Оңалту бағдарламасы оң нәтижесін беруде
Елімізде мүгедектігі бар адамдардың тәуір тұрмыс кешуіне, олардың да спортпен тұрақты айналысуына, білім алуына, ауыр және зиянды жұмысты қоспағанда, еңбекке жарамдыларының жұмыс істеуіне толық құқығы бар. Сонымен қатар мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық ортаға кірігуі, заңды құқықтарының қорғалуы, өзгенің көмегінсіз кез келген нысанға емін-еркін кіріп-шығуы, арнайы мекемелер арқылы ем-дом, әлеуметтік көмек немесе қызмет алуы, оңалту құралымен қамтамасыз етілуі секілді басқа да қамқорлық көрсету мәселелері мемлекетіміз жүзеге асырып отырған әлеуметтік саясатта нақты қарастырылған.
Жалпы ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруына дүниежүзі ден қойып отыр. Бұл іс елімізде халықаралық келісімдерден бөлек, «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша 45 715 мүгедектігі бар адам тіркелген болса, І топтағылар – 4 424, ІІ топтағылар – 16 756, ІІІ топтағылар – 17 636. Ал 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар адамдар саны 6 899-ды құрайды екен.
Оның ішінде Меркі ауданында жалпы мүгедектер саны 2 348 болса, 228 адам – І топтағылар. Ал ІІ топта – 1 039, ІІІ топта 1 081 адам бар. 16 жасқа толмаған мүгедек балалар саны – 330. Меркі ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Тоғжан Тұрсыналы ауданда мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдайлар жасау ісі лайықты деңгейде жүзеге асырылып жатқанын айтады.
– Аудан әкімдігінің 2022 жылғы 15 желтоқсандағы №383 қаулысына сәйкес былтыр мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы 4 мекемеден 2 пайызбен 9 жұмыс орны бөлінген. Сол мекемелерге квота бойынша бөлінген жұмыс орны бойынша аудандағы мүгедектігі бар тиісті азаматтар, жалпы айтсақ, өткен жылы ерекше қажеттілігі бар 188 азамат жұмыспен қамтылды. Оның ішінде 26 тұрғын грант алса, тұрақты жұмыспен қамтылғандар – 145.
Өткен жылы облыс бойынша әлеуметтік қызметтер порталында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жеке абилитациялау және оңалту бағдарламаларының орындалуы 97,9 пайызды құрапты. Жылдық жоспар 90 пайыз болғандықтан, әрине, бұл – өңір үшін нәтижелі көрсеткіш. Порталда 27 089 өтініш тіркеліп, 26 512 өтініш қанағаттандырылған екен. Ал Меркі ауданында жеке оңалту бағдарламасы негізінде жартылай стационарлық жағдайда қызмет алу үшін 61 өтініш қабылданып, 12 ересек адам облыстағы оңалту орталығына, 49 бала аудандағы оңалту және бейімдеу орталығына жолдамамен жіберіліпті. – Протездік-ортопедиялық көмек алу үшін есепті мерзімге 287 көмек түріне өтініш беріліп, 286-сы порталдан таңдау жасады, Протездік –ортопедиялық көмектермен қамту үшін 15 миллион 23 мың теңге қаражат қарастырылды, есепті кезеңге аталған қаржы толық игерілді. Жыл аяғына дейін кресло-қорап алу үшін өтініш бере отырып, әлеуметтік қызметтер порталында таңдау жасаған 82 азаматтың өтініші толығымен қамтамасыз етілді.
Тиісті азаматтарды кресло-қораптармен қамту үшін 5 миллион 256 мың теңге қаражат қаралып, барлығы өз жөнімен жұмсалды. Шипажайлық-курорттық ем алу үшін республикалық бюджеттен 19 миллион 139 мың теңге, аудандық бюджеттен 3 миллион теңге бөлінген еді. Ем алуға қайырылған 220 азаматтың барлығы да әлеуметтік қызметтер порталында таңдау жасап, нәтижесінде 22 миллион 139 мың теңге игерілді. Мүгедектігі бар адамдарды тифло-сурдотехникалық құралдармен қамту үшін еліміздің қазына қаржысынан 6 миллион 584 мың, облыстық бюджеттен 21 миллион 969 мың теңге жұмсалды. Бұл бойынша 132 көмекке порталдан таңдау жасалды.
Сурдотехникалық құралдар бойынша 5 миллион 461 мың теңге қарастырылды. Тифлотехникалық құралдар алу үшін 171 көмекке таңдау жасалып, барлығы орындалса, есепті кезеңде 23 миллион 376 мың теңге игерілді. Міндетті гигиеналық құралдармен қамту үшін республикалық бюджеттен 28 миллион 211 мың теңге, облыстық бюджеттен 7 миллион 694 мың теңге, аудандық бюджеттен 16 миллион 500 мың теңге бөлінді. Есепті мерзімге 615 өтініш түсіп, 613 адам әлеуметтік қызметтер порталынан таңдау жасады, – дейді Т.Тұрсыналы. Облыс бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша Жол картасының 84-тармағына сәйкес 2023 жылдың соңында стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 60 пайызды құрауы қажет болған екен.
Осыған байланысты облыс бойынша 2021-2025 жылдары 1 295 нысанды бейімдеу, ал 2023 жылы Тараз қаласы мен барлық аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған көрінеді. Бұл жұмыстарды жүргізу былтыр облыс көлемінде ойдағыдай жүзеге асыпты. Биыл стандарттарға сәйкес келетін бейімделген объектілердің үлесі шамамен 80 пайызды құрауы тиіс. Осыған байланысты биыл Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланып отыр екен.
Осы ретте нысандарды бейімдеу, яғни Меркі ауданы тұрғындарының ішінде мүгедектігі бар азаматтардың әлеуметтік және басқа да нысандарға кедергісіз кіріп-шығуына қатысты қандай жағдай жасалғанына тоқталсақ, бұл іс те көңіл көншітерлік жағдайда атқарылған. Мәселен, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Еркін Келесов: «Тараз қаласы мен аудандарда мүгедектігі бар адамдарға қолайлы орта қалыптасуы үшін тиісті нысандар бейімдеуден өтті. Дегенмен мүгедектігі бар азаматтарға кешенді көмек көрсетуді жетілдіру жөніндегі 2023 жылдарға арналған жол картасына сәйкес бейімделген нысандардың суреттері мен деректерін интерактивті картаға енгізу ісі тиісті деңгейде жүргізілмеді. Тек Меркі ауданында ғана бұл іс толығымен атқарылып отыр.
Ал Байзақ, Шу, Талас, Сарысу аудандарында ақпарат аталған интерактивті картаға толық енгізілмеуіне байланысты нысандар санының үлесі жоспардың тиісті пайызынан төмен болып отыр», – деді. Расында да Меркі ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «AMANAT» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру мақсатында әзірленген Жол картасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуметтік және көлік инфрақұрылым нысандарына қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін 2023 жылы барлығы 21 нысан таңдап алыныпты.
Оның ішінде үшеуі мемлекеттік мекеме болса, мәдениет саласына қатыстысы – 4. Жетеуі білім, төртеуі денсаулық сақтау саласына тиесілі болса, жекеменшік мекемеден тізімге 2 нысан енген. Былтыр жалпы 21 нысанды бейімдеу үшін 12 миллион 14 мың теңге қаражат қарастырылған екен. Нақты айтқанда, аталған қаржы Жаңатоған ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратына, №9 Меркі колледжіне, жалпы білім беретін №11, №12, №14, №21, №44 мектебі мен музыка мектебіне, «Таңшолпан» балабақшасына бағытталған. Сонымен қатар мәдениет саласындағы Мыңқазан, Кеңес, Сұрат ауылдық клубтары, аудандық кітапхананы бейімдеуге жұмсалған.
Оның арасында Тәтті ауылдық округі әкімі аппаратының ғимаратын, денсаулық сақтау саласы бойынша Тәтті, Андас батыр, Гранитогорск, Сұрат ауылдарының медициналық мекемелері де бар. Сондай-ақ жекеменшік ғимарат иесінің өз есебінен де екі нысанға, атап айтқанда, «Меркі» қонақүйі мен «Наурыз» дәріханасына бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Бұл аудан бойынша құрылған мониторингтік топ мүшелерінің 2023 жылы бейімделетін әлеуметтік және көліктік инфрақұрылым нысандарына уақытылы зерделеу жұмыстарын жүргізіп, жауапты тұлғаларға тиісті қаражат көздерін қарастыруды қайта-қайта айтып, істі жіті назарда ұстауының жемісі деп ойлаймыз.
Соның арқасында бұл жұмыстар толық аяқталып отыр. Сонымен қатар барлық бекітілген нысан «Inva.gov.kz» қолжетімділік интерактивті картасына толығымен енгізілуі де меркіліктердің мәртебесін өзге ауданға қарағанда асқақтатып отырғанын айта кетуіміз керек.
«Бұл интерактивті карта не үшін қажет?» дейтін болсақ, қандай да бір мүгедектігі бар адам аталған картадан қай нысанда пандустың бары не жоғын, қай мекеменің табалдырығы мүгедектер арбасы кедергісіз өтуі үшін алынып тасталғанын, қай мекеменің басшысы төменгі қабатта отырғанын, қай ғимараттың ішінде тактильді тақтайша орнатылғанын білу үшін қажет.
Осының арқасында ол азамат үйінен инватакси шақыртып, әлдебір жұмысымен тиісті нысанға барып, ішіне енерде ешкімге ғимаратқа кіріп-шығуы үшін көмектесуін өтінбей, өзгеге жәутеңдемей жүре алады. Міне, нысандарды бейімдеудің, оны интерактивті картаға енгізудің артықшылығы осында. Бұл тұрғыда Меркі ауданы алда келеді. Осы жылы да үдеден шығатынына сенеміз.
Нұрым Сырғабаев