Жаңалықтар

Жастармен өткен жарқын жүздесу

«Жастар рухы» жастар қанатын толықтырып, жастар мен белсенділерді тарту мақсатында Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттерімен кездесу өткізді. Басқосуға «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов қатысып, сөз сөйледі.

 – Болашаққа деген кез келген жақсы қадам жастардан бастау алады. Сондықтан біз жастардың жасампаздығын, олардың бойындағы өнерін қолдау мақсатында барлық жоғары және орта оқу орындарымен тығыз байланыс орнатуға ниеттіміз.

Сондай-ақ ол партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан объектілер, өңірде іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» партиялық жобалары, партияның қоғамдық қабылдауларының жұмысы және тағы басқа жобалар туралы жастарға кеңірек мағлұмат берді.

Ал іс-шараға қатысқан «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанатының облыстық филиалының төрағасы Уәлихан Болатбек өңірде жүргізіліп жатқан жастар саясаты туралы хабардар етіп, студенттерді волонтерлікпен айналысуға шақырды.

Сондай-ақ ресурстық орталықтың негізгі бағыттарына тоқталып, бірлесіп жұмыс жасауға ниетті екенін білдірді. 200-ге жуық студентті қамтыған кездесуде «Жастар рухы» жастар қанатының жұмысы, міндеттері мен жобалары айтылды. Қатысушылар тарапынан қызығушылық танытып, сұрақтар қойылды.

Ш.Әбдірұлы