЖЫРАТУҒА БОЛАДЫ?

ЖАЛҒАН БРОКЕРЛЕРДІ ҚАЛАЙ АЖЫРАТУҒА БОЛАДЫ?

Бүгінгі күні брокерсымақтар мен жалған инвестиция тартушы делдалдар санының күннен-күнге артып, белсенді жұмыс атқарып жатқанын байқауға болады.

Алаяқтар брокерлік-дилерлік қызметті жүзеге асырып жатырмыз деп сендіріп, қарапайым схема бойынша азаматтардан ақша тартады: олар қолдарында қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы болмаса да өздерін табысқа жеткен және болашағы бар компаниялардың қызметкерлеріміз деп таныстырады. Жалған брокерлер қолданатын неғұрлым кең тараған әдістер мен оларды шынайы әдістерден қалайша ажырату керектігін бірге қарастырып көрелік. Соңғы жылдары қаскүнемдер азаматтарды алдау үшін түрлі компанияларға инвестициялар тарту тақырыбын жиі қолданатын болды. Олар компаниялардың танымал инвестициялық жобаларының атаулары мен логотиптерін пайдаланады: мысалға, «Halyk Finance», «KAZ Minerals», «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз», яғни олар жөнінде ақпаратты әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таратады. Алайда биржа ешқашан инвестормен тікелей байланыс жасамайтынын есте сақтау қажет. Олардың арасында делдалдар болады – бұл қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясына ие және Қазақстан қор биржасының (KASE) мүшелері болып табылатын брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымдар. Инвестициялық алаяқтардың ең көп таралған схемаларын қарастырайық. 1-схема. Алаяқтар жалған инвестициялық веб-сайттар жасайды және бағалы қағаздар мен криптовалюталарға инвестиция салғысы келетін азаматтарды неғұрлым көп мөлшерде тарту мақсатында өздерін инвестициялық қызметті белсенді түрде жүргізіп жатқандай етіп көрсетеді. Алаяқтар әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс жүргізеді, хабарламалар таратады және белсенді жарнамалары бар жалған сайттарға сілтемелер орналастырады. Ықтимал құрбандардың санын көбейту, сондай-ақ олардың сеніміне кіру үшін алаяқтар криптобиржаларда жұмыс істеуге арналған тегін тренингтер өткізеді. Олар тыңдаушыларды жинайды, цифрлық активтерден қалай ақша табуға болатынын үйретеді және әлеуетті құрбандарға ақшалай қаражатты сенімгерлік басқару қызметін ұсынады. Мұның қалай аяқталатынын болжау қиын емес. 2-схема. Бүгінгі күні көптеген ірі компаниялар қосымша инвестициялар тарту үшін өз акцияларын қор нарығына орналастыруда. Алаяқтар өздерін әртүрлі компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырып, азаматтардың ақшасын IPO шеңберінде тартуы мүмкін. Жалған брокерлер компанияның танымалдылығын пайдалана отырып, әрбір салымның кепілдендірілген кіріс әкелетініне сендіреді. Оның дәлелі ретінде олар жалған инвесторлардың фейк пікірлерін жариялап отырады. Клиент оған сенім артып, банк шотына не «жеке менеджердің» картасына ақша аударғаннан кейін алаяқтар оларға жалған есептер мен төлем кестесін ұсынады, салған салымнан едәуір пайда түседі деп сендіреді. Ақшаны алдап алудың әртүрлі әдістері бар, соның бірін клиент компанияның заңды қызметіне күмәнданғанда, олардың заңдылығын тексере бастағанда немесе өз шотынан «еңбекпен тапқан» ақшасын алған кезде ғана байқайды, оған дейін алаяқтар өз істерін бірнеше рет қайталап үлгереді. Бұл жағдайда алаяқтар қосымша ақша талап етіп, клиентке ақшаны қайтарудан жалтарады, содан кейін клиенттің ақшасымен мүлдем жоқ болып кетеді. Жалған брокерлерді қалай танып білуге болады? «Кепілдік берілген» кіріс. Әрбір инвестиция белгілі бір тәуекелмен байланысты, бұл күтілетін кірістілікте көрініс табады. Егер сіздің ақшаңыз толық қауіпсіздікте болса, төмен пайда алуыңыз әбден мүмкін. Жоғары кірістілік болған жерде жоғары тәуекелдер қатар жүреді, сонымен қатар инвестициядан толық айырылу қаупі болуы мүмкін. Алаяқтардың көбі инвесторларды кездейсоқ жоғары кірістілікке «кепілдік берілген» немесе «жіберіп алуға болмайтын» деп сендіруге тырысып, көп уақыттарын жұмсайды. «Барлығы сатып алып жатыр». «Осы іске барлығы инвестиция салып жатыр, сіз де қалып қоймаңыз» деп айтатындардан сақ болыңыз. Бұл өнім сізге қажет пе, соны ойланыңыз. Егер өнімді таныстыру кезінде «оны соншама адам сатып алды» деген сөздер көп айтылса, бұл сіз үшін күмән келтіру белгісінің бірі болуға тиіс. Өте тиімді ұсыныс. Алаяқтар өз құрбандарына мұндай ұсыныстың өмірде бір рет қана болатынын және ертең мұндай ұсыныстың болмайтынын жиі айтады. Алайда жылдам инвестициялау үшін олардың жетегінде кетпеңіз, одан да ақшаны жібермес бұрын барлығын мұқият зерделеуге қажетті уақыт бөліңіз. Сондай-ақ инвестициялық шешім қабылдау кезінде танымал адамдардың пікірлеріне немесе құптауларына сене бермеңіз. Алаяқтар өз клиенттерін жаңылыстыру үшін мемлекеттің бірінші тұлғаларының, ықпалды адамдардың, сондай-ақ атақты адамдардың суреттері мен бейнежазбаларын пайдаланады. Назар аударыңыз! Брокерлік қызметтерді көрсететін компаниялардың қызметтері «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңымен регламенттеледі. Қазақстан Республикасының заңнамасы бойынша қарапайым азамат қор биржасынан бағалы қағаздарды өз бетімен сатып алуға немесе сатуға құқылы емес. Азаматтар оны нарықтың кәсіби қатысушысы – брокер арқылы ғана жасай алады. Брокердің қолында міндетті тәртіпте бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жүзеге асыруға ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы және ол биржаның тікелей қатысушысы болуға тиіс. Қор нарығындағы инвестициялар әрдайым әртүрлі тәуекелдермен, оның ішінде нарықтық, кредиттік, валюталық тәуекелдермен сабақтас келеді. Сондықтан адал брокер инвестицияны жоғалту тәуекелдері туралы ескертпей, жоғары табысқа уәде бермейді, сонымен қатар жалған өткізілетін «Халықтық IPO» шеңберінде инвестициялардың қайтарылуына тіпті кепілдік бермейді.