Тараз төріндегі толғаныс
Тараз төріндегі толғаныс
«Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің «Көркемсурет галереясы» залында өткен кештің шымылдығы өнер иесінің өлеңдерінен құралған поэтикалық-композициялық көрініспен ашылды. Кеш барысында автордың лирикалық сарындағы өлеңдері оқылып, белгілі композитор Әбиірбек Тінәлиевтің орындауында «Фариза» әні шырқалды. Шығармашылық кешке арнайы келген аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев ақынға шығармашылық табыс тілеп, жылы лебізін білдірді. – Әулиеата өңірінде өнер мен мәдениеттің кең қанат жаюына, ана тіліміздің мәртебесінің биіктеуіне барлық жағдай жасалған. Өткен жылы жергілікті 24 қаламгердің кітабы жарық көріп, оқырмандарға жол тартты. Биыл бірқатар ақын-жазушының мерейтойын атап өту жоспарлануда. Атап айтқанда, Кенен Әзірбаевтың 140 жылдығы, Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған шаралар лайықты түрде ұйымдастырылады. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты халықаралық ақындар айтысы да дәстүрлі түрде өтеді. Бүгінгі әдеби кеш барысында сіз бен біз талантты ақын Хамит Есаманның шығармашылығымен жақынырақ танысамыз деп ойлаймын. Жерлесіміздің алдағы уақытта да тартымды туындылар ұсынып, ел-жұрттың құрметіне бөлене беруіне тілектеспін, – деді облыс әкімі. Сондай-ақ бұл күні өнер иесінің «Фәни-Құбылыс» атты кітабының тұсауы кесілді. Кешке арнайы келген ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет, Ғалым Жайлыбай және жергілікті ақын-жазушылар Пернебай Дүйсенбин, Елен Әлімжан мен Шырын Мамасерікова ақынның шығармашылығы жөнінде ой толғап, игі тілектерін жеткізді. (Ақын Хамит Есаманның жыр кеші туралы толығырақ газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар).
«AR-AI»-ақпарат