Шектен шыққан шетелдік жүргізуші
Облыс аумағында «Қауіпсіз жол» рейдтік профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері 15 мас жүргізушіні анықтады. Темір тұлпарды ащы су ішіп алып басқарғандардың арасында шет мемлекеттің азаматы да бар.
«Батыс Еуропа – Батыс Қытай республикалық маңызы бар автожолында полиция департаментінің патрульдік полиция батальонының инспекторлары «Mercedes Benz» жүк көлігінің қауіпті жүріп келе жатқанын көреді. Полиция көлік құралын тоқтатып, жүргізушінің құжаттарын тексергенде оның Түркия мемлекетінің азаматы екенін анықтап және одан алкогольдің иісі шығып тұрғанын байқаған. Сараптама нәтижесі жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екенін растады.
Сот шешімімен жүк көлігінің жүргізушісі 15 тәулікке қамаққа алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Ауыр жүк көлігі арнайы айыптұраққа қойылды. Акцияның алғашқы екі күнінде полицейлер 2 938 әкімшілік құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде 922 дерек белгіленген қозғалыс жылдамдық тәртібінің бұзылуы бойынша есепке алынды.
Көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізген 12, маневр жасау ережелерін бұзған 184, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану талаптарын сақтамаған 205, көлік рөлінде телефон арқылы сөйлескен 110, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне өтіп кеткен 39, апатты жағдай жасағаны үшін 19 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Белгіленбеген жерден жолды кесіп өткені үшін 441 жаяу жүргіншіге айыппұл салынды. Арнайы айыптұраққа 41 автокөлік қойылды.
А. Орынбасарқызы