Былтыр 56,5 мың тонна қалдық жиналған
Әрине, аталған цифр көңіл қуантарлық көрсеткіш емес. Алайда Жамбылда қоқыс өңдейтін зауыт жоқ болғандықтан осындай көрсеткішке қол жеткізіп отырмыз. Ал инвесторлар тарифтің төмендігі мен қоқыс көлемінің аздығынан қайта өңдейтін зауыт салуға құлықсыз. Сондай-ақ қалдықтардың түрлері бойынша сұрыптау жүргізілмей, полигондардағы көлемі әлі күнге есепке алынбай келеді. Ал аудандардағы коммуналдық және құрылыс қалдықтарын басқару жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасы қалай орындалуда? Біз осы сауалға жауап іздеп көрген едік.
Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы берген мәліметке сүйенсек, қазіргі уақытта өңірде 3,2 миллион тонна тұрмыстық қалдық бар. Аймақта былтыр 56,5 мың тонна қалдық жинақталса, оның 10,7 мың тоннасы бөлек сұрыпталған. Жиналған қоқыстарды кәдеге жарату үлесі 19 пайызды құрап отыр. Өңірде коммуналдық меншіктегі 159 полигон мен қоқыс төгуге арналған үйінді жұмыс істеп тұр. Полигондардың барлығының қоршаған ортаға арналған эмиссияға рұқсаты рәсімделген.
Ал 4 типтік полигон, атап айтқанда, Жуалыдағы «Жуалы-су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны, Сарысудағы «Сәулет», Талас ауданындағы «Таза қала Қаратау», Меркі ауданындағы «Алдабергенов» мекемелері жеке кәсіпкерлерге сенімгерлік басқаруға берілген екен. Тұрғындар арасында қалдықтарды сұрыптау мәдениеті дамымағандықтан қоқыстар жүйесіз жиналатыны белгілі. Сондықтан қалдықтардың түрлері бойынша сұрыптау жүргізілмейінше, полигондарда жинақталған қалдықтардың нақты көлемі есепке алынбайды.
Жинақталған көлем көзбен шолу жолымен айқындалады екен. Облысымызда тек Байзақ («Алди и К» ЖШС), Жуалы («Жасыл Жуалы ЖШС), Меркі («Жасыл Меркі ЖШС»), Сарысу («Сәулет» ЖК), Талас («Таза қала» ЖШС), Т.Рысқұлов («Құлан Тазалық» ЖК) аудандарының орталықтарында қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметтері бір жолға қойылған. Бұл аудандарда қоқыс жинаумен айналысатын мекемелер полигондарда сұрыпталған қалдықтар, атап айтқанда, пластик, шыны, қағаз, металл қаптамаларын еліміздің басқа өңірлеріне және Ресей Федерациясына қайта өңдеуге жіберіп тұрады.
Бүгінгі таңда аймақта қалдықтарды жинау, тасымалдау қызметтерімен айналысатын 32 (Тараз қаласында – 7) мекеме жұмыс істейді. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған. Сондай-ақ 792 контейнерлік алаңдарда қалдықтарды бөлек жинауға арналған үш түрлі 6 108 контейнер орнатылған.
Тарқатып айтсақ, полиэтилен, пластик, пластмасса сұрыптау үшін 700 торлы контейнер, жабық, құрамында сынап бар шамдарға қажет 106, қатты тұрмыстық қалдықтарды жинайтын 5 302 контейнер қойылған. Облыста қоқыс өңдеу зауыты жоқ болғанымен қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша шағын кәсіпорындар (цехтар) бар. Ал пластмасса, полиэтилен, электрондық аспаптар, мотор майлары, шыны және қағаз қалдықтарын сұрыптау немесе кәдеге жаратумен 14 мекеме айналысады.
Аталған басқарма басшысы Олжас Баққараевтың айтуынша, осы уақытқа дейін басқарма тарапынан «Hasanat group» компаниясы, «Remondis», «Байтақ болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Инсипром» және «Ecoplatform», «ТазаБиоИнвест» серіктестіктері және «Еуразиялық Қайта құру және даму банктерімен» тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесін шешу үшін өңірде инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліпті.
– Айта кету керек, бұл жұмыс келіссөздер деңгейінде жүргізілуде.Өйткені инвесторлар қалдықтарды басқарудың бағдарламасын әзірлеу, тарифті көтеру, инфрақұрылымды дамыту және полигонды жекеменшікке беруді талап етіп отыр. Тарифтің төмендігі және тұрмыстық қалдықтардың көлемі өзге облыстармен салыстырмалы түрде аз болғандықтан біздің өңірге инвесторлар көп тартыла бермейді. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің қолдауымен 2025 жылдың соңына дейін 6 қалада, соның ішінде Тараз қаласында қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және жағу бойынша зауыт салу жоспарланған болатын.
Осыған байланысты 2020 жылы өңірде тұрмыстық қалдықтарды жағатын зауыт салу (энергетикалық кәдеге жарату) мақсатында министрліктің тапсырмасы бойынша «Халықаралық «жасыл» технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» Тараз қаласы полигонында жиналған қалдықтардың морфологиялық құрамын анықтап, геологиялық зерттеу жүргізген.
Басқарма басшысының сөзінше, ҚР «жасыл» экономикаға көшу туралы тұжырымдамасында айқындалған қалдықтарды басқару саласындағы еліміздің саясаты қалдықтарды бөлек жинауды енгізуге, шикізаттан өнім өндіру арқылы қалдықтарды қайта өңдеу секторын дамытуға бағытталған.
Осыған байланысты ҚР Үкіметі де, облыс әкімдігі де басқармаға тиісті тапсырмалар жүктеген. Нақтылап айтсақ, ҚР экс-Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен 2023 жылы 19 желтоқсанда өткен ҚР Үкіметінің отырысында коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасын нақты іс-шараларымен және іске асыру тетіктерімен әзірлеу бекітілген болатын.
Экологиялық кодекстің 365-бабына сәйкес аудандардың, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары бағдарламаны әзірлеуді ұйымдастырып, жергілікті өкілді органдарға бекітуге енгізуі және олардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Алайда өңірде әлі де болса бұл жұмыс іске асырылмай жатыр.
Аталған мәселені облыстық прокуратура да бірнеше рет көтеріпті. Ал басқарма тарапынан 4 қала бойынша қалдықтарды басқару бағдарламасын әзірлеуге ұсынылған 43 миллион теңге көлеміндегі бюджеттік өтінім қолдау таппаған. Атап айтқанда, Тараз қаласына – 15 миллион, Жаңатасқа – 9,8 миллион, Қаратауға – 8 миллион, Шу қаласына 10,2 миллион теңге қаражат есептелген.
Бұл ретте тапсырманы орындау үшін әкімдіктер бюджеттік өтінім беруі немесе облыстық бюджеттен қаржыландыруды жүргізуі қажет, әрі қарай олар трансфертпен әкімдіктерге берілетін болады. Жобаның аяқталу мерзімі – 2024 жылдың 1 наурызы. Қазіргі таңда аймақта коммуналдық меншіктегі 159 полигонның ішінде құрылыс қалдықтарын орналастыруға арналған 8 полигон жұмыс істеуде. Қалдықтардың пайда болуының жалпы лимиті жылына – 28 441 тонна. Оның ішінде 3 полигон жекеменшікте екен.
Қалған мемлекеттік меншіктегі полигондардың (Мойынқұм – 2, Меркі – 1, Талас – 1, Сарысу – 1) нысаналы мақсаты – қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру. Сондай-ақ ол орындарда құрылыс қалдықтарын орналастыру көзделген. Құрылыс полигондарына жағдай жасалмаған, яғни арнайы орын белгіленбеген, тұрмыстық қалдықтармен қоса төгілуде.
Жоғарыда аталғандарды ескере отырып, басқарма тарапынан құрылыс қалдықтарын басқару үшін Жол картасы және әрі қарай жұмыстарды жалғастыру мақсатында алгоритм әзірленіпті. Аталмыш жобалар Тараз қаласы және аудан әкімдіктеріне жолданған.
Бұдан басқа құрылыс қалдықтарын орналастыру бойынша Байзақ, Талас, Сарысу аудандарында зерделеу жұмыстары жүргізіліп, әр полигон бойынша ұсыныстар берілген. – Байзақ ауданындағы «Алди и К» ЖШС-на жылына 2 500 тонна көлеміндегі құрылыс қалдықтарын полигонға көмуге экологиялық рұқсат берілді.
Бұл жағдайда полигон ішінде ауданы 50 шаршы метр учаскені қоршау, ұсақтау аппараты мен арнайы темір кескіш құрал орнату қажет. Жолды жайластыру және электр желілерін жүргізу бойынша жұмыстар талап етілмейді. Сонымен қатар полигонда инфрақұрылым жасалған жағдайда Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары және Тараз қаласының құрылыс қалдықтарын кәдеге жаратуға мүмкіншілік бар.
Талас ауданының Қаратау қаласында аудан әкімдігінің «Таза Талас» мекемесі жылына 6 441 тонна құрылыс қалдықтарын көмуге арналған полигон ашуға рұқсат алған. Кәсіпорынға қаланың шетінен арнайы жер бөлінген. Аталған жерге жол жасалмаған және электр жүйесі тартылмаған. Полигонға бөлінген жер ескі әуежайдың маңында орналасқан. Болашақта әуежай қайта жаңартылып іске қосылған жағдайда полигонды жабуға тура келеді.
Осыған байланысты Қаратау қаласының қолданыстағы тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының ішінде құрылыс қалдықтарына арналған инфрақұрылым жасау ұсынылды. Бүгінгі күнде тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны электр жүйесімен жабдықталмаған және полигонға баратын жолдың тозығы жеткен. Сондықтан тұрмыстық қалдықтар қаланың басқа бөлігінде сұрыпталады, бұл өз кезегінде стихиялық үйінділердің пайда болуына ықпал етеді.
Осыған байланысты қолданыстағы полигонды абаттандыру, құрылыс қалдықтары үшін учаске бөлу, қажетті жабдықтарды орнату қажет. Сарысу ауданының Жаңатас қаласындағы «Сәулет» жекеменшік кәсіпорнына жылына 5 000 тонна құрылыс қалдықтарын полигонға орналастыруға рұқсат берілген.
Алайда полигон қараусыз күйде, арнайы қоршаумен және электр жүйесімен жабдықталмаған. Қоқыс алаңына апаратын жолды жөндеу қажет. Құрылыс қалдықтары ретсіз орналастырылады, бүгінгі күні 75 мың тонна қалдық жиналған. Полигон маңында цемент зауытының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс қалдықтарын арнайы ұсақтау аппараты арқылы майдалап, цемент зауытының құрылысына пайдалануда.
Осы жиналған қалдықтарды цемент зауыты құрылысы аяқталғанға дейін толық пайдаланатын болады.Зерделенген полигондар және басқа аудандарда да қолданыстағы орталық полигонның ішінен 50 шаршы метр жер бөліп, арнайы рұқсат қағаздарды рәсімдеп, қоршау жұмыстарын жүргізу, содан кейін ұсақтау аппаратын орнату керек. Құрылыс қалдықтарды сұрыпталғаннан кейін қайта шикізат ретінде пайдалануға болады.
Сондай-ақ басқарма басшысы аймақ басшысымен бекітілген облыс бойынша коммуналдық және құрылыс қалдықтарын басқару жүйесін дамыту жөніндегі Жол картасын орындау бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндап берді. Олжас Елебекұлының сөзінше, бұрнағы жылы облыс бойынша коммуналдық және құрылыс қалдықтарын басқару жүйесін дамыту жөніндегі 28 іс-шарадан тұратын Жол картасы бекітілген.
Жол картасында коммуналдық қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді бекіту көзделген. Жеке кәсіпкерлік субъектілеріне полигондарды (үйінділер) сенімгерлік басқаруға беру, құрылыс қалдықтарынан қайталама пайдалануды қамтамасыз етуді ұйымдастыру секілді іс-шараларды жүзеге асыру мақсат етілген. Сондай-ақ органикалық коммуналдық қалдықтарды бөлек жинауды және оларды қалпына келтіруді, оның ішінде компосттау, қоқыс сұрыптау желілерін орнату, зауыттар салу жөніндегі жобаларды іске асыру үшін инвесторлар тарту жоспарланған.
Дегенмен әкімдіктер бұл жұмыстарды баяу жүргізіп жатса керек. Мысалы, қазірге дейін жоспарланған 28 іс-шараның 8-і ғана орындалған. Орындау кезеңінде 14 жоба бар болса, мүлдем орындалмағаны – 6. Сонымен қатар былтыр барлық әкімдіктер арқылы коммуналдық қалдықтарды жинау, әкету, көму, кәдеге жарату тарифтері бекітіліпті.
Коммуналдық қалдықтарды басқару жүйесін дамыту үшін ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі «Индустриялық даму қоры» акционерлік қоғамы арқылы сыйақы мөлшерлемесі 3 пайыз және 3 жылдан 15 жылға дейінгі кезеңге «Жасыл Даму» АҚ алған төлем қаражаты есебінен қалдықтарды бөлек жинау, тасымалдау, сұрыптау және қайта өңдеу бойынша инфрақұрылымды жеңілдікпен қаржыландыру тетігін әзірлеуде.
Осыған байланысты басқарма мамандары жергілікті кәсіпкерлер арасында тұрмыстық қатты қалдықтарды өндеуге қатысты мемлекеттік қолдау көрсету туралы кеңес өткізіпті. Жиында «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен коммуналдық қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландыру шарттары таныстырылған.
Қалдықтарды басқару саласында кәсіпкерлерді субсидиялауды, өңірлерді материалдық-техникалық жарақтандыруды қолдау бағдарламасын жаңғыртуды қайта бастау мәселесі қарастырылып жатыр екен. Сондай-ақ аудандар мен Тараз қаласының әкімдіктері үшін «Тұрмыстық қалдықтарды өңдеуге және компосттауға арналған машиналар кешені» «Секо» компанияның жобасының тұсаукесері ұйымдастырылған. Қазіргі уақытта аталған басқарма «Recycle Management Company» ЖШС-мен тұрмыстық қатты қалдықтарды қалдықсыз қайта өңдеу техноэкопаркін салу мәселесін пысықтауда. Құрылысты 2 кезеңде жүргізу жоспарлануда.
Атап айтқанда, сұрыптау кешенін пайдалануға беру және қажетті техниканы сатып алу көзделуде. Құрылысы алдағы уақытта басталатын зауыттың қуаттылығы жылына – 200-250 мың тонна. Жобаның құны 17,5 миллиард теңгені құрайды. Басқарма басшысының айтуынша, аталған жоба «Жасыл даму» акционерлік қоғамына жіберілген. Осылайша аталған тапсырмаларды уақытылы орындау кезінде облыста қатты тұрмыстық қалдықтарды азайту мәселесін шешудің барлық мүмкіндіктері бар.
Ақтоты Жаңабай