Қылмысқа қылбұрау
Қылмысқа қылбұрау
Жыл басынан бері 53 мас жүргізуші жауапқа тартылды
Сараптама қорытындысы бойынша, ол көлікті жеңіл дәрежелі мас күйде басқарған. Полицейлер жүргізушіге қатысты 2022 жылғы ақпанда Меркі ауданының әкімшілік сотымен оның көлікті басқару құқығынан 7 жылға айырылғанын анықтады. Осы дерекке сәйкес бұл азаматтың көлік құралын басқарғаны үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, оның автокөлігі арнайы тұраққа қойылды. Айта кетсек, жыл басынан бері облыста 53 жүргізуші мас күйде көлікті басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жаза күшеюде
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері күн сайын полицияда есепте тұрған шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған, алкогольді асыра пайдаланатын қолайсыз отбасыларды тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізедi.Басты мақсат – азаматтардың өмірі мен денсаулығына қарсы тұрмыстық қылмыстардың жолын кесу, профилактикалық есепте тұрған адамдарды зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар ету, отбасының қоғамдағы рөлін нығайту. Рейдтік іс-шаралар кезінде тәртіп сақшылары отбасында спирттік ішімдіктерді тұтынуын немесе санитарлық нормалардың сақталуын және балаларын қадағалап отыруын анықтау үшін тұрғын үй жағдайларын тексереді. Сондай-ақ полиция қызметкерлері азаматтарға құқықбұзушылықтар үшін қандай жаза қарастырылғанын түсіндіреді. – Көбінесе біздің қызметкерлер тек құқықтық емес, психологиялық тараптан да қолдау көрсетеді. Талдау нәтижелері әйелдердің уақытылы көмек сұрамауының негізгі себептерінен. Бұл негізінен үйдегі «тиран» отағасыларға материалдық тәуелділік, сонымен қатар «ол өзгереді» деген үміт және балаларды толық емес отбасында тәрбиелеуден қорқу десек болады. «Ұят болады» дейтiн туыстарының, жақын адамдарының пікірі де маңызды. Осы себептерді анықтау әр жағдайға жеке нақты тәсіл табуға және жәбірленушіге жан-жақты көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік Әлдибеков. Жамбыл облысының полиция департаменті кімде-кім тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса, дереу жақын жердегі полиция бөліміне немесе «102» нөміріне, сондай-ақ «150» және «111» сенім телефондарына хабарласу қажет екенін ескертедi.
«Қызыл кітапқа» енген жануарды атып алған
Сарысу аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері облыстық балықшаруашылығы инспекциясымен, сондай-ақ орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемемен бірлесе Тоғызкент ауылдық округіне қарасты жайылымдардың бірінде браконьерлік жасады деп күдікке ілінген облыс тұрғынын ұстады.Тексеру барысында ер адамнан жабайы жануарлардың 3 тушасы, «Қызыл кітапқа» енген қарақұйрық, қоян және кекілік, сондай-ақ шолақ мылтық қаруы табылып, тәркіленді. Ер адамның айтуынша, ол қашып кеткен жылқысын осы аймақтардан іздеп, жабайы жануарларды көргеннен кейін оларды азық ретінде пайдалану үшін атуға шешім қабылдаған. Қазіргі таңда заңсыз аң аулау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сот сараптамалары тағайындалды. Облыстық полиция департаменті осы жылдың ақпан айында, яғни бір ай өңір аумағында табиғатты қорғау заңнамасын бұзу деректерін және биологиялық ресурстар объектілері мен өнімдерінің заңсыз айналымын анықтап, жолын кесуге, сондай-ақ экологиялық қылмыстық құқықбұзушылықтарды ашуға бағытталған «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатқанын хабарлайды.
Есірткі курьері 1 келі мефедронмен ұсталды
«Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері мефедрон жеткізу арнасының жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді.Есірткі заттарын аса ірі мөлшерде сақтады деген күдікпен Алматы облысының 26 жастағы тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде ер адамнан ішінде ерекше иісті ұсақ кристалды ұнтақ зат бар, изолентамен оралған 35 орам тәркіленді. Сондай-ақ оның жалға алған пәтерінен Мерри қызметтік итінің көмегімен 430 оралған пакет табылды. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысына сәйкес тәркіленген заттар – жалпы салмағы 978 грамм болатын мефедрон психотроптық заты болып шықты. Яғни полицейлер кем дегенде 3 260 дозаны құрайтын есірткінің таралуына жол бермеді. Оның қара нарықтағы құны шамамен 36 миллион теңге тұрады. Жауап алу кезінде күдікті заңсыз бизнеске қатысы бар екенін мойындап, мессенджер арқылы есірткі сататын курьер болып жұмысқа орналасқанын айтты. Ол Алматыдан есірткі партиясын алып, Тараздағы жалдамалы пәтерде оларды буып-түйіп, жасырын орындарға қойып шыққан. Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаевтің сөзінше, күдікті өз қызметін интернет-дүкендердің көмегімен жүзеге асырған. Онда үйлестірушінің нұсқауы бойынша Алматы, Тараз, Шымкент, Қостанай қалаларында тарату үшін «тауар» алып отырған және Таразда бірнеше орынға мефедрон қойып үлгерген. Оның есірткі сататын интернет-дүкен әкімшісімен хат алмасуын және жасырын орындардың координаттарын көрсеткен фотосуреттерді тексергеннен кейін қызметкерлер мефедронның тағы 7 орамын тапты. Қазіргі уақытта полиция қылмыстық тізбектің қалған қатысушыларын анықтап жатыр.