Жастар

Дәрігер тапшылығы жойылады

Кейінгі жылдары мұғалім мәртебесіне басымдық беріліп, ауыл мен қала мектептерінің терезесін теңестіруге көп көңіл бөлінгені құптарлық шешім болды. Соның ізімен ауыл медицинасының инфрақұрылымын жаңартуға, жоғын түгендеуге, жалақыны көтеруге де ден қойылды. Жуырда Мәжіліс депутаттары дәрігердің мәртебесін биіктететін тағы бір заң жобасын қабылдап, Сенатқа жолдады.

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу» туралы заң жобасы қаралды. Құжатта әуелі медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі сақтандырылатыны көрсетілген. Бұл ретте медициналық ұйымдардың әрқайсысы сақтандыру компаниясымен шарт жасасуы керек.

Есте болса, былтыр медицина мамандарымен араздасып, тіпті жағадан алған азаматтардың әрекеті әлеуметтік желіде тарады. Енді осындай немесе осыған ұқсас келеңсіз жағдайларда сақтандырудың көмегі тиеді. Сондай-ақ заң жобасы шеңберінде медицина мамандарының құқығын қорғау күшейтіліп, жаңа әлеуметтік кепілдіктер енгізілетінін білдік. Мәжілісте заң жобасы туралы баяндама жасаған депутат Гүлдара Нұрымова ұсынылған өзгерістер мен толықтырулардың артықшылығы туралы хабарлады.

Сонымен қатар құжатта «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ұсынылған сала майталмандарына 1 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем төленетіні көрсетіліпті. Бұған қоса республика көлемінде жыл сайын «Мамандық үздігі» деген атаумен байқау өткізіліп, оның жеңімпазына 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем табысталуы мүмкін. Шын мәнінде, мұның өзі – жұмысына тиянақты, ісін жетік білетін медицина саласының білгірлеріне үлкен қолдау.

Қазір Үкімет ауыл медицинасын жоспарлы дамытуға көп көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы балалар мен ауыл тұрғындарының арасында ауруларды мейлінше ерте анықтауға күш салуды тапсырды. Бір ғана «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылдың соңына дейін 655 медициналық-санитарлық алғашқы көмек объектісі салынып, 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухана ұйымдастырылады екен.

Ауылдық елді мекендерге барған дипломы бар медицина мамандарын бекітуді ынталандыру мақсатында әкімдіктер әлеуметтік қолдауға қаражат бөледі. Расында, ауылдағы дәрігерлерді әлеуметтік қолдау тетіктері көп болғаны дұрыс. Түрлі талапқа сәйкес дәрігер әлеуметтік төлемнің біріне ілікпесе, екіншісін пайдаланады. Заң жобасы аясында медицина мамандарының балалары балабақшаға қабылданарда басымдыққа ие болады.

Сонымен қатар өзінің міндетін атқарып жүріп оқыстан қайтыс болған мамандардың балаларын және медицина қызметкерлерінің мүгедектігі бар балаларын жоғары оқу орнына конкурссыз қабылдау ұсынылып отыр. Сол секілді медицина қызметкерлеріне мерзімді әскери қызметті кейінге қалдыру құқығы беріледі. Бір сөзбен айтқанда, ұсынылған ереже-талаптың барлығы медицина мамандарының мәртебесін арттыруға, әсіресе ауыл медицинасын өркендетуге негіз болады деп үміттенеміз.

Сәндібек Асанәлі, журналист