Руханият

Абырой адал еңбекпен келеді

Күнделікті өмірде кімнің кім екенін ескере бермейміз. Қарбаласқан тіршілікпен жүріп жанымыздағы жақсы адамдарды елеуді де ұмытып кететініміз бар. «Адамның күні – адаммен» деп жақсының жақсылығын айтқан абзал. Осындай жарқын жүзді, жайдары мінезді жанның бірі – Жұмакүл Нұрсаитова. Ол – облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы облыстық қан орталығының бас есепшісі. Қырғызстан Республикасы, Талас облысы, Манас ауданында дүниеге келген оның жалпы еңбек өтілі – 25 жыл.

Жұмакүл Зеилдайқызы 1985-1989 жылдары Ленинград Еңбек Қызыл Ту ордені ауылшаруашылық институтында ауылшаруашылығы өндірісіндегі шаруашылық қызметтің бухгалтерлік есебі және талдауы мамандығын оқып, ауылшаруашылығындағы бухгалтерлік есеп жөніндегі экономист біліктілігін алды.2008-2010 жылдары Жамбыл гуманитарлық университетінде білім алып, «Құқықтану» бакалаврлық дәрежесін иеленді.

Еңбек жолын 1989 жылдан бастаған кейіпкеріміз 2000 жылдан бастап денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. 2000-2016 жылдары №1 перзентханада бас есепші болып еңбек етті. 2017 жылдың ақпан айынан бері облыстық қан орталығында бас есепші қызметін атқарып келеді. Өзінің білімі мен іскерлігін тәжірибеде қолданады.

Білім деңгейі жеткілікті, бұл оған медициналық қызметті жоғары деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Терең теориялық дайындықты практикалық дағдылармен үйлестіреді, тапсырыл­ған іске жауапкершілікпен қарайды.

Өзіне талапшыл. Үздіксіз өзін-өзі тәрбиелеумен айналысып, өзінің кәсіби құзыреттілігін және жалпы мәдениет деңгейін үнемі арттырады. Ол қазіргі ғылыми-техникалық ақпаратқа жақсы назар аударады. Оны практикалық мәселелерді шешуде тиімді қолданады, жұмыста бастамашыл, принципшіл және адал ниет танытады.

Кейіпкеріміз жақсы ұйымдастырушылық қабілетімен ерекшеленеді, ұжымда құрметке ие. Сауатты, білікті маман. Әріптестер арасында сыйлы, беделді. Әрдайым өзінің кәсіби біліктілігін шыңдап жүреді.2017 жылғы 8 ақпанда облыстық қан орталығының бас есепші лауазымына жұмысқа қабылданғалы бері ұжымда оғаш мінез көрсеткен емес.

Жұмакүл Зеилдайқызы денсаулық сақтау саласында донорлық қызметтің және кәсіпорынның дамуына өз үлесін қосуда. Лауазымдық міндеттерді орындауға жауапкершілікпен қарайды. Жаңа келген жас буын дәрігерлермен өз тәжірибесін бөлісіп отырады. Қызметкерлер арасында білікті маман, лайықты құрметке ие адам.

Эльмира Байназарова