Хагги Ваггидің бала психологиясына кері әсері бар ма?
Хагги Ваггидің бала психологиясына кері әсері бар ма?
Шығу тарихы
Хагги Вагги сөзін ағылшын тілінен аударғанда құшақтау деген мағынаны білдіреді. 2021 жылы қазан айында америкалық инди – құрастырушы MOB Games PoppyMobile атты ойын желісін ойлап тауып, Хагги ойынның бірінші бөлімінің антогонист кейіпкеріне айналады. Ең алғаш Windows үшін Steam нұсқасы, кейін мобильді қосымша ретінде Android және IOS-та шықты. Ойын сюжетіне келер болсақ, қараусыз қалған ойыншық зауытының экс-қызметкері із-түссіз жоғалған әріптестерін іздеуге аттанады. Жол бойында ол көптеген қиындықтарға тап болып, жұмбақтарды шешуіне тура келеді. Көк құбыжықты да жолай кездестіріп, одан қаша жөнеледі. Егер ұстап алса, қызметкердің өміріне қауіп төнеді. Әрине, бұл кейіпкерлердің танымал болуына ойын себепкер болмады. «TikTok» желісі арқылы «Бізде көк түсті Хагги Вагги жоғалып кетті», «Біздің Хаггиге 1000 жас» немесе «Қара, бұл Хагги Ваггидің әжесі» деген сынды құлаққа түрпідей тиетін дыбыстар танымал болып, ойыншықтың сатылымын да, ойын қаралымын да арттырғаны рас. Ал Кисси Мисси кейіпкері фанаттардың арнайы сыйы, яғни жұбайы. Кішкене бүлдіршіндер Хаггидің тек өзін ғана емес, оның отбасын бірге алып беруін өтінеді де екен. Ғаламтор беттерінде Хаггидің анасы, сүйіктісі, әкесі де бар көрінеді.
Бұл ойыншықты қайдан алуға болады?
Аталған ойыншықты базар және дүкен сөрелерінен таба аласыз. Қалтаңыздың қалыңдығына сәйкес, ойыншықтың бағасы да әртүрлі. Ең арзаны 1 500 теңге болса, ең қымбаты 20 000 теңгеге дейін барады. Ойыншықтың бір күнде қанша рет сатылатынын білу мақсатында қаламыздың қақ ортасында орналасқан «Ну, погоди!» атты ойыншық дүкеніне бардық. – Хагги Вагги ойыншығының күніне ең кем дегенде үшеуі өтеді. Сұраныс өте жоғары. Балалар тіпті ойыншық атауын білмесе де, ата-анасына «әпер» деп жалынып тұрады. Ал байғұс ата-ана қайтсін, амалсыз сатып алып береді. Көбінесе ойыншықты 10 жасқа дейінгі балалар алады. Қазіргі кезде ойыншықтың тек бірнешеуі ғана қалды. Жақында тағы әкелеміз. Бұрын тек Хаггидің өзін сұраса, қазір отбасымен алып келуін де өтініп жатыр. Ойыншықтың ұзындығына сәйкес бағасы да өзгереді. Тіпті 1 метрге де жететін түрі бар. Жақында осындай ұзындықта Хаггиді алып келдік, бірден өтіп кетті, – дейді ойыншық дүкенінің сатушысы Салтанат Ердос.
Ата-аналар не дейді?
Жақын арада «TikTok» желісіне Хагги Вагги шырқайтын әннің мағынасын түсіндіретін видео шықты. Видеода бір қыз Хаггидің қаупі жайлы ата-аналардың білмейтіндігін айтып, оның өлім және қорқыныш әкелетіндігін айтып қалды. Нақтылай айтқанда: «Менің атым Хагги Вагги, Өткір тістерім қанға бояйды. Мені қорқынышты деп атаушы болма, Өлім құшқаныңша мені құшақта» деген өлең жолдарының түпнұсқасын көрсеткен екен. Желі қолданушылар да ойыншыққа деген көзқарасын білдіріп, ойынның бұл түрі балаларға арналмағанын жарыса жазып жатты. Кейбір ата-аналар бұл ойыншықты көргенде баласы қорқып қалғанын да жазды. – Менің қызым Хагги Ваггиден қатты қорқады. «YouTube» видеохостингінде тек балаларға арналған контент даярлайтын арналарға жазылғанбыз. Алайда жарнама арқылы Хагги Вагги көрсетілген видео экраннан жарқ етіп шыға келді. Тіпті өзім де қорқып кеттім, қызым да жылап қалды. Сол кезден бері жарнама мен таңдалынған видеоға мұқият қарайтын болдым. Бұл кейіпкер көрсетілген видеоларды мүлдем көрсетпеймін, – дейді ата-ана М.Сеидуова. Алайда Хаггиден қорқудың қажеті шамалы екендігін хабарлайтын ата-аналар да жеткілікті. – Бұл ойыншықты балам сұраған соң өзіне әпердім. Әрине, басында кейіпкердің түр келбеті маған аса ұнай қоймады. Бірақ аталған ойыншықтың тек ойын екендігін ұмытпау керектігін еске түсірдім. Балам ойыны қанғанша ойнады. Қазір ол басқа ойыншықпен ойнап жүр. Трендтен бұл ойын түрі де шығар бір күні, дабыраға салынудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Ең бастысы балам көңілді, – дейді Тараз қаласының тұрғыны Әмина Шәріпбекқызы. Балаларға Хагги мен Кисси несімен ұнайды?
Мақаланы жазу барысында, көк құбыжық-ойыншық туралы балалардың да пікірін білген болатынбыз. – Мен бұл мультфильмді көрмеймін. Бірақ ғаламтордан шыққан жарнама арқылы және дүкен сөрелерінен бірнеше мәрте көргенім бар. Ойында кейіпкер әрине, қауіпті. Қызметкер басын сауғалау үшін одан қашуға мәжбүр. Бірақ ол тек ойында ғана ғой. Ал ойыншықтың балаға зиян тигізбесі анық. Өйткені ол жұмсақ және сары балпанақтай аяқтары бар, – дейді 10 жасар Самат. Лия 7 жаста. Ол: «Бұл ойыншық түрінен менің сіңлілерім қорқады. Кішкентай болғандықтан ғой деймін. Қорыққаннан кейде жылап та қалады. Мұндай кезде анам ойыншық көрсетілген бейнежазбаларды өшіріп тастайды», дейді. Ойыншықтың бала психикасына қалай әсер ететіндігін білу үшін отбасы психологі Жанар Кеншінбековамен де сөйлесіп көрдік. – Кішкентай балалар келесі бүлдіршіннің қолынан көрген ойыншығын өзіне де алғысы келіп тұрады. Дүкенде тұрған ең трендті заттардың барлығы өзінде болса дейді. Алайда олар оның зиянына мән бермейді. Ең бастысы өзіне алса және еліктесе болды. Бірақ кез келген ойыншықты алған соң ата-ана баласымен мұқият сөйлесіп, жұмыс істеуі керек. «Осы ойыншықтан сен қорқасың ба?», «Саған мына ойыншық қандай эмоция сыйлайды?» деген сынды сұрақтар қою арқылы баланың көзінен, қимылынан оның не ойлайтынын біле аласыз. Егер ол ойыншық ұнамаса я болмаса қорқатын болса, ол аталған ойыншықты қайта алып беруін де сұрамауы мүмкін. Балаға барынша тыйым сала беруге де болмайды. Оның көзінше де «Хагги Вагги балаға кері әсерін тигізеді екен, ондай ойыншықтарды әперуге болмайды» деу арқылы ата-ана ештеңе ұтпайды. Керісінше ол одан сайын құмарланып, әуестеніп кетуі де мүмкін. Сондықтан ата-ана балаға ойыншықтың негізгі қасиеттерін айтып, кейіпкердің мінезін және сипатын талқылау арқылы баламен түсінесе алуы қажет. Мәселен, Хаггидің ойында жағымсыз кейіпкер екендігін және ондай қасиеттердің адамның бойынан табылуы дұрыс емес және шын өмірде бұл жай ойыншық екендігін ұқтырудың артықшылығы көп. Кейде балалар жұмсақ ойыншықтарды ұрып ойнауы да мүмкін. Бұл қалыпты жағдай. Өйткені ол іште қалып қалған эмоциясын және агрессиясын ойыншықты ұру арқылы шығарады. Шетелдік компаниялар да осындай техниканы қолданады. Ауыр жұмыс күнінен соң, резина ойыншықтарды мыжу арқылы күндік жиналған агрессиясын немесе ренішін шығарады. Бұл адамға эмоционалды түрде жеңілдеуіне де көмектеседі. Өзіңізден де байқап қарасаңыз, егер қандай да бір эмоция сізден шықпай қалса, сіздің дене мүшелеріңіз ауыратынын байқайсыз. Сол себепті де барлық эмоцияларды дер кезінде шығарып тұруы қажет. Және кез келген ойыншықты құбыжық ретінде қабылдап және одан қатты үрейленуге де болмайды. Бұл жай ғана ойыншық. Егер де ол балаңызға қатты әсер ететін болады деп ойласаңыз, балаңызбен тек сөйлесу жеткілікті, – дейді психолог Ж.Кеншінбекова. Сіз қалай ойлайсыз құрметті оқырман? Хагги секілді ойыншықты балаға сатып әперу қаншалықты дұрыс?
Аяулым ЖАМАНҚАРА