Жақсы адамның жан шуағы
Жақсы адамдармен дүние дөңгеленіп, өмір жалғасып келеді. Жақсылар барда дүние-тіршілік тоқтамайды, олар жүрген жерде өмір көріктене түседі. Жарық күн сияқты шуағын аямай төгіп, төңірегін нұрға бөлеп жүретін ізгі қасиеттері жүректерді жылыта бермек. Жақсылардың қасында жүру бақытына бөленуден, олардың шапағатымен қанаттанып, биікке талпынудан артық не бар? Білікті дәрігер, жаны жайсаң азамат Сейтқасым Тәжбенов ағамызды да сондай адамдардың қатарынан көріп келемін.
Сейтқасым ағаның кездескен сайын жылы жымиып, сыпайы сәлемдесіп, көлдей көңілін білдіріп, бауырына тартып тұрар дара қасиетін бөле-жара айтуға болады. Дәл осындай адамдар дәрігер болуы керек секілді. Дәрігер науқасты тек дәрімен ғана емес, жылы сөзімен, мейірімді қарым-қатынасымен, ыстық жүрегімен де емдей алатындығын ешкім жоққа шығара қоймас. Алла Тағала әуел бастан Сәкеңді адам жанының арашашысы етіп жаратқан секілді. Алланың қалауымен осы мамандықты құлай сүйген де болар. Менің ішкі түйсігім солай дейді.Өйткені ол бұл мамандықты аялап, қадір-қасиетін биіктетіп, ар-ожданымен қызмет етті.
Медицина саласында жүрген адамның қандай болу керектігін білімпаздығымен, парасатымен, жоғары адамгершілік қасиетімен, ең бастысы, адалдығымен дәлелдеп келгені айдай ақиқат. Ол қырық жылдан астам қызметінде аппақ арына дақ түсірген жоқ. Гиппократ антына бір адам адал болса, сөз жоқ, ол Сейтқасым аға деп айтар едім.
Сейтқасым Тәжбенов Семей мемлекеттік медициналық институтын бекер таңдаған жоқ. Жүректің айтқанына көніп, осы салаға бекем бел буып келді. Емтихандардан мүдірмей өтіп, ақ халаттылар қатарына қосылды. 1970 жылы осы оқу орнын тәмамдап, Орта Азия әскери округінде әскери дәрігер болып азаматтық борышын өтеді.
Екі жылдан соң Жамбыл жеріндегі қиындығы мен жауапкершілігі мол медициналық қызметтің ауыр жүгін көтеруге тура келді.Облыстық ауруханада еңбек жолын бастап, бөлімше басшылығына дейін көтерілді. Асқазан ауруларының бірден-бір маманы ретінде аймаққа танылды. Денсаулық сақтау саласында қабілет-қарымы мол дәрігер санатында болып, құрмет пен бедел биігіне көтерілді.
Талай ізбасарлар тәрбиелеп өсірді. Білімі мен білігін денсаулық сақтау саласына арнап, ем іздеген халыққа шипасын дарытты. Науқастардың алғыстарын алып, нағыз шипагер атанды. Медициналық колледжде жастарға дәріс беріп, ұстаздық қызметімен де көрінді. Дәрігерлік баспалдақтардан ойдағыдай өтіп, жүріп өткен жолына әдемі өрнегін қалдырды. Осылайша медицина саласында қырық жылдан аса абыройлы еңбек етті.
Облыста есімі құрметпен аталатын ардақты ардагердің бірі ретінде жүрген жерін нұрландырып жүреді. Зиялы қауым ортасында жиі бой көрсетіп, қарияға тән есті сөзін айтудан жалықпайды. Қоғамда болып жатқан оқиғалардан шет қалмай, жинаған бай тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Сәкең шығармашылық жолда да тәп-тәуір ізденістерімен көрініп келеді. Жазған дүниелерін қызығып оқитын өз оқырмандары бар. «Айна» және «Дәрігер жазбалары» атты кітаптары жарық көрді. Шығармаларын оқып отырып, жақсы адамның жақсы дүниелер жазатындығына иланасың, жақсылыққа жетелейтін ізгі ойларға кезігесің. Баспасөз бетінде шынайы әрі шұрайлы мақалалар жариялап, өз оқырмандарымен сырласатын шақтарын да айтпай кетуге болмайды.
Аз жазса да жүрекке жететін ойлы туындылар тудырып жүрген қаламгердің ішкі жандүниесінен ізгіліктің іздерін аңғарғандай боласың. Кіршіксіз таза жүректен өрілген өрнектерден қанағат тауып, рухани ләззатқа бөленесің. Журналистермен әріптес болған Сәкеңнің қаламынан әлі талай татымды дүниелер туатындығына имандай сенесің. Өмірін әдемі өрнектей білу – даналық қасиет. Сейтқасым ағамыз бұл қасиетінен зейнетке шықса да айныған емес.
Жұбайы Клара екеуі бір ұл, бір қызынан алты немере сүйіп отыр. Қалған ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ардақты ата-ана. Сәкеңнің бос уақыты болмайды. Немерелерін мектепке, балабақшаға тасиды. Қолы қалт еткенде жазу столына отырады. Қағаз бетіне әдемі өрнектер салып, орамды ойдың тиегін ағытады.
М. Белянбекұлы,
ардагер журналист