Әлеумет

Мүгедектігі бар азаматтар мәселесі ұдайы назарда

Мүгедектігі бар азаматтар мәселесі ұдайы назарда

Мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтіру, олардың өмірдегі, қоғамдағы жеке азаматтық тұлғасына құрметпен қарау, әлеуметтік мәртебесін ескере отырып, мәселесін шешу Жуалы ауданында да назардан тыс қалған емес. Өткен жылы аталған ауданда мүгедектігі бар адамдарға қолжетімді орта қалыптастыруда бірқатар шаруа жүзеге асырылды. Оның ішінде нысандарды бейімдеу ісі де тиісті деңгейде жүргізілді.

Жуалы ауданында 54 337 тұрғын болса, оның ішінде І топ мүгедегі – 109 адам, бірінші топтағылардың 23-і зейнеткер. Құрамында 41 зейнеткері бар ІІ топ санатындағылар – 467. ІІІ топта 779 азамат болса, оның 155-і зейнеткер. 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны 267 адамды құрайды. Мүгедектігі бар азаматтар мен қарттарға көрсетілетін мемлекеттік қызмет түрлерінің бірі – мүгедектерге оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес қызмет ұсыну. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысының уақытша міндетін атқарушы Гүлшат Наурызованың айтуынша, мүгедектерді протездік-ортопедиялық көмекпен, техникалық көмекші (орнын толтырушы) құралдармен, арнаулы жүріп-тұру құралдарымен, оларды ауыстыру мерзімдерін қоса алғанда, қамтамасыз ету қағидаларымен көрсетілетін мемлекеттік қызмет ауданда талапқа сай жүргізілген. Осы мәселе бойынша өткен жылдың 12 айында протез-ортопедиялық құралдарға 141 азаматтан өтініш қабылданып, әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беріліпті. Аталған азаматтарға қатысты абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламалары толығымен жүзеге асқан. 2023 жылға жалпы нысаналы трансферттен 272 мың теңге, облыстық бюджеттен 10 миллион 300 мың теңге, барлығы 10 миллион 572 мың теңге қаржы қарастырылып, игеріліпті. Сурдотехникалық құралдарға мұқтаж 18 азаматтың өтініші тіркеліп, мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың жеке бағдарламасы аясында алынған құрал саны – 30. Тифлотехникалық құралдарға 18 азаматтың өтініші тіркеліп, былтыр әлеуметтік порталмен тапсырыс беріліп, 71 құрал-жабдық алыныпты. Сурдоқұралдарға жыл басынан жалпы нысаналы трансферттен 756 мың теңге, облыстық бюджеттен 1 миллион 985 мың теңге, жергілікті бюджеттен 661 мың теңге, барлығы 3 миллион 402 мың теңге қаралып, игерілген екен. Тифлоқұралдарға жалпы нысаналы трансферттен 219 мың теңге, облыстық бюджеттен 3 миллион 241 мың теңге, жергілікті бюджеттен 4 миллион 222 мың теңге бөлініп, қаржы тиісті мақсатқа бағытталыпты. – Міндетті гигиеналық және компенсаторлық құралдарды қажет ететін азаматтардың 201 өтініші тіркеліп, әлеуметтік портал арқылы тапсырыс беріліп, барлығы орындалды. Былтыр жыл басынан жалпы нысаналы трансфертті, облыстық бюджетті, жергілікті бюджетті қосқанда 77 миллион 830 мың теңге қаралды. Нәжісқабылдағышқа жалпы нысаналы трансферттен 2 370 000 теңге, жергілікті бюджеттен 350 мың теңге, несепқабылдағышқа барлығы 1 690 000 теңге, катетер үшін жалпы нысаналы трансферттен 118 мың теңге, арқаны түзеу құралына (спина бифида) республикалық бюджеттен 3 258 000 теңге бөлініп, игерілді. «Жүріп-тұруы қиын І топтағы мүгедектігі бар адамдарға жеке көмекшінің және есту кемістігі бар мүгедектерге ымдау тілі маманының қызметтерін ұсыну үшін мүгедектерге құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 3 ымдау тілі маманы 15 мүгедекке портал арқылы қызметтер көрсетті. Бөлінген қаржы жалпы нысаналы трансферттен 4 194 000 теңге, жергілікті бюджеттен 2 051 000 теңге, барлығы 6 245 000 теңге бөлініп, тиісті мақсатқа жұмсалды. 2 азаматқа жеке көмекшінің қызметі ұсынылды. Жеке көмекшілерге жергілікті бюджеттен 1 770 000 теңге бөлінді. Мүгедектігі бар ересектер мен балаларға санаторлы-курорттық емделуге 281 өтініш тіркеліп, 255 адам портал арқылы тапсырыс беріп, жыл ішінде 255 азамат түгел қамтылды. Ол үшін тиісті азаматтар бөлінген 58 миллион 138 мың теңгенің игілігін көрді. «Медициналық-әлеуметтік мекемелерде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша облыстық бейімдеу орталығына былтыр 18 азаматтан өтініш қабылданып, 17 азамат тиісті оңалту орталықтарына жолданды. Бір азамат жеме-жемге келгенде облыстық бейімдеу орталығының қызметін тұтынып, бейімделуден өту, оңалту қызметін тұтыну ісінен бас тартты. «Мүгедектерге кресло-арбаларды беру үшін оларға құжаттарды рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 2023 жылдың 12 айында 38 өтініш тіркеліп, абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламасының 52 құралы 38 адамға сатып алынды. Бұл бойынша да өткен жылы бюджеттік жалпы нысаналы трансферттен 1 897 000 теңге, облыстық бюджеттен 3 983 000 теңге, жергілікті бюджеттен 4 933 000 теңге, барлығы 10 813 000 теңге қарастырылып, игерілді, – дейді Гүлшат Әбілқызы. «Үйде күтім көрсету жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге құжаттар рәсімдеу» мемлекеттік қызметі бойынша 12 айда 89 жалғызбасты қарт пен мүгедектерге 14 әлеуметтік қызметкер және 36 мүгедек балаға 8 әлеуметтік қызметкер көмек көрсетіпті. Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеуге 75 балаға өтініш тіркеліп, жәрдемақы ретінде жергілікті бюджеттен 3 414 000 теңге тағайындалып, ол қаржы толық төленген екен. Жыл ішінде «Жуалы мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігінде 20 балаға жартылай стационардағы бейімдеу орталығында қызмет ұсынылған. Бұл қызметке жергілікті бюджеттен 18 950 000 теңге жұмсалған. Жалпы 2023 жылы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне өтініш жасаған мүгедектігі бар азаматтардың абилитациялаудың және оңалтудың жеке бағдарламалары 100 пайызға орындалыпты. Мүгедектердің өмір сапасын жақсарту және олардың белсенділіктерін арттыру мақсатында «Шапағат» корпоративтік қоры Жуалы ауданында мүгедектігі бар адамдарға инватакси қызметін ұсынған. Осы қызметтің сапасы мен желісін кеңейту аясында атқарылған жұмыстың нәтижесінде ауданда 89 мүгедектігі бар азамат 2 инватакси қызметімен қамтамасыз етіліпті. Былтыр осы бағытта жергілікті бюджеттен бөлінген тиісті қаржы толығымен мақсатты пайдаланылған. – Жуалы ауданы аумағында орналасқан мекемелер мен қызмет көрсету орындарында мүмкіндігі шектеулі жандарға қолайлы жағдайлар жасау, олардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда. «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасын іске асыру шеңберінде инфрақұрылымды жақсартуға және бейімделуді жүргізу үшін аудан бойынша 2021-2025 жылдарға 86 нысан жоспарланған болатын. Нәтижесінде 2023 жылдың жоспары бойынша 17 нысанды бейімдеу көзделген еді. Жыл ішінде жоспарланған 17 нысанда бейімдеу жұмыстары жүргізіліп, 5 нысанда ішінара, 12 нысанда толық жүргізілді. Атап айтқанда, мемлекеттік басқару саласында Қарасаз ауылдық округінің әкімі аппаратының, Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі аппаратының ғимаратына бейімдеу жұмыстары ішінара жүргізілді. Білім беру саласында №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияға, №11 Т.Тастандиев атындағы, №6 А.Пушкин атындағы, №5 М.Ломоносов атындағы, №4 Қ.Сағындықов атындағы, №16 С.Сейфуллин атындағы орта мектептерге бейімдеу жұмыстары толығымен мемлекеттік нормативтік ережелерді сақтай отырып жүргізілді. Ал 3 нысанда, яғни №28 Амангелді атындағы орта мектеп және №25 Ақтөбе ауылы тірек мектебінде, Ынтымақ ауылының негізгі мектебінде бейімдеу жұмыстары ішінара атқарылды. Денешынықтыру және спорт саласында №15 Б.Момышұлы ауылындағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде бейімдеу жұмыстары толығымен мемлекеттік нормативтік ережелерге сай аяқталды. Денсаулық сақтау саласында 5 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізуге 498 мың теңге қаржы бөлінді. Мысалы, Бәйтерек ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Амангелді ауылдық фельдшерлік-акушерлік пункті, Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясы, Жұрымбай ауылдық медициналық пунктіне қатысты бейімдеу жұмыстары толығымен мемлекеттік нормативтік ережелер шеңберінде бейімделді. Сонымен қатар қолжетімділіктің интерактивті картасының деректері бойынша «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» ақпараттық порталында 2023 жылға жоспарланған 17 нысан толығымен порталға енгізіліп, жарияланды. Ауданда мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау, олар үшін қолайлы орта қалыптастыру бағытында өткізілген іс-шаралар, көрсетілген көмектер туралы мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде уақытылы жарияланып тұрады, – дейді Г.Наурызова. Жуалы ауданында мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша да нәтижелі жұмыстар атқарылған екен. Мәселен, ауданда мүгедектігі бар 25 азамат қоғамдық жұмыстарға, 4 адам әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген. Бесеуі «Жастар тәжірибесі» бойынша, 2 мүгедектігі бар адам «Алғашқы жұмыс орнына», тағы осыншамасы «Күміс жас» жобасы бойынша жұмысқа алынған. 67 тұрғын тұрақты жұмыс орындарына жолданыпты. «Бастау Бизнес» жобасымен 95 азамат кәсіптік оқытудан өтсе, қайтарымсыз грантпен 23 азамат қамтылған. 6 адам қысқамерзімді оқыту курстарынан өткен. Есепті кезеңде мүгедектігі бар азаматтарға аудан бойынша белгіленген 9 жұмыс орны квотасының 9-ы да 100 пайыз орындалыпты. Осы жылға аудан бойынша мүгедектігі бар азаматтарға 3 мекемеге 4 жұмыс орнының квотасы белгіленіпті. Атап айтқанда, «Малибекова Н.Э.» шаруа қожалығында 1 адамға, «Алина» шаруа қожалығында 2 адамға жұмыс орны ашылса, Жуалы ауданының білім бөлімінің №27 Дихан орта мектебіне 1 ерекше қажеттілігі бар азамат жұмысқа тұрған. Биыл өз ауылына қоғамдық жұмысқа жолданған азаматтың бірі – Айдын Зуырбеков. Ол Күреңбел ауылдық округінде тұрады. – Жасым 39-да, үйде бес ағайындымыз, біреуі қарындасым. Әкем өмірден өткен, анам бар. Бірақ ол Астана қаласында өзге бауырларыммен бірге тұрады. Ауылда інім мен келінім қарашаңырақтың түтінін түтетіп отыр. 2007 жылдары студент кезімде бір топ бұзақылардың қолына түсіп қалып, өз-өзімді қорғау барысында басымнан ауыр соққылар алған едім. Басында мән бермедік, оқу бітіріп, ауданымыздағы Қошқар ата ауылында жас маман ретінде мемлекеттік қызметші болып жұмыс істеп жүрдім. Кейіннен басым солқылдап ауырып, жанымды қоярға жер таппадым. Қанша жерден дәрігерді жағалағанымызбен, студент кезімде шайқалған миым уақытында ем қабылдамағандықтан, осындай жағдайға жеткізді. Ауру жүре келе асқынып, бойыма дерт болып жабысты. Қазір ІІ топтағы мүгедектігі бар азаматпын. Мемлекеттен қолыма 76 мың теңге жәрдемақы аламын. Бірақ қазіргідей нарық заманында ол қаржыны ойлаған мақсатыңа жұмсап жеткізе алмайсың. Сондықтан қарап жүргенше еңбек етейін деп шештім. Біздің міндетіміз – қыс мезгілінде әкімшілік ғимаратының алды секілді бөлініп берілген аумақтың қарын күреу, жазда тал-дарақты бұтау, арық-атызды, көше бойын тазалау, аптасына бір мәрте қоқыс жинау. Осы жұмыстарды былтыр да атқарғанмын, жұмыс істеуге қабілетім бар болғандықтан, биыл да еңбек етуді жалғастырдым. Қолыма алатын жалақым 85 мың теңге шамасында. Жалпы қазақта «Еңбек еткеннің еңсесі биік» деген сөз бар. Жұмыс істеп, қаржыңды өз қажетіңе жаратып, артылса бауырларың үшін жұмсасаң, соларға қарайлассаң, осы әрекет отбасының берекесіне ұйытқы болады, – дейді Айдын Сауытбекұлы. Жуалы ауданы Шақпақ ауылдық округінің тұрғыны Гүлдархан Байжұманова ІІІ топтағы мүгедектігі бар жан. Ол биыл «Күміс жас» жобасы бойынша «Жаналиев» жеке кәсіпкерлігінің кеңсе тауарларын сататын дүкеніне жұмысқа орналасыпты. – Жасым 57-де. Өзім Талапты ауылында туып-өстім. Уақытында сатушы мамандығы бойынша білім алғанымызбен, бұл мамандықпен жұмыс істеуге мүмкіндік болмады, 1983-1984 жылдары училищені бітіргеннен кейін аз ғана уақыт сатушы болып еңбек еттім. 1987 жылы Шақпақ ауылына келін болып түстім. Екі жыл ауылдағы кеңшарда жұмысшы болдым. Одан кейін аумалы-төкпелі заман басталып, кеңшар таратылып, жұмыссыз қалдық. 2010 жылдары үш жыл ауылдағы балабақшада аула сыпырушы болып жұмыс істедім. Қазіргі таңда зейнетке шығуыма 4 жыл қалды. Мемлекеттен 52 мың теңге жәрдемақы аламын. Марқұм отағасы екеуміз 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп өсірдік. Қыздар қияда, тұрмыс құрған, үйлі-баранды. Қолымдағы ұлым бұрын сыр зауытында жұмыс істеген, қазір бос жүр дегенім болмаса, ақыға елдің ұялы телефонын жөндеп беріп, жан бағып жүр. Келінім бала күтімімен үйде отыр. Әрі отбасымыз қаржыдан тарықпасын деген ниетпен және зейнетке шығарда пайдасы тиер деген оймен, аудандық мансап орталығынан барып жұмыс сұраған едім. Мені өз ауылымдағы сатушы маманын қажет еткен жеке кәсіпкерлікке жолдады. Айлықақым 110 мың теңге көлемінде. Бар ойым – немерелеріме әжелік тәлім көрсетіп, осы үйдің барын ұқсату, жоғын түгендеу, балама ақылшы болу, – деді Гүлдархан Орынбасарқызы. Әлеуметтік саладағы жетістіктің бірі – мүгедектігі бар азаматтардың мәселесі оң шешім табуына назар аударып, оларға талапқа сай жағдай жасау. Ерекше қажеттілігі бар адамдардың еңбекпен қамтылып, кәсіп ашуына ықпал ету. Жуалы ауданында осы тектес жұмыстар жүйелі жалғасуда.