Кәсіп

Өндіріс өңірді өрге бастайды

Өткен жыл кәсіпкерлер үшін де сәтті болды. Бұлай дейтініміз, облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының ұсынып отырған мәліметінше, жыл қорытындысымен республика көлемінде жамбылдық кәсіпкерлер оқ бойы озық болған.

 Өткен жылды саралау, алдағы жылға жоспар жасау істің жүйелі жүргізілуі үшін қажет. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, Жамбыл облысында негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 517,2 миллиард теңгені құраған. Бұл бұрнағы жылмен салыстырғанда 17,3 пайызға артық. Сонымен қатар 2023 жылғы ІІІ тоқсанның қорытындысына сәйкес, 98,2 миллион АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылған.

Соның арқасында жалпы құны 75 миллиард теңгені құрайтын 13 жаңа өндіріс орны іске қосылды. Нақтырақ айтар болсақ, «Алатау сүт өнімдері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүт өңдеу цехын кеңейтті. Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылындағы жобаның құны 2 миллиард теңгені құраса, қуаты жылына – 200 мың тонна. Ол жерде 15 жұмыс орны ашылды. «Алашпром» ЖШС автоклавты газды-бетон өндірісін іске қосты. Облыс орталығындағы осы жобаның құны – 2,4 миллиард теңге. Қуаты жылына 50 мың текше метр болса, ашылған жұмыс орны – 29. Жоба құны 1,6 миллиард теңге болатын «Супер Фарм» ЖШС шприц сынды медициналық бұйымдарды өндіреді. Жылына 250 миллион дана шприц шығаратын осы серіктестікте 90 адам жұмыспен қамтылған. Ал «Тараз арматура зауыты» ЖШС құрылыс арматурасын өндіреді.

Тараз қаласындағы бұл жобаның да құны 2 миллиард теңгені құрап отыр. 160 адам жұмыспен қамтылып отырған зауыттың әлеуеті жылына 200 мың тонна арматура өндіруге есептелген. «Джон Бан МеталлПром» ЖШС мырыш оксидін шығарады. Жобаның құны – 10 миллиард теңге. Қуаты жылына 7,5 мың тонна. Мұнда 10 жаңа жұмыс орны ашылған. «Алель Агро» ЖШС кешенді жем зауыты Байзақ ауданындағы Ботамойнақ ауылдық округінің Үшбұлақ ауылында орналасқан.

Жоба құны 3 миллиард теңгеге татитын өндіріс орнында 30 жұмыс орны ашылыпты. Бұл серіктестік жылына 54 мың тонна мал азығын дайындайды. «KazStonebox» ЖШС гофрленген картоннан жасалған қаптама жасаумен айналысады. Байзақ ауданының Қостөбе ауылындағы жобаның құны – 1,7 миллиард теңге. Қуаты – жылына 10 мың тонна. 20 жаңа жұмыс орны ашылған. Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылдық округіндегі «Құлан профнастил» жеке кәсіпкерлігі де гофрленген плитка цехы қызметін ашқан. Жобаның құны – 18,2 миллион теңге. Жылына 500 текше метр өнім өндіретін кәсіпкерлік 4 адамды жұмысқа алды.

«Парус-Т» ЖШС минералды су зауытын ашқан. Жобаның құны – 200 миллион теңге. Сағатына 3000 литр су шығаратын зауыт 15 азаматқа жұмыс беріп отыр. «Новотекс» ЖШС жел электр стансасы Талас ауданының Көктал ауылдық округінде ашылған. Жобаның құны – 1,8 миллиард теңге. Жылдық қуаты – 4,5 мВт. Мұнда 12 адам жұмыспен қамтылған. «Asia NST Group» ЖШС мәрмәр ұнтағы өндірісін іске қосқан. Талас ауданының Көктал ауылдық округіндегі жобаның құны – 476 миллион теңге. Жылына 100 мың тонна мәрмәр ұнтағы өндіріледі. Осы өндіріс орнында 35 тұрғын жұмыс істейді. «Мұхиев Есей» жеке кәсіпкерлігі темірбетон конструкцияларын өндіреді. Байзақ ауданы, Ботамойнақ ауылдық округінің Үшбұлақ ауылындағы жобаның құны – 0,5 миллиард теңге. Қуаты жылына – 62 400 текше метр. Бұл кәсіпкерлік нақты 100 адамды жұмыспен қамтыды.

«Шоқпар ЖЭС» ЖШС жел электр стансасы Сарысу ауданының Жаңатас қаласында орналасқан. Жобаның құны – 50 миллиард теңге. Қуаты – жылына 100 мВт. Онда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсібінен нәсібін айырған іскер азаматтар облыста жетіп артылады. Бұл жерде тек ірі өндіріс орындары мен зауыттарды ғана тілге тиек еттік. Жалпы шағын және орта кәсіпкерлік саласында да істің ілгерілеуі басым. Себебі жыл сайын кәсіпкерлердің ісін өрге домалататын сан түрлі бағдарламалар мен бірегей жобалар жүзеге асып жатыр.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту

басқармасының баспасөз қызметі