АЛАҚАНЫМЕН АДАМ ЕМДЕЙТІН АХМЕТОВ
АЛАҚАНЫМЕН АДАМ ЕМДЕЙТІН АХМЕТОВ
Талай жастың қаламын ұштап, қадамын нықтаған «Жамбыл – Спорт» газеті біздің де Марат Мекемтасұлымен танысып, жақын араласуымызға себепкер болды. Ара-тұра спорт газетіне мақалалар жазып жүріп, арамызда алтын көпір орнады. Талай мәрте дәмдес, дастарқандас болдық. Ағалық ақылын тыңдадық. Бірақ 2020 жылға дейін ғана... Спорттық жарыстарда, жиындарда жиі-жиі кездесіп, қауқылдасып қалатын, іздесек «Баспасөз үйінің» үшінші қабатындағы бөлмесінен табатын ағамызды 2020 жылдан бері «жоғалтып» алғандай болдық. (Әлде біз «жоғалып» кеттік пе екен?!). Әлеуметтік желі арқылы ғана амандығын, хабар-ошарын біліп отырғанымыз болмаса, екі жылда арамыздағы байланыс мүлдем үзілген. Бәлкім, екі жыл одан да ұзаққа созыла берер ме еді? Бірнеше апта бұрын журналист Сәуле Әбілдаханқызының «Instagram» парақшасында жариялаған постындағы таныс бейне көзге оттай басылды. Постты оқи жөнелдік. Қысқаша мазмұны төмендегідей: «...Марат Ахметов Алматыға жеке шаруаларымен келіпті. Буын ауруларын емдеумен айналысатын көрінеді. Алматыдан массаж кабинетін ашқалы жүр екен. Омыртқасы ауыратын әпкемді, грыжасы бар інімді алып, жеке қабылдауына бардық. Үш күн қатарынан мойын омыртқама, тіземе массаж жасатып, бір жеңілдеп қалдым. Әпкем мен інім де жеңілдеп қалғанын айтып жатыр», деп жазады Сәуле Әбілдаханқызы. Посттың астындағы пікірлерге де бір көз жүгіртіп шықтық. «Екі тізем, белім ауырып алдына әзер барған едім. Емнен кейін жақсы болып қалдым», «Бүгін ғана барып шықтым Марат балама. Ақсаңдап барып, түзу қайттым. Келінім де қаралды. Жеңілдеп, керемет сезімде болдық», «Марат ағаның қолының биотогы бар екенін растаймын. Кезінде ревматизмге шалдығып, төсек тартып жатып қалғанмын. Марат ағаның арқасында аяқтан тұрдым» деп, алғыс жаудырған пікірлер жалғасып кете береді. «Әлдекіммен шатастырып отырған болармыз» деген оймен суретке қайта үңілдік. Жоқ. Марат Ахметовтің дәл өзі. Қателесуіміз мүмкін емес. Бірақ қалайша?! Бұрын қалай білмедік?! Осы уақытқа дейін неге ешкімнен естімедік? Көкейге кептелген сұрақ көп. Жауабын білуге ынтық болып, ұялы телефонды қолға алдық. Марат Мекемтасұлы телефон тұтқасын көп күттірмей-ақ көтерді. Амандық-саулықтан кейін созбалақтай беруге шыдамымыз жетпей: – Жуырда Сәуле Әбілдаханқызының сіз туралы жазған постын оқыдық. Емшілік қасиетіңіз барын білмейді екенбіз. Кездесіп, сұхбаттасып, барлығын өз аузыңыздан естісек, – деп әңгіменің төтесіне көштік. Алғашында қарсылық танытқандай болған. Дегенмен келісімін алдық. Сонымен уәделі күні Тараз қаласындағы дәмханалардың бірінде кездестік. Қашан да салмақты қалпынан айнымайтын азамат бізді жылы қарсы алды. Уақыты тығыздау екен. Бірден негізгі шаруамызға көшіп, бастырмалата сұрақтың астына алып жатырмыз. Сұрақтарды мұқият тыңдап алған Марат Мекемтасұлы бір-екі жөткірініп алып, әңгіменің тиегін ағытты. – Емшілік – атаның қанымен, ананың сүтімен дарып, сүйекпен келетін қасиет. Ал сүйекпен келген қасиет адам бойында бұғып жата бермейді екен. Шыны керек, кәсіпкерлік саласында түрлі кедергілер жолымды кес-кестей берді. Сәтсіздіктерге тап болдым. Яғни, белгісіз бір тылсым күш басқа тірліктердің барлығынан қол үздіріп, емшілік жолға алып келе жатқан секілді. Жалпы, емшілікпен айналысып жүргеніме жиырма жылдан асып кетті. Бірақ бұрын тек қарбалас тірліктерден қолым қалт еткенде ғана адам қарайтынмын. Ал тұрақты түрде айналысуға емнен кейінгі оң нәтижелер, адамдардың сенімі, алғысы себепкер болды. Өткен жылы бір көршімнің жүрген кезде екі жағына теңселіп, шайқатылып жүретінін сырттай байқайтынмын. Аяғы ауырады екен. Алғашында үндемедім. Бірнеше ай бұрын тағы көріп қалып, жағдайын сұрадым. Тізесінің ауырғанда шыдатпайтынын айтты. Көлікте отырған. Тізесінің айналасын қатты-қатты басып бердім. Көліктен түскен әлгі көршім: «Бұрын көлікке мініп-түсуімнің өзі мұң еді, әлдеқайда жеңіл болып қалды» деп таңғалды. Алақанның энергиясы арқылы емдеп жатқаныма үш айдан асып кетті. Арасында үзіліп қалған кездері де болды. Ем-дом жүргізе бастағаныма бір ай болғанда рентген түсірілімін қарадық. Сол кезде бұрын бір-біріне жабысып тұрған сүйектердің арасы ашылғанын байқадық. Осы жағдайдан кейін өзіме деген сенім пайда болды. Оған дейін де қаншама адамды алақанның жылуымен емдеп, алғысын алдым. «Ендеше неге елге пайдамды тигізбеске» деген ой келді. Қоғамда буын ауруларының зардабын тартып жүрген қаншама адам бар. Ал дәстүрлі медицинада артроз, артрит, коксартроз, грыжа секілді басқа да буын аурулары ота арқылы ғана емделеді. Ота жасатуға кез келгеннің қалтасы көтере бермеуі мүмкін. Жиырма жылда өз тәжірибемнен буын ауруларын алақанның жылуымен емдеп-жазуға болатынына көзім жетті. Ота жасатып немесе ауырсынуды уақытша басатын қымбат дәрілерді пайдаланбай-ақ алақанның жылуы арқылы да тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады, – дейді М.Ахметов. Осы уақытқа дейін бес жүзге жуық адамға ем-дом жүргізген Марат Мекемтасұлының алдына бірде асқазанында жеті миллиметр жарасы бар науқас келеді. Дәрігерлер ет, тұзды және майлы тамақ жеуге тыйым салған. Науқастың жағдайымен танысып шыққан М.Ахметов алақанның жылуы арқылы ем жасауға кіріседі. Арада 21 күн өтіп, ем аяқталғанда науқас қайта тексеруден өтеді. Сол кезде асқазанындағы 7 миллиметр жараның нүктедей жара болып қалғанын көргенде дәрігерлер де, науқастың өзі де таңғалады. – Анам да шипасы халқына тиген емші, аруақты адам болған. Алды өте жақсы болатын. Талайға шапағатын тигізді. Алдына келіп, разы болмай қайтқан адам жоқ десем, еш қателеспеймін. Егер анамның емшілік қасиеті арқылы ел-жұртқа тигізген пайдасын тізбелеп айта берсем, таңды-таңға жалғауға болады. Сондықтан емшілік атаның қаны, ананың сүті арқылы дарыған деп ойлаймын. Әлі есімде, мектепте алтыншы-жетінші сыныпта оқып жүргенімде алақаным қатты ыситын және ұзындығы теректей-теректей адамдардың сұлбасы көзіме көрінетін. Сондай-ақ оқушы кезімнен кейбір сәттерде алда не болатынын біліп тұратынмын. Алматы қаласында оқып жүрген кезім. Таксафон арқылы анаммен сөйлесіп тұрмын. Анам нағашы әжемнің хал үстінде жатқанын, жағдайы қалай болатынын сұрады. Айтуға батылым жетпеді. Бірақ анам айтпасыма қоймады. Сөйтіп нағашы әжемнің бауырында көлемі әртүрлі үш жара бар екенін және бір ай ғана өмірі қалғанын айтуға тура келді. Бұл бірінші қараша болатын.Кейін әжемді дәрігерге алып барған. Дәрігерлер де асқазанында әртүрлі үш жара бар екенін айтыпты. Арада тура бір ай өткенде, яғни бірінші желтоқсанда әжемнің дәм-тұзы таусылды, – дейді Марат Ахметов. Шынымен-ақ уыста ұсталмайтын, көзге көрінбейтін құдіреті күшті тылсымның беймәлім сыры көп-ақ. Марат Ахметовтің алдағы мақсаты – Алматы қаласына көшіп, емшілікке бет бұру. Сәтін салып жатса, басқа ірі қалаларда да емшілікпен айналысу жоспарында бар екен. Өйткені Атырау, Ақтау қалаларынан аттай қалап шақыратындар көп көрінеді. – Меніңше адамда таңдау болу керек. Дәстүрлі медицина арқылы емделесің бе? Әлде халық медицинасының көмегіне жүгінесің бе? Өкінішке қарай көп жағдайда таңдау жоқ. Мәселен беліңіз ауырды делік. Жедел жәрдем шақырасыз. Диклофенак, болмаса ауырсынуды басатын одан да күшті укол салады. Рас, қайтадан аттай шауып кететін шығарсыз. Бірақ уақытша. Сөйтіп жүріп бір күні ауру асқынып, орныңыздан тұра алмайтындай болып құлайсыз. Ал халық медицинасы арқылы түпкілікті емдеп жазуға болады. Сондықтан халық медицинасының әлі де денсаулық сақтау саласында мойындалмай, кәдеге аспай жатқан зор мүмкіндіктерін пайдалану керек. Осы орайда арнайы орталықтар ашу керек деп ойлаймын. Алдағы үлкен армандарымның бірі – еліміздің әр қаласында, тіпті ірі аудан орталықтарында дәстүрлі медицина мен халық медицинасы өкілдерінің синтезделген орталықтары ашылса деймін. Егер дәстүрлі және халық медицинасы тізе қосып әрекет етсе, еліміздің денсаулық сақтау саласы үлкен бір белеске көтерілер еді. Мәселен арнайы орталық ашылып, дәстүрлі және халық медицинасының өкілдері қоян-қолтық жұмыс істесе, ұтарымыз көп болар еді. Орталыққа келген науқас өзі таңдау жасайды. Көп жағдайда дәрігерлер де көмектесе алмауы мүмкін. Сондай сәттерде емшінің көмегіне жүгінеді. Ал емшінің жұмысын, емнен кейінгі нәтижелерін дәстүрлі медицина өкілдері мұқият қадағалап отырса, ешқандай мәселе туындамайды. Егер орталықтар ашылса, алаяқ емшілердің де жолы кесілетін еді. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халық емшілігінің әлеуетіне ғылыми тұрғыда зерттеу жасалса деймін, – деп ұсыныстарын ортаға салған Марат Ахметовтен сөз соңында «Жамбыл – Спорт» газетінің бүгінгі жай-күйін сұрадық. Айтуынша, спорт газеті 2020 жылдан бастап жұмысын уақытша тоқтатқан көрінеді. Себеп – қолдаудың жоқтығы. Облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы тарапынан қолдау болса, «Жамбыл – Спорт» газеті ақпарат айдынында желкенін қайта керуі әбден мүмкін. Осылайша Марат Мекемтасұлымен бірнеше сағатқа созылған кездесуіміз де мәресіне жетті. Сұрақтарымыздың барлығына тұшымды жауаптар алып, көңіліміз тоғайып, өзі мақсат еткендей елге пайдасын тигізіп, халықтың алғысын ала беруіне тілектестігімізді білдіріп қала бердік.
Талғат НҰРХАНОВ