Жаңалықтар

МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ МӘРТЕБЕЛІ ПЕДАГОГ

МАМАНДЫҒЫНА АДАЛ МӘРТЕБЕЛІ ПЕДАГОГ

Университет – білім, ғылым ордасы. Жастарға ілім үйрететін ортада еңбек етіп жүрген ұстаздардың еңбегі зор. Өмірін білім саласына арнаған ардақты ұстаздың бірі – физика әрі биология саласының майталман маманы, ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбай Тілеубаев.

Жақсыбай Сұрабердіұлы – тарихы терең Тараз қаласында дүниеге келген. Жамбыл педагогикалық институтын физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үздік бітіріп, 1972-1973 жылдары әскер қатарында болады. Отан алдындағы борышын өтеген Жақсыбай Сұрабердіұлы кейін Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтында лаборант болып еңбек жолын бастайды. Институт ректоры Марс Үркімбаев білікті кадрларды қалыптастыру мақсатында жас мамандарды оқытуға көп күш салды. Сол жас маманның бірі Жақсыбай ағай еді. 1975-1979 жылдары Москва гидромелиоративтік институтында «Экспериментальдік физика» мамандығы бойынша аспирантурада білімін шыңдайды. Сол уақытта білім шыңын бағындыруға аттанған 16 маман да докторлық дәрежесін алады. Осылайша қарапайым лаборант болып еңбек жолын бастаған маман ғылым докторы атанады. 18 жыл Арқалық, Қостанай аймағында кең даланың топырағын зерттеп, мол өнім алу үшін жұмыс істейді. Сол бір жылдарды ғалым: «1980 жылдары бидайды лазерлік және магниттік өріс арқылы өндіру кең етек алды. Бидай егерден бір апта бұрын магнит өрісімен бидайды өңдейміз, нәтижесінде мол өнім аламыз. Сол кезде ҚазҰУ-дың ғалымдары лазерді пайдаланып, тәжірибе жасаған. Оның бір кемшілігі – ол үшін жоғары кернеу қажет. Біздің ғалымдар магнитті пайдаланып, жақсы көрсеткішке жете алдық», деп еске алады. Жақсыбай Тілеубаев осы уақытқа дейін «Биология», «Теориялық физика», «Педагогика және жаратылыстану», «Биология және БОӘ» кафедраларының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. «Физика» кафедрасында біраз жыл еңбек еткен ғалым 2000 жылдан бастап «Биология» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарады. Білек сыбана жұмысқа кірісіп, магистратура ашып, 2011 жылы студенттер үшін тәжірибе алаңы ретінде жылыжайды іске қосады. Өсімдіктің түр-түрін егіп, білімгерлер тәжірибе жасап, білімдерін шыңдады. Жастарды ғылымға тартып, кадрлардың ғылыми әлеуетін көтеру үшін докторантураның аса қажет екенін Жақсыбай Сұрабердіұлы жақсы білді. Сол мақсатта 2019 жылы докторантура да ашылады. Кафедрада 5 ғылым докторы жұмыс істеді. Қазіргі таңда «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің «Биология» кафедрасы жоғары кәсіби мамандар даярлайтын орталықтың бірі. Кафедраның профессор-оқытушылар құрамы заман талабына сай жандүниесі бай, ақыл-ойы жетік, жауапкершілігі мол, табиғатты аялап, қорғай алатын, тіршілік заңдарын жетік білетін жаңа тұрпатты ұстаз даярлауды негізгі міндеті деп есептейді. Жоғары оқу орнында студенттің жан-жақты білім алуы үшін білімгердің ізденісі мен талабы аздық етеді. Оқу орнының материалдық-техникалық базасы мен оқытушылар құрамы үлкен рөл атқарады. Соңғы жылдары басшылықтың қолдауымен биология кабинеттеріне құрал-жабдықтар алынып, магистранттарға арналған ғылыми-зерттеу лабораториясы мен жылыжай комплексі іске қосылды. Кафедра оқытушылары биология курстары бойынша оқытудың инновациялық технологиясын және интерактивті әдістерін қолданып, сабақ өткізеді. Кафедраның профессороқытушылары мен ғалымдары студенттер мен магистранттардың дипломдық және диссертациялық жұмыстарына қажетті тәжірибе жүргізу үшін А.Б.Бектұров атындағы Химия ғылыми-зерттеу институты, Егіншілік және жер игеру республикалық ғылыми-зерттеу орталығы, Қазақ сушаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, К.И.Скрябин атындағы зооветеринариялық стансамен, Микробиология және вирусология ғылымизерттеу институттарымен келісімшартқа отырып, бірлесіп ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Қала мектептерімен байланыс жасап, оқушылардың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жасайды. Жақсыбай Сұрабердіұлы осынау жұмыстардың бел ортасында жүріп ғылымның дамуына, студенттердің лайықты білім алуына өзіндік үлесін қосып келеді. Қос саланың майталман маманы 20 оқу құралының, 3 монографияның, 300-ден аса жариялымның авторы. Ғылым мен білім саласына қосқан ерен еңбегі еленіп, ғалым «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері төсбелгісімен марапатталған. 2019 жылы «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атанды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші, ұстаздың ұл-қыздары да әке жолынан алыс кетпеді. Екі қызы да Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында қызмет атқарады. Екеуі де «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алған. Ал ұлдарының бірі сот қызметкері болса, екінші ұлы «Hyundai» компаниясында еңбек етеді. Ғалымның немересі IT мамандығы бойынша ҚазҰУ-ды үздік дипломмен тәмамдап, шетелде білімін жетілдіруді көздеп отыр. Балаларының бойына тәрбие сіңіріп, білім беріп, өмірде өз орындарын табуына ақыл-кеңесін аямаған асқар тау әке бүгінде ұл-қызына қарап мақтанады, жетістіктерін көріп қуанады. Өмірде көргені мен білгені көп әкенің балаларына берері мол. Ол өзінің өмір жолымен, атқарған қызметімен, сіңірген еңбегімен балаларына ғана емес, барша жас буынға үлгі. Ұстазына қарап бой түзеген, кеңесін тыңдаған талай шәкірті мақсатына жеткен. Ұлағатты ұстаздың тәлімін алған шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етуде. ҚР Оқу-ағарту министрлігінде, Қазақстанның бірнеше жоғары оқу орнында, медициналық орталықтарда, мектептерде жауапты қызметтерді атқарып жүр. Шәкірттері ұстаздың ақыл-кеңесіне әлі де жүгінеді, бірігіп зерттеу жасайды. Кешегі шәкірт бүгін әріптес болып, қатар ұстаздық етіп, шәкірт тәрбиелеп жүргендері қаншама.

Гүлбақыт БЕРІКҚЫЗЫ, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Университет тынысы» газетінің редакторы