Жаңалықтар

Бейбітшілікті бағалай білейік!

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залында Кеңес әскерінің Ауғанстан Демократиялық Республикасынан шығарылғанына 35 жыл толуына орай Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу өтті.

 Кездесудің тізгінін ұстаған облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Қазіргі заман тарихы» бөлімінің меңгерушісі Құрманғазы Демешев Ауған соғысының қасіреті мен қайғысы туралы айта келіп, жастарды Отан үшін еңбек етуге, бейбіт заманның қадіріне жетуге үндеп, сөзді облыстық-интернационалист жауынгерлер одағының төрағасы Керім Ізбасаровқа берді. Ал соғыстың зардабы әлі де талайдың жүрегін қарып, сүйегін сырқырататынын айтқан Керім Махамбетұлы жастарды патриот болуға шақырды.

Сондай-ақ генерал-майор, Ауған соғысының ардагерлері Әлімжан Ерниязов, Бауыржан Райымбеков, Жеңіс Сертеков, Мақсатбек Әбдібеков өз ойларын ортаға салып, жастарға ақыл-кеңестерін айтты. Ал кездесуге келген Тараз инновациялық колледжінің және Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық университетінің студенттері ардагерлерге сұрақтарын қойып, мол мәліметтерге қанықты. Иә, ауыр аманат арқалап, өмір мен өлім белдескен қанды шайқасқа қатысып, батырлық пен ерліктің ерен үлгісін көрсеткен қаһармандар жастарға қашанда үлгі бола бермек.

Шапағат Әбдір