Қоғам

Теміржол бойындағы татулық

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесінің «Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі Алғыс айту күні қарсаңында «Жамбыл локомотив пайдалану» депосының тыныс-тіршілігімен, шежірелі тарихымен танысып қайтты.

 Теміржолды сан түрлі сапарлар мен сезімдерге ерік беретін, ұшақ жолы мен көлік жолдарына қарағанда ең ыңғайлы әрі ең қауіпсіз жол десек те болады. Ал оның қауіпсіз болуы өз алдына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Темірдің тілін тауып, тәртібіне идірген, жолаушылар отыратын жүрдек пойыздарды алып жүретін алып тепловоздарды жөндеу нысаны – локомотив депосының жұмысын бүгінде қазақтармен бірге онға жуық түрлі этнос өкілі де дөңгелетіп отыр.

Сан түрлі этностарды тонның ішкі бауындай бауырластықта ұстап отырған Нұрболат Нұрсейітов олардың мемлекеттік тілге жетік екендіктерін де алға тартты. Әңгіме барысында кәсіпорын басшысы бастауы Мұхамеджан Тынышбаевтың ерен еңбегімен басталған «Жамбыл локомотив пайдалану» депосына бүгінде 100 жыл толып отырғанын хабарлады.Бұдан өзге цех жұмысының жүйесі, техникалық бақылаулар мен жаңартулар, біліктілікті арттыру мәселелері туралы да сөз қозғады.

Нұрболат Төлегенұлы, ең бастысы, ауызбіршілік бар жерде ғана ойға алған істер оңынан жүзеге асатынын жеткізді. Әрмен қарай теміржолдағы түрлі маман өкілдерінің жұмысымен таныстық. Осы орайда мұндағы жұмысшылардың денсаулығына аса қатты көңіл бөлінетінін айта кеткен жөн. Олардың әрқайсысы үшін жұмыс күні медициналық тексерістен өтуден басталады. Сондай-ақ мұндағы медициналық құрылғылардың заманауи, жаңа екені көрініп-ақ тұр.

Ол құрылғыда жұмысшының қан қысымын, тамыр соғысын және алкагольдік сусындар пайдаланғанын тексеретін арнайы функциясы бар. Тексеру аяқталғаннан кейін медицина қызметкері жұмысшының денсаулық көрсеткіштері қалыпты болса ғана жұмыс істеуге рұқсат береді.

Бүгінде «Жамбыл пайдалану локомотив» депосын ыстық ұямыз деп санайтын неміс, кәріс, украин, қырғыз, түрік, орыс, өзбек, дүнген, тағы да басқа этностардың өкілдерінен құралған қызметкерлер тобы басшылары мен жұмыс орындарына алғыстарын айтты. Ең бастысы – татулығы мен бірлігі жарасып, ауыр жұмысты еңсеріп отырған этнос өкілдері қазақ халқына ризашылықтарын білдірді.

«Қоғамдық келісім»

мекемесінің ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі