Жаңалықтар

Басты мақсат - халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

«Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Минералды тыңайтқыштар зауытында жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдар бойынша тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті. Төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі іс-қимылдарды одан әрі жетілдіру, сондай-ақ азаматтық қорғау қызметтерінің басқару органдарын, күштері мен құралдарын көктемгі кезеңге дайындау мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысты.

 Оқу-жаттығудың жоспарына сәйкес, Минералды тыңайтқыштар зауытында шартты түрде болған қатты жер сілкінісінің салдарынан аммиак цистернасы мен дизель отыны цистернасы құлап, герметикаланбаған өрт және отын багының жарылу қаупі туындады.

Оқиға орнында төтенше жағдайды жою бойынша жедел штаб құрылды. Апатты жою жетекшісі, төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, полковник Руслан Орынбеков келіп жеткен күштердің алдына авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу бойынша жауынгерлік міндет қойды. Департаменттің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің жеке құрамы өрт гидрантын орнатумен және аммиак бар теміржол цистернасына 4 аралас су оқпандарын берумен жауынгерлік өрістетуді жүргізді.

Өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес газ құтқарушылар бөлімшесі, апаттар және жедел жәрдем медицинасы орталығының бригадалары, полиция патрульдері, ҚР Ішкі істер министрлігінің Ұлттық ұланының 5513 әскери бөлімінің әскери қызметшілері, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 22534 әскери бөлімінің, төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі авариялық-құтқару іс-қимылдарын жүргізді.

Осылайша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелерінің, зауыт күштерінің және облыстың өзара іс-қимыл қызметтерінің жиынтық тобы қойылған оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап шықты. Оқу-жаттығуға барлығы 69 адам, 17 техника жұмылдырылды.

Талғат Нұрханов