Әр тиынның сұрауы бар
Әр тиынның сұрауы бар
Жүргізілген аудиторлық іс-шаралардың нәтижелері бойынша 85 істе жалпы сомасы 13 640,2 миллион теңге көлеміндегі бұзушылықтар анықталған. Оның ішіндегі 3 007,9 миллион теңге қаржылық бұзушылықтың 237,4-і бюджетке қайтарылуы тиіс. Оның 167 миллион теңгесі бюджетке өтелген. Қалпына келтіруге жататыны – 1 751,3 миллион теңге. Ал орындалған жұмыстар мен қызметтер есебінен қалпына келтірілгені 575,6 миллион теңгені құрапты. Бұл жөнінде облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Марат Егембердиев өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте айтты. Спикер брифингте 2023 жылы жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Департамент басшысының айтуынша, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес былтыр тиісті жұмыстарды өз деңгейінде жүргізген. – Аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 96 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 55 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10,9 миллион теңге бюджетке қайтарылды. Құқық қорғау органдарына 1 462,8 миллион теңге сомасымен 14 материал берілді, онда 4 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал 2 материал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімінің аппаратына тиісті іс-шаралар қабылдау үшін жолданған. Қаржылық бұзушылықтардың негізгі үлесі заңды және жеке тұлғалардың өтініштері бойынша аудит жүргізу кезінде белгілі болды. Мәселен, оның бірі – 2 243 миллион теңге. Сондай-ақ комитеттің тапсырмасы бойынша 514,1 миллион теңге мен мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесі бойынша 250,8 миллион теңгедей бұзушылық бар екені анықталды. Тарқатып айтсақ, орындалмаған жұмыстар, көрсетілмеген қызметтер және жеткізілмеген тауарлар үшін қаражатты төлеу бойынша 1 219,6 миллион теңге, жұмыстарды сапасыз орындауға қатысты 6,4 миллион теңге көлеміндегі бұзушылық орын алған. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің резервінен бөлінген қаржы жыл ішінде пайдаланылмаған қаражатты қайтаруды қамтамасыз етпеу ісі бойынша 48,2 миллион теңге, еңбекақыны көтеруге республикалық бюджеттен бөлінген ағымдағы трансферттер қаражатын мақсатсыз пайдалануға қатысты 20,9 миллион теңге, бухгалтерлік есеп пен есептілік саласындағы бұзушылықтар ісіне қатысты 989,6 миллион теңгенің бұзушылығы анықталды. Жалақы, іссапар және басқа төлемдер бойынша бұзушылықтар 136,3 миллион теңгені құраса, мемлекеттік активтерді пайдаланудағы бұзушылықтар – 30,9 миллион теңге. Сонымен қатар 556 миллион теңге көлемінде басқа да бұзушылықтар бар, – дейді Марат Темірбекұлы. Сондай-ақ спикер департамент ҚР Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы №598 «Камералдық бақылау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес мемлекеттік сатып алу рәсімдеріне камералық бақылауды жүзеге асырғанын тілге тиек етті. Бақылаудың мақсаты – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу және болдырмау. Мемлекеттік аудит объектілеріне әкімшілік жүктемені азайту және камералдық аудит нәтижелері бойынша анықталған бұзушылықтарды өз бетінше дербес жою мақсатында құқықтар беру. Өткен жылдың 31 желтоқсанына 27 194 мемлекеттік сатып алуға камералдық бақылау жүргізілді. Нәтижесінде өндірілуі тиіс 27 647 сатып алу анықталды. Оның ұйымдастырушылары мен тапсырыс берушілеріне анықталған бұзушылықтарды жою туралы 5 945 хабарлама жіберілген. Оның ішінде 5 847-сі орындалған. Камералдық бақылау негізінде бұзушылықтарды жою туралы жіберілген хабарламаларды уақытылы және тиісінше орындамағаны үшін еліміздің Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы 77 хат жолданыпты. 94 әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама жасалып, соттың қарауына жолданған екен. Бұдан бөлек есепті кезеңде мемлекеттік сатып алу бойынша 1 478 арыз-шағым келіп түскен. Оның ішінде 867 шағым қанағаттандырылған және ішінара қанағаттандырылған. Қанағаттандырудан бас тартқаны – 611. Сонымен қатар департамент өз құзыреті шегінде аудит материалдары, құқық қорғау органдары және басқа да мемлекеттік органдардың материалдары бойынша, ҚР бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасы және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы бойынша әкімшілік істерді қарайды. Өткен жылдың есепті кезеңінде департаментте барлығы 905 әкімшілік хаттама тіркеліп, оның ішінде 792 материал қаралып, әкімшілік айыппұлдар салынса, 113 материал сотқа берілген. Жалпы сомасы 114,5 миллион теңгеге айыппұл салынса, оның 108,3 миллион теңгесі өндірілген. Қалған 6,2 миллион теңге мәжбүрлеп төлету үшін мемлекеттік сот орындаушыларға және жеке сот орындаушыларға жолданған екен. Бұдан бөлек департамент тарапынан аудиторлық іс-шаралар қорытындысымен 3 талап-арыз беріліп, барлық іс қанағаттандырылған. Департаментке берілген талап-арыз саны 16-ны құраса, оның төртеуі ішінара қанағаттандырылған. 4 арыз қаралып жатса, 8-і бойынша қанағаттандырудан бас тартылыпты. А.БЕКЕНҚЫЗЫ