«МЕНІМЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕС!» АКЦИЯСЫ
«МЕНІМЕН ҚАЗАҚША СӨЙЛЕС!» АКЦИЯСЫ
Акция аясында басқарма қызметкерлері қоғамдық орындарға барып, ондағы келушілерге мемлекеттік тілде қызмет қалай көрсетілетінін бақылап, мемлекеттік тілді білмейтіндерді тегін оқыту курстарына шақырып жүр. Келушілердің арасында кей дүкендерде мемлекеттік тілде сұрағанына дұрыс жауап берілмеген сатушыларға шағым айтқандар да болды. – Тараз қаласының тұрғыны Гүлнар Ахаева Абай даңғылындағы әлеуметтік дүкен мен «Төңкеріс, 4» мекенжайындағы «Светофор» дүкенінің сатушыларының қазақ тілінде қызмет көрсетпегендігіне шағымданған болатын. Аталған нысандарға Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының белсенді мүшелері мен тіл жанашырларынан құралған арнайы топпен «Менімен қазақша сөйлес!» акциясымен барып, әдістемелік көмек көрсетуді ұйымдастырдық. Аталған екі дүкеннің әкімшілік және өзге де қызметшілерімен кездесіп, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 24-бабына сәйкес сатушы (дайындаушының, орындаушының) міндеттерінің бірі тауар (жұмыс, көрсетілетін қызмет) туралы, сондай-ақ сатушы (дайындаушы, орындаушы) туралы «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес ақпараттар берілуі қажеттігі түсіндірілді. Нәтижесінде дүкендердің қызметкерлері өз қателіктерін түсініп, шағымданушы тұрғыннан кешірім сұрады. Біз өз тарапымыздан мемлекеттік тілді үйренуге ниеттілерді тегін оқытатынымызды, тіпті қажет болса жұмыс орындарына келіп, үйретуге де дайын екенімізді айттық. Және халыққа қызмет көрсететін қоғамдық орындарда мемлекеттік тілді білетін азаматтар жұмыс істеу керегін, білмейтін жұмысшыларына біз көмектесуге әзір екенімізді де ескерттік, –дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Мөлдір Ахметова. Тіл үйренемін деушілерге тегін білім беретін Тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова: – Біздің орталықта қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытамыз. Тек тіл үйретумен шектелмейміз. Түрлі акция, Ашық есік күні сынды көпшілік іс-шараларды ұйымдастырып, халықты тіл үйренуге шақырамыз. Егер тілге қатысты шағым түссе, сол жерге барып, жағдаймен танысып, тіл білмейтін қызметкерлерге тегін үйретуге көмегімізді береміз. Көбіне шағым кондитерлік өнім шығаратын орындарға түседі. Ондай жерлердің біразында мемлекеттік тілді білмейтін, өзге этнос өкілдері еңбек ететіндіктен, мемлекеттік тілде сөйлей алмайтындарын көріп жүрміз. Қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан «Менімен қазақша сөйлес!» атты акциясы аясында қаламыздағы барлық қоғамдық орындарды, вокзал, әуежай, автобекет, дәмханалар мен дүкендер, дәріханалар, нотариустар секілді жерлерді аралап шықтық. Тегін тіл үйрететін қызметімізді жеткізіп, еліміздің «Тіл туралы» Заңынан ақпарат беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бұрын көрнекі жазулар, мекеме, нысан атаулары қазақ және орыс тілінде жазылатын болса, сол заңға өзгеріс енгізіліп, қазір тек мемлекеттік тілде жазылу міндеттелді. Егер қажет болған жағдайда ғана қосымша тағы бір тілде жазуға болады. Қазір мемлекеттік тілді үйренуге тілек білдірушілердің қатары артып келеді. Әсіресе дүнген ұлтының өкілдері тарапынан ұсыныс көбірек түсуде. Айта кетейін, тілдерді оқыту орталығы тек Тараз қаласында емес, аудандарда да жұмыс істейді. Егер тіл үйренушілер көптеп келіп, өз мұғалімдерімізден топ артылып жатса, штаттан тыс мұғалім алуға да мүмкіндігіміз бар. Қазіргі таңда 2000-нан аса азамат қазақ тілін, 1000-ға жуық адам ағылшын тілін оқып жүр. Орыс тіліне сұраныс көп емес, қазір 200-300 аралығында оқып жүргендер бар, – дейді. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мемлекеттік тілді оқытудың қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік тілде сапалы қызмет көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатындағы «Менімен қазақша сөйлес!» акциясымен «KORZINKA» дүкендері мен «Эльба» кафесінде де болды. Акцияға Халықаралық қазақ тілі қоғамының белсенді мүшесі, мемлекеттік тілді жетік меңгерген тіл жанашыры, дүнген ұлтының өкілі Динара Нұралиева қатысып: – Мен де бұрын қазақ тілін мүлдем білмейтінмін. Тегін тіл үйретіп, қазіргідей қазақша жатық та таза сөйлей алатын, жаза алатын жағдайға жетуіме көмектескен тілдерді дамыту басқармасының тілдерді оқыту орталығына, сондағы оқытушыларға алғысымды айтамын. Шын ниетімен үйренемін деген адамға тіл білудің түк те қиындығы жоқ. Бәріміздің тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өсіріп отырған Отанымыз Қазақстан болғандықтан, мемлекеттік тіл – қазақ тілін білуге тиістіміз, – деді барған жерлерде кездескеннің бәріне. Қоғамдық орындарда мемлекеттік тілде қарым-қатынас дағдыларын қалыптастыруға арналған оқу құралдары мен әдістемелік нұсқаулықтар таратылды. Мемлекеттік тілді тез электрондық нұсқада, қолжетімді үйренуге арналған QR-кодталған плакаттар аталған дүкендердің ғимараттарына ілінді. Акцияда ірі сауда үйлері мен шағын және орта бизнес саласының қызметкерлері үшін қазақ тілін қысқа мерзімде оқыту курстарына ниет білдірген тыңдаушылар қабылданды. Тіл қарым-қатынас құралы болғандықтан, білмегенін үйретуге мемлекет тарапынан жағдай жасалған. Ал халыққа қызмет көрсететін орындарда еңбек ететіндер мемлекеттік тілді білуі керек. Сондықтан да мемлекеттік тілді үйренушілер үшін орталықтың есігі қашан да ашық. Тіпті жұмыстан шыға алмайтын жағдайдағылар үшін Тілдерді оқыту орталығының оқытушылары әр ұжымнан құралған топ үшін мекемелердің өзіне барып, дәріс беруге де дайын. Мемлекеттік тілге құрметпен қарап, тегін берілетін білімнен құр қалмаған абзал.
Қамар ҚАРАСАЕВА