Жаңалықтар

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КАДР РЕЗЕРВІНЕ 7 КАНДИДАТ ӨТТІ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КАДР РЕЗЕРВІНЕ 7 КАНДИДАТ ӨТТІ

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ҚР Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу, даярлау тетігін әзірлеу және бекіту бойынша «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» бағдарламасын пилоттық режимде іске асыруда.

Жуырда облыс әкімдігі білім басқармасының басшылығы өңірімізден республикалық кадр резервіне алынған педагогтермен кездесті. Кездесу барысында басқарма басшылығы резервтегі мамандармен аталған жоба бойынша пікір алмасып, бүгінде облысымыздағы бірінші басшының лауазымы бос тұрған білім мекемелерімен таныстырды. Сонымен қатар білім мекемелеріндегі бірінші басшының лауазымдық міндеттері мен басшыға артылатын жауапкершілік турасында да сөз болды. Кадр резервіндегі мамандар тарапынан ұсыныстар да айтылды. Айта кетейік, білім берудегі өзгерістің көшбасшыларын іріктеу бес кезең бойынша жүзеге асырылды. Бірінші кезеңде үміткерлер өз құзыреттілігін бағалау үшін тестілеуден өтсе, екінші кезеңде оқуға жіберілді, үшінші кезеңде еліміздің жетекші мектептерінде тағылымдамадан өтті, төртінші кезеңде қорытынды бағалау рәсімі жүргізілді және бесінші кезеңде министрлік жанындағы комиссиямен әңгімелесуден өтті. Барлық бес кезеңнің қорытындысымен республикалық кадр резервіне облысымыздан 7 кандидат өтті. Оқудан, тағылымдамадан және әңгімелесуден өткен үміткерлерге сертификат беріледі. Соның негізінде одан әрі жұмысқа орналасу үшін олар кадр резервіне енгізіледі. Резервтегілер бірінші басшының бос лауазымына конкурстық рәсімдерден өтпей тағайындалады. Атап өтейік, барлық кезеңдерден сәтті өтіп, сертификат алғандарға «Басшы-көшбасшы» біліктілік санаты берілетін болады.