Бәсекелестік кілті – білімде
Жақында Ш.Мұртаза атындағы №30 мектепте облыстың білім саласында 2023 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы және 2024 жылға арналған міндеттер туралы облыс әкімдігі білім басқармасының кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеровтің төрағалығымен өткен жиынға басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері, республикалық бағыныстағы мекеме, білім бөлімдері мен білім мекемелерінің басшылары, ардагер ұстаздар, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Кеңес облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаевтың баяндамасымен басталды. Мұхит Аманқұлұлы өз сөзінде облыстағы білім саласындағы ауқымды жұмыстар «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында», ҚР Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігімен бірлескен «Жамбыл облысының 2023-2029 жылдарға арналған білім беру жүйесін дамыту» бойынша өңірлік жол картасында белгіленген көрсеткіштер негізінде жүзеге асырылып жатқандығын жеткізді. – Өткен жыл облыс оқушылары мен педагогтарының жетістіктеріне, жеңістеріне толы жемісті жыл болды.
Республикалық ғылыми жобалар жарысында облыс командасы он төртінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атағын иеленді. Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша өткен республикалық олимпиадада облыс командасы жүлделі І орынды иеленіп, «Ең үздік команда» деп танылды. Сондай-ақ республикалық олимпиаданың қорытындысымен 100 үздік мектептің ресми рейтингіне облыстың 7 мектебі енді. Өңір оқушылары республикалық, халықаралық олимпиадалар мен байқауларда 359 медаль иеленді. Биыл тұңғыш рет ауыл мектептері оқушыларының арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада өтті. Білім бәйгесінің республикалық кезеңіне 49 оқушы қатысып, 30 оқушы жүлдемен оралды. Аймақ басшысының қолдауымен өткен жылы 43 оқушыдан жасақталған облыстың құрама командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пән олимпиадасына дайындық мақсатында оқу-жаттығу жиындарына қатысты. «WorldSkills» республикалық чемпионатына 23 құзыреттілік бойынша 25 студент қатысып, 16 жүлделі орынға ие болды.
Оның екеуі алтынға, тағы осыншамасы күміске қол жеткізсе, 12-сі «Үздік маман» медальон иегері атанды. Республикалық, халықаралық байқауларда 81 педагог топ жарды. 6 педагог республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпазы болды. 2023 жылы білім саласында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Ал 2024 жылға жоспар айқын, міндет зор, – деді Мұхит Аманқұлұлы. Жиында Нұржан Сәбитұлы баяндама барысында туындаған сұрақтарға тоқталды. – Білуімше, облыста кәмелеттік жасқа толмаған 310 бала қылмыстық істер жөнінде профилактикалық есепте тұр. Осы жеткіншектермен қандай жұмыстар атқарылуда? Ол балалар назардан тыс қалмасын. Тағы бір мәселе – оқушыларды ыстық тамақпен қамту. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Байзақта халық арасында резонанс тудырған шулы оқиға орын алды. Осы жылы мұндай жағдайды болдырмаудың жолын қарастырыңыздар. Кәсіпкерлермен келісімшарт жасар алдында мұқият болыңыздар. Былтыр облыс бойынша 3 миллиард теңгеге тарта қаражат мектептердің қауіпсіздігіне бөлінген.
Қойылған сұраққа қатысты Мұхит Аманқұлұлы профилактикалық есепте тұрған жасөспірімдердің қазіргі жай-күйін баяндады. Оның айтуынша, ювеналды полиция бөлімінде есепте тұрған 93 баланың 43-і спорт секцияларына, алтауы спорт мектептеріне, төртеуі – сурет, 16-сы шығармашылық клубтарға қатысады. Сондай-ақ бұл тізімдегі оқушылардың үшеуі жаратылыстану, екеуі қоғамдық-гуманитарлық, бір-бір оқушыдан әлеуметтік педагогикалық, тілдік, өлкетану бағытындағы, алтауы патриоттық бағыттағы үйірмелерге тартылған екен. Жиында сонымен қатар облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Дәмеш Шайхықызы білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау бойынша сөз қозғады. Алқа мәжілісінің соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров білім саласындағы 2024 жылға арналған міндеттерге тоқталды.
Ақтоты Жаңабай