Жаңалықтар

ТИІМДІЛІГІ ДӘЛЕЛДЕНГЕН ПИЛОТТЫҚ ЖОБА

ТИІМДІЛІГІ ДӘЛЕЛДЕНГЕН ПИЛОТТЫҚ ЖОБА

«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру» пилоттық жобасының алғашқы кезеңі бойынша облыстағы 10 ауданның 11 ауылдық округі қамтылғаны белгілі. Олардың қатарында біздің ауданымыздан екі ауылдық округ енсе, солардың бірі – Түймекент ауылдық округі болатын. Кейіннен оларға Үлгілі ауылдық округі қосылды. Түймекент ауылдық округі бойынша бүгінде 1405 отбасында 9474 халық тұрады. Бұл деген аудан орталығынан кейінгі тұрғыны көп, үлкен округтердің бірі. Сондықтан да болса керек аталған округ 2019 жылы пилоттық жобаға еніп, аталған жобаның 5 бағыты бойынша 262 ауыл тұрғыны 615,2 миллион теңгені 2,5 пайызбен алған болатын.

Жобаның бірінші бағыты – үй іргесіндегі жерлерді тиімді пайдалану бағыты бойынша 2020-2021 жылдары ауқымды жұмыстар атқарылған. Жыл сайын жерді пайдаланушылар көбейіп, одан алынған өнім көлемі еселеп артты. Мәселен, 2020 жылы 1140 ауланың барлығы өздерінің 132,7 гектар жерлерін толық игеріп, оған егілген қияр, қызанақ, картоптан барлығы 868,6 тонна өнім алған. Жиналған өнімнің 510 тоннасы ішкі тұтынуға жұмсалса, 358,6 тоннасы саудаға шығарылған. Ал 2021 жылы алынған өнімнің 720 тоннасы ішкі тұтынуға, 378,6 тоннасы сатылған. Биыл болса су тапшылығына байланысты аулалардағы егістік жерлер біршама қысқарған. Округтегі 1224 аулаға 37 гектар қияр, 25,8 гектар қызанақ, 17,3 гектар картоп, 4,2 гектар баклажан, 4 гектар алма бағы, 6,2 гектар бұрыш, 5,5 гектар асқабақ егілген. Үй іргесіндегі жерлерді аталған жоба аясында құрылған «Түймекент-2019» ауыл шаруашылығы кооперативі техникаларымен жерді жыртып, өңдеп беріп отырған. Біз Түймекент ауылындағы «Нұрасыл» жеке кәсіпкерлік иесі Умида Сапарбаеваның үйінде болдық. Үй іргесіндегі жерлердің тиімді пайдаланылып отырғанын көрдік. Сылдырап аққан су бақшаға келіп, еркін жайылуда. – Мен мемлекеттен төменгі пайызбен несиеге 2 миллион 100 мың теңге алдым. Бұған алдымен 7 бұқа, 5 жылқы сатып алып, оны бордақылауға қойдым. Мал семірген соң оны сатып, орнына жас түліктер алып қоямын. Малға қажетті шөпті Аманбай атам мен жолдасым Әнуар дайындайды. Олардың өз жерлері бар. Бізге осындай жағдай жасап, төменгі пайызбен несие берген мемлекетке, облыс, аудан басшыларына алғыс айтамын, – дейді жеке кәсіпкер Умида Сапарбаева. Кәсіпкердің үй іргесіндегі 15 соттық жерінде алма, алмұрт, шие, өрік ағаштарынан бөлек, қияр, қызанақ, сәбіз, сарымсақ, анар, редиска, жүзім, жүгері, арпа егілген екен. Сондай-ақ көршісінің пайдаланбай жатқан 10 соттық жеріне картоп, асқабақ отырғызған. Барлығының да шығымы жақсы. Жобаның екінші бағыты – мал шаруашылығын дамыту және мал сатып алуға округтегі 258 адам қатысып, 602,274 миллион теңгеге 577 жылқы, 2780 қой-ешкі, 558 мүйізді ірі қара, 1250 құс сатып алған. Кейінгі үш жылда мал басы өскен. Округте төрт түлік көбейгенімен оны бағатын жайылым тарлық етуде. Міне, сондықтан да ауыл малының дені құмға шығарылып, сонда бағылып жатыр. Түймекент ауылындағы жеке кәсіпкер Арғынбай Еңлібеков аталған жобаның пайдасын көріп отырғандардың бірі. Біз барғанда Арғынбай қолдағы малдарына шөп салып, суын беріп жатты. – Мен пилоттық жоба бойынша осыдан үш жыл бұрын төмен пайызбен 3 миллион теңге несие алдым. Алған қаржыма 150 қазақы қой алған едім, бүгінде уақ малдың саны 350-ге жетті. Жыл сайын еркек қозыларды сатып, орнына ұрғашы қозылар алып қоямын. Қойларды қолда, ауыл маңында ұстау қиын. Сондықтан да құмға жіберіп, ақыға бақтырып отырмын. Бірлі-жарым, арық-тұрық, әлжуаздары қолда. Оларға ерекше қамқорлық керек, – дейді Арғынбай. Арғынбай сөз арасында несиеге алған қаржысынан түгелдей құтылып қойғанын айтып қалды. Бұл жобаның еңбек етемін деген азаматтарға пайдасы көп екенін жеткізді. Түймекенттік жеке кәсіпкер Әселхан Қасымқұлова да мемлекеттен жеңілдетілген несие алып, істің көзін тауып отырған жастардың бірі. Ол несиені мал өсіру және жоңышқа тұқымын тазалау бағыты бойынша алған. Әсияға бұл істе жолдасы Асыл Мұханбетжанов көмек көрсетуде. Кәсіпкердің 10 бұқасы сыртта болса, 6 сиыр, 2 жылқысы қолында. Мойынқұмның құмындағы «Көкшұрат» жайылымынан мал ертеңгі күні қоңды оралатын көрінеді. Қоңдысы бірден сатылымға шығады да, оның орнын қайтадан сатып алынған жас төлдер жауып отыратынын білдік. Әсел мен Асылдың үй іргесіндегі бау-бақшаға да үлкен мән беретіні көрініп тұр. Жеміс ағаштарының бірнеше түрін еккен. Олар енді аулаға жылына 3 метр өсетін, оттегіні көп бөлетін павлония ағашын егуді қолға алған. Бұдан басқа да көптеп ексе ауа ластанбайтын жақсы қасиеттері бар әртүрлі ағаш көшеттерін дайындап жатқанын көрдік. – Пилоттық жобаның 3 бағыты – ауыл сыртындағы жерлерді тиімді пайдалану бойынша «Түймекент-2019» кооперативіндегі 413 гектар егістік жердің 250 гектар жері жалға алынған. Кооперативте 182 мүше бар. Кооператив мүшелері өз техникаларымен ауыл азаматтарының жерлерін жыртып, дайындауға көмектесіп отырады. Бүгінде арпа орылып жатса, жоңышқаның екінші орымына да орақ түсті. Түсім жаман емес. Шаруалар алдымен өздеріне қажетті жемшөпті дайындап алса, қалғандарын сатылымға шығармақ. Жобаның төртінші бағыты – кооперативтерді жабдықтау бойынша кооперативке 85,8 миллион теңгеге 18 ауыл шаруашылығы техникасы сатып әперілді. Кооператив өз жерлерімен бірге шаруалардың үй іргесіндегі, ауыл сыртындағы жерлерінде төмен бағамен айдап, өңдеп беріп отырады. Алдағы уақытта ауылдағы шағын аулаларға кіретін кіші трактор сатып алу жоспарланып отыр, – дейді Түймекент ауылдық округінің әкімі Қанат Смағұлов. Жобадағы бесінші бағыт – бизнес жобаларды қаржыландыру. Бұл ретте де округте айтарлықтай жұмыстар жүзеге асуда. Соның бірі – шылаушын басын көбейте отырып, минералды тыңайтқыштар шығару. Бұдан басқа бал омартасын өндіру, жылыжай жұмыстары, наубайхана ашу тәрізді бизнес-жобалар несиелендірілген. Олардың қайтарымы бар. – Мемлекеттен алған несиемізге мал көңін өңдеп, органикалық тыңайтқыш өндіруді былтырдан бастап қолға алдық. Ерінбей істеген адамға мұның пайдасы өте көп. Біз алғашқы тыңайтқыштарды сатылымға шығара бастадық, өз бақшамызға пайдаланып, нәтижесін көріп отырмыз. Бағасы қолжетімді. Литрі 70-100 теңге аралығында, – дейді биогумс кәсібімен айналысып жүрген Асыл Мұханбетжанов есімді азамат өз тәжірибесімен бөлісу барысында. Иә, малдың қиынан табиғи минералды тыңайтқыштарды шығару арқылы тозығы жеткен жерлерді тыңайтып, химиялық тыңайтқыштардан арылу жолында ізденіп жүрген түймекенттік жастың еңбегі мақтауға тұрарлық. Бұл жаңа әдіс Өзбекстан мемлекеті мен өзіміздің егістікпен көп айналысатын Түркістан облысында кеңінен қолданылатынын баспасөз беттерінен оқығанымыз бар. Ендеше мұндай пайдалы істі қашанда қолдай білгеніміз жөн. Ал бұл аталған жобаның бесінші бағытына келеді. Аталған қанатқақты жобаның аясында түймекенттік ағайындардың қорадағы малдарының саны еселенді. Мал баққанға бітеді. Малдың жай-күйін жасап, уақтылы жемшөбін берсе табыс табуға болатынын кейінгі 2-3 жыл көрсетіп отыр. Біз сөйлескен шаруалар несиені төмендетілген пайызбен алып, оларға бір жыл демалыс берілгендігі тиімді болғанын айтады. Бұл деген мемлекеттің шаруаға аяқтан тұрғанша уақыт беріп, өзінің табысын арттыруға мүмкіндік туғызғанын мақұлдайды. Жоба аясында мал басы көбейіп, суармалы егістік көлемі артқаны, бизнес-жобалардың жүзеге асқанына орай округте көптеген азаматтар жұмысқа тартылды, атаулы әлеуметтік көмек алатындар саны қысқарды. Ал пилоттық жоба бойынша жұмыс істеп жатқан отбасылардың табысы орта есеппен бірнеше есе артып отыр. Пилоттық жобаның тиімділігін көрген, пайда тапқан түймекенттік 12 азамат өз кәсібін дөңгелете отырып, өздерінің 29,8 миллион теңге үстеме ақы пайызымен несиелерін мерзімінен бұрын өтеп те қойды. Жоба аясында қайтарылатын несие қаражаты есебінен басқа да округ тұрғындары несиелендірілетінін түймекенттік кәсіпкерлер жақсы біледі. Ауданда мұндай жақсы іске Үлгілі ауылдық округіне қарасты шаруалардың өткен жылы қолдары жеткенін жақсы білеміз. Міне, осылайша «Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға арналған» пилоттық жобаның пайдасы республика көлемінде қолдау тауып, мақұлданып отыр. Ал бұл тәжірибе өзге өңірлерге үлгі ретінде көрсетіле бастаса, мұнда біз сөз етіп отырған түймекенттік шаруалардың еңбегі де аз емес.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, журналист, Байзақ ауданы