Жаңалықтар

Цифрлық теңге «жаңа экономика» құруға көмектеспек

Блокчейн технологиялары Қазақстанды жемқорлықтан барынша тазартып шыға алады. Жуырда Мемлекет басшысы бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау үшін цифрлық теңгені пайдалана отырып, ақшаны таңбалау кілті туралы айтып өтті.

Цифрлық теңгенің ең мықты жері осы. Программаланған токен болғандықтан ақша кімнен кімнің қолына өтті, бақылап отыра аламыз. Мысалы, мемлекеттік тендерлердің барлығын цифрлық теңгеге ауыстырып, осы тендерлік цифрлық теңгені қолма-қол ақша ретінде шешіп алу мүмкін болмайтындай жасап қоюға болады. Сонда біз тендер жеңімпазының ақшаны қалай жұмсағанын, кімнен тауар алғанын, кімдерге қанша айлық төлегенін көріп, содан үлкен BIG Data базасын құраймыз.

Дәл осы кезде мемлекеттік ақшаға мүмкіндігінше қазақстандық тауар алынғанын бақылап, мәжбүрлеп отыруға мүмкіндік бар. Осы арқылы жемқорлықты атымен жойып, отандық бизнеске мықты қолдау көрсете алмақпыз. Қазір Ұлттық Банк негізгі шаруаларын сәтті аяқтап, цифрлық теңгені жұмыс режиміне енгізді. Жоспар бойынша 2025 жылдан бастап цифрлық теңге барлық жерде қолданыла бастайды. Онымен бірге зейнетақы активтерін экономика мүдделері үшін тиімді пайдалану тапсырылды.

Бұл өте жауапты жұмыс. Алғашқы транш – 173 миллиард теңгеге 13 пайыз кірістілікпен облигациялар орналастырылды. Одан халық та, экономика да ұтпақ. Халыққа зейнетақы жинағының жоғары табысы, ал экономикаға ұзақмерзімді өтімділік келетін болады. Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесе отырып, экономикалық эффектісі жоғары, болашақта жақсы пайда беретін жобаларды іріктейді. Егер көзделген 1,5 триллион теңгенің барлығына жақсы жобалар таба алсақ, ортақ кірістілігі жылдық 10 пайыздан асқан жағдайда, біз, болашақ зейнеткерлер өте жақсы табыс алатын боламыз.

Айбар Олжаев, экономист сарапшы