Жастар

Жұмысы жанданған ресурстық орталық

Ел болашағы – жастардың қолында. Әрбір жастың өз қабілетіне қарай уақытында білім алуы, мамандық игеруі өте маңызды. Ал мамандық игере алмағандар көшеде бос сенделіп жүрмеуі керек. Өйткені халықтың айрықша жұмыс күші болып саналатын бөлігі – жастар. Олар қоғамның әлеуметтік, саяси және экономикалық жағдайында маңызды рөл атқаратын болғандықтан еңбек нарығында жастарға қолайлы жағдай жасау – кез келген мемлекеттің басты міндеті.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, біздің мемлекет білім алып, мамандық игергенге де, оған мүмкіндігі болмағандарға да барынша қолдау көрсетіп, қамқорлық танытуда. Мәселен, қандай да бір оқу орнын бітірген жастардың бұрын мамандығы бойынша жұмысқа орналасуы қиын еді. Себебі олардың жұмыс тәжірибесінің жоқтығы, еңбек заңнамасының негіздерін жеткілікті білмеуі немесе белсенділігінің төмендігі, идеясының болмауы олардың жұмысқа орналасу жолына кесе-көлденең тұратын.

Дегенмен еліміз қолында «оқыды» деген тілдей қағазы бар жастарды жұмыспен қамту үшін «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» секілді бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыру арқылы жастарға тұрақты қолдау көрсетіп келеді.

Сонымен қатар мемлекетімізде еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы маман­дығын игерту арқылы жастарға жұмыс тауып беру, кәсіппен айналысып, өз ісін ашуы үшін қайтарымсыз қаржы, төмендетілген несие үлестіру істерін жүргізуде. Бұл істі қарқынды жүргізудің, яғни жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың арқасында өркениетке қадам басқан еліміздің алдағы уақытта бәсекеге қабілетті болатынына сеніміміз мол.

Ең маңызды мәселе, жастар жұмысбасты болса, бұзақылыққа да жол берілмейді. Сол себепті өрендердің жұмысқа орналасып, еңбекке араласуы, кәсіппен айналысып, білім алуы, спортпен шұғылданып, өнерге ден қоюы жергілікті жердегі атқарушы органның жұмысына берілетін бірден-бір баға. Осы ретте біз Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығы жастарға қандай қолдау шараларын көрсетіп жатқанын білмекке аудан орталығына жол тартқан едік.

Аталған орталық директоры Жандар Тоқсабаның айтуынша, өрендерге көрсетілер мемлекеттік қолдаулардан бөлек, ауданда жастар орталығы тарапынан бірнеше жобаны жүзеге асыру қолға алынған екен. Оның ішінде әртүрлі бағдарламаға қатысу арқылы өз кәсібін ашқан өрендерді өзгелерге насихаттау, жастарды өнерге, спортқа тарту, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпты білуге шақыру, жас отбасыларға, жағдайы жоқ отбасыларға қолдау көрсету секілді жобалар да бар.

Жандар Жамбылұлы бізбен әңгімелесу барысында атқарылған жұмыстармен қоса, аталған жобалар жайын да егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Жалпы Жамбыл ауданында бүгінгі таңда 88 213 тұрғын бар болса, оның 28 434-і – 14-35 жас аралығындағылар. Бұл аудан халқының 33,4 пайызын құрайды. Ауданда 49 жас мемлекеттік қызметші болып еңбек етіп жатса, 239-ы Отан алдындағы борышын өтеп жүр.

– Біздің мекемеге 45 штаттық бірлік берілген. Оның 32-сі тікелей жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жұмыс жүргізеді. Былтыр 2 064 жас жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде тұрақты жұмысқа – 978, әлеуметтік жұмыс орындарына – 27, ақылы қоғамдық жұмыстарға – 338, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен – 296, «Алғашқы жұмыс орындары» бағдарламасымен 58 азаматқа жұмысқа тұруға жолдама берілді. 48 жас қайтарымсыз қаржы иеленсе, 53 адам 2,5 пайыздық жастарға арналған несие алды.

«Бастау Бизнес» жобасы бойынша 336 адам оқыту курсынан өтсе, электрондық еңбек биржасы арқылы 77 жас оқыды және 2 жас «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша жұмысқа тұрды.«Ауыл аманаты» жобасы бойынша 122 жас жеңілдетілген пайызбен берілетін несиеге қол жеткізді. «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2022 жылы аудандық бюджеттен 4 денсаулық сақтау, 10 білім беру, 1 спорт, 2 мәдениет, 2 агроөнеркәсіп кешені саласының маманы, 2 ауылдық округтер әкімдері аппаратының мемлекеттік қызметшісіне, барлығы 21 жас маманға 6 432,3 мың теңге көтерме жәрдемақы берілді.

Сонымен қатар 4 білім беру, 1 агроөнеркәсіп кешені саласының маманына тұрғын үй сатып алу үшін жалпы сомасы 22 972,5 мың теңге бюджеттік кредит үлестірілді. Өткен жылы осындай көтерме жәрдемақыны 20 адамға, ал 2 азаматқа тұрғын үйге несие беру жоспарланған болатын. Бүгінгі таңда спорт саласынан 1 жас, ветеринария саласынан 1 жас тұрғын үй алу үшін несие рәсімдеді. Былтыр Жамбыл ауданында NEET санатындағы 2 343 жастың бар екені белгілі болды. Бұл бойынша анықтау, «е-Собес» бағдарламасы және тиісті жауапты мекемелер арқылы «Отбасы цифрлық картасы» базасына енгізу жұмыстары былтыр толық аяқталған болатын.

Алайда жүргізілген жұмыс нәтижесі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің талабына сәйкес келмегендіктен, «Отбасы цифрлық картасы» базасына қайта өзектендіру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта аудандық жастар ресурстық орталығы тарапынан 1 148 жастың мәртебесі анықталып, «Отбасы цифрлық картасы» базасында көрсетілген тармақтар бойынша өзектендіру жұмыстары жүргізілуде.

Оның ішінде университетте оқитын 2, техникалық және кәсіптік білім беру орнында оқитын – 3 студент, білімі және білім алуға ниеті жоқ 1 азамат бар. Ауданда жұмыспен қамтылғандар, оның ішінде бейресми жалдамалы жұмысшылар саны – 416, тіркелмеген жеке кәсіпкерлер – 100, мүгедектігі бар, бірақ еңбекке қабілетті 1 адам тұрады.

Тіркелмеген жұмыссыздар – 25, үй шаруасындағы әйелдер – 184, Қазақстан Республикасынан кеткендер саны – 79, тіркеу орны бойынша тұрмайтындар – 378. Оның ішінде еліміздің жоғары оқу орнында оқитын 2 білімгер, Қазақстан Республикасынан тыс жерде оқитын үш студент туралы растама құжаттар алынды. Қалған 28 жастың оқымайтындығы нақтыланып, тиісті мәртебесі белгілі болды.

«Отбасы цифрлық картасы» базасында 2 азамат міндетті әскери қызмет өтеушілер санатында тұрғанымен өзектендіру барысында аталған 2 азаматтың да міндетті әскери қызмет атқармайтындығы анықталды. Жұмыспен қамтылғандардың ішінде бейресми жалдамалы жұмысшылар, тіркелмеген жеке кәсіпкерлер, білімін жалғастырғысы келмейтін білімі жоқ жастар, тіркелмеген жұмыссыздар, үй шаруасындағы әйелдер, елімізден тыс шетелге кеткендер, тіркеу орнында тұрмайтындар тармақтары бойынша 110 жас өзектендірілді.

Жұмыссыз жастарға және уақытша бос жүрген NEET санатындағы жастарға жұмыспен қамту және жұмыссыздықтың алдын алу және мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау мақсатында былтыр 51 кеңес беру алаңы, 13 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылыпты.

Жастар ресурстық орталығының басшылық құрамымен 39 қоғамдық қабылдау өткізіліп, жастарды жұмыспен қамтудың белсенді шаралары жүргізілген екен. – Қоғамдық қабылдау барысында келіп түскен өтініштер бойынша жұмыс істеліп, түйткілдер түйіні тарқатылды.

Нақтырақ айтқанда, жалпы өткен 39 қоғамдық қабылдауда 76 өтініш түсіп, түскен өтініштің 24-і қанағаттандырылды. 52-сіне заң аясында толыққанды түсіндірме жұмыстары жүргізілді.Атап айтар болсақ, қанағаттандырылған өтініштердің басым көпшілігі «Жастар тәжірибесі» мен 2,5 пайыздық қайтарымсыз грантқа қатысты болды. Сондай-ақ Қарасу ауылдық округінің тұрғыны, қандасымыз Айман Айтымова 27 жылдан бері еліміздің азаматтығын ала алмай жүрген екен. Осыған байланысты ол бізге үлкен үмітпен өтініш білдірген еді.

Өтініш бойынша, ерікті жастардың демеушілігімен 400 мың теңге көлемінде қаражат жиналып, құжаттары рәсімделді. Қазіргі таңда ол өтініш толық қанағаттандырылды. Осыған ұқсас тағы бір жағдай, Сарбиноз Мақсудқызының өзіне азаматтық ала алмай жүргені және перзенттерінің туралы куәлігіне қол жеткізе алмай отырғаны да бізге белгілі болды. Жүйелі жұмыстар нәтижесінде ол азаматшаның да сұранысы қанағаттандырылып, құжаттары өзіне табысталды.

Сонымен қатар жағдайы төмен отбасынан шыққан екі оқушы оқу орнына түсу үшін жеңілдіктер мен грант иеленді. Біздің ресурстық орталық оқушылардың грант иеленуі үшін табанды қызмет атқарып, бағыт-бағдар көрсете білді.

Елімізде жастар саясатын тиімді жүзеге асырудың түрлі тетіктері көп. Бұл бойынша сан түрлі бағдарламалар мен қолға алынған игі жобалар, бастамалар ұлт ұрпағы үшін өз жемісін беріп жатыр десек, артық айтқандық емес. Мәселен, осыдан 20 жыл бұрын жалынды жастардың көмегімен құрылған «Жасыл ел» бағдарламасы студенттер арасында кеңінен танымал.

Бағдарламаны жүзеге асырудағы негізгі мақсат – жастарды маусымдық жұмыспен қамту арқылы олардың адал еңбекпен нәпақа табуына жәрдемдесу. Соның арқасында бүгінде жергілікті жерлер көгалдандырылып, жастар арасында экологиялық мәдениет қалыптастырылып, олардың бос уақыттарын еңбекпен тиімді өткізуі дәстүрге айналып отыр.

Жастардың күш-қуатын бір арнаға тоғыстырған кешенді бағдарлама Жамбыл ауданында да жүйелі жүзеге асуда. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 100 жас үшін 7 миллион теңге бөлініп, сәуір айында 55 өрен жұмыс істесе, мамыр айында 45 адам тиісті жұмыстарды лайықты деңгейде атқарыпты.

Бағдарлама нәтижесі бойынша Ерназар ауылдық округінің еріктісі Ескендір Бағлан «Үздік сарбаз» номинациясын иеленген екен. Жалпы еріктілердің аудандық қана емес, кез келген елдік деңгейдегі іс-шаралардың дүркіреп өтуіне атсалысатыны белгілі. Олар жұртшылықты қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырып, қоғамда өзге де игі істердің көбірек көрініс табуына ұйытқы болып жүргенін көзіміз көріп жүр. Қашанда жақсы іске жаны құмар жандардың дені жастар екені де белгілі.

Адамзат игілігі үшін атқарған жұмыстарына ақы сұрамайтын еріктілердің татитын істерін атап өту маңызды. Мысалы, 2023 жылы ауданда 11 бағыт бойынша 829 іс-шара өткізіліп, 21 270 жас қамтылған. Оның ішінде волонтерлік бағытта 250 іс-шара ұйымдастырылса, бұған 3 750 жас қатысқан екен. Аталған жастар ресурстық орталығының «Іnstagram» әлеуметтік желісіндегі парақшасында атқарылған жұмыстар бойынша – 1 146, «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшада да осыншама пост жарияланыпты.

– Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген ауқымды шараларға тоқтала кетер болсақ, Ш.Ниязбековтің 85 жылдығы мен Жамбыл ауданының 95 жылдығына орай «Ақындар адалдықты жырлайды» атты тақырыпта облыстық жас ақындар айтысы, жастар арасында суда жүзу спорт түрін дамыту мақсатында 100 метр қашықтықта суда жүзуден жарыс, «Қара, оқы» батл жобасы бойынша әр жұма сайын аудандық жастарға арналған караоке кеші өткізілді.

Сондай-ақ 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне арналған «Жастар – еліміздің болашағы» атты іс-шара, Отбасы күніне орай «Әкем, анам және мен» эстафеталық ойыны, Шайқорық ауылында түрлі этнос өкілдері арасында «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. «Киелі табиғат» республикалық экологиялық акциясы аясында Айша бибі кесенесінде тазалық жұмыстары, танымал қаламгер Әкім Таразидің 90 жылдық мерейтойына орай спорттың грепплинг түрінен турнир, Жамбыл ауданының 95 жылдығына орай «Jaidarman» ойындары мен пікірсайыс турнирі және «KazIQ» интеллектуалды ойындары мен «Өңірлік жастар ресурстық орталықтары» күніне орай Тараз қаласындағы «Жастар» аллеясында концерт ұйымдастырылды. 1 қазан – Қарттар күніне орай аудандық ардагерлер мен жастар арасында бильярдтан турнир, «Ана мен қыз» отбасылық байқауы, «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбында «дөңгелек үстел», 25 қазан – Республика күніне орай 40 жастың қатысуымен велошеру, отбасын құрған жас отбасыларға салтанатты неке куәлігін табыс ету рәсімі мен мерекелік концерттік шара көрініс тапты. Бұдан бөлек «Сағындырған кездер-ай» атты ретро фестиваль ұйымдастырылды. 80-90-жылдардың кезін еске түсіретін шара көптің көңілінен шықты, – дейді Бақытжан Ержанұлы.

Ресурстық орталықтың қолдауымен оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыру, математиканың күнделікті өмірдегі маңызы мен қолданысын толық қамту үшін білімді практикада қолдану дағдысын дамыту, олимпиада есептерін шығаруға баулу мақсатында Айша бибі ауылдық округінің мәдениет үйінің «Коворкинг» орталығынан «Pythagoras» атты курс ашылыпты. Қазіргі уақытта 20 оқушы курсқа тұрақты қатысып, республикалық олимпиадалардан жеңіске жетіп, оң нәтижесін беріп жатыр екен. Жастар ресурстық орталығы ішінен бұқаралық спортты дамыту және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында «Алшын» жекпе-жек клубы жұмыс істейді. Қазіргі таңда 80-ге тарта жасөспірім келіп, өзіне қажет спорт түрімен айналысуда. Клуб тұрақты түрде аптасына 5 рет жас ерекшеліктеріне байланысты екі мезгіл, яғни таңғы және кешкі ауысымда жұмыс істеп жатыр.

Тағы да айта кетер бір жайт, қатысушылардың саны артып, қызығушылық танытып келе жатқан жасөспірімдер қатарының көбеюі болып тұр. Нәтижесіне келер болсақ, аудандық деңгейде 7 чемпион, облыстық деңгейде 4 чемпион шығып, 2 азамат спорт шеберіне үміткер атаныпты. Айша бибі ауылдық округінің мәдениет үйінде поэзия, өнер, айтыс бағытында «Жас ақындар» аула клубы ашылған екен. Үйірме қатысушылары аудандық, облыстық, республикалық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүргені баршаға мәлім. Нақтырақ айтқанда, жас ақын Алина Айдаралы Астанада өткен республикалық айтыста арнайы жүлдеге ие болған. Алина Астана қаласында өткен республикалық «Алтын домбыра» айтысының арнайы жүлдегері.

Сонымен қатар облыстық этностар арасында өткен Мағжан оқуларының бас жүлдесіне ие болды және Ғамза Афлатунов облыстық этностар арасында өткен Мағжан оқуларынан 2-орынды ұтып алды. Жамбыл ауданында «Jaidarman» ойындарын дамыту мақсатында да жүйелі жұмыстар қолға алынған екен. Қазіргі уақытта аудандағы 17 ауылдық округ бойынша командаларды іріктеу жұмыстары жүргізіліп жатса керек. Алғашқы ойынның жеңімпаздары Астана қаласында өтетін «Jaidarman» лигасы ойындарына барып, нәтиже де көрсетіпті. Сонымен қатар мұнда жартасқа өрмелеуге баулитын клуб жұмыс істейді. Мұнда 60-қа жуық жас аптасына 3 рет келіп, шеберліктерін шыңдауда. Ауданда облыстық, аудандық ашық біріншіліктер өткізілуде. Клуб қатысушылары 2017-2023 жылдары Т.Рысқұлов ауданына қарасты Алатау тауында 4 000 және 3 800 метр биіктікті бағындырып, оларға «М.Шерхан шыңы» мен «Н.Шәкен шыңы» атауы беріліпті.

2024 жылдан бастап жастардың игілігі үшін, демеушілердің қолдауымен жастар орталығындағы ұжымның өз қолымен жасаған фотостудиясы ашылған. Ондағы мақсат – аудан жастарын қоғамдық іс-шараларға тарту, қолжетімділікті қамтамасыз ету. Сонымен қатар аталған фотостудия тегін қызмет ұсынады. Қазіргі таңда өнерлі жастарға арналған тегін ән жаздыру студиясын да ашу жоспарымызда бар. Аталған қызмет түрі орталыққа келген көпбалалы, аз қамтылған отбасындағы балалар мен жетім балаларға, ауданның мәдени- әлеуметтік шараларына белсене араласып жүрген аудан жастарының сұраныстарын қанағаттандыру мақсатында тегін ән жазып беру қызметін көрсететін болады. Бізде «Ет мүшелеу және табақ тарту» әлеуметтік жобасы қолға алынған. Қазіргі жастардың көбі дәстүріміз бойынша мал сою, жіліктеп бөлу, осып жайғау ісінің қалай атқарылатынын толыққанды білмейтіні анық. Әсіресе жас отбасындағы әйелдер мен ер-азаматтар табақ тарту, қонаққа сойылған малдың қай жілігін кімге ұсыну керектігінен бейхабар.

Бұл жоба жастарға сол үшін керек деп таптық. Сондай-ақ ұлттық дәстүрімізді насихаттау мақсатында кулинариялық жобалар үшін көшпелі асхана ашу жоспарланған. Қазіргі уақытта бұл көпшілік талқылауына ұсынылып, қолдау тауып отыр. Осы күні аз қамтылған, көпбалалы отбасылар үшін сән салоны өз жұмысын бастады. Қазірдің өзінде баласының шашын ретке келтіруге мүмкіндігі жоқ ата-аналар сән салонының қызметін тұтынып, алғыстарын білдіруде. Ауылдық округтерде ерекше кәсіп бастап, шаруасын дөңгелетіп отырған жастарды дәріптеу мақсатында әлеуметтік желілерімізде «Ауыл Bay» жобасының алғашқы түсірілімі жарыққа шықты. Осы арқылы жастардың өз ісін бастауына себепкер болсақ, біз үшін бұл маңызды. Жас отбасыларға қызықты «Love Story» айдары, әр ауылдық округтерде «Қара, оқы» атты караоке кеші және кино көрсетілімдер ұйымдастырылуда.

Жаз мезгілінде аудан орталығында акустикалық кеш өткізу жоспарланса, жастар орталығында қазіргі таңда танымал тұлғалармен подкасттар түсірілуде, – деп сөзін сабақтады Ж.Тоқсаба. Осы орайда біз аудандық жастар ресурстық орталығының көмегімен жұмысқа тұрған, кәсіп ашқан азаматтарға назар аудардық. Соның бірі – Қалнұр Жұмаділдаева. 29 жастағы көпбалалы ана мемлекеттен былтыр 1 миллион 380 мың теңге грант алып, малшаруашылығымен айналысуға ден қойыпты. Нақты айтқанда, кәсібі – жылқы ұстап, бие сүтін сату. – 1994 жылы осы аудандағы Шайдана ауылында дүниеге келдім. Отбасын­да 4 қыз тәрбиеленсек, мен ата-анам­ның екінші перзентімін. Білі­мім – орта. Нақты айтқанда, Тараз қаласын­дағы Абай атын­дағы Жамбыл гуманитарлық колледжінде оқыдым. Ол оқу орнынан «Өңдеу және сызу» ма­ман­дығын игеріп шықтым. 2014 жылы қазіргі Қарасу ауылдық округінің Ащыбұлақ ауылына келін болып түстім. Тұрмыс құрғалы бері бала күтімімен үйде отырдым. Мамандығым бойынша еңбек етуге мүмкіндік болмады.

Күйеуім Тойжан Батанов аудан орталығындағы спорт кешенінде спорт нұсқаушысы болып жұмыс істейді. Еңбекақысы – 135 мың теңге. Көпбалалы отбасы болғандықтан күйеуіме болысып, отбасылық бюджеттің ұлғаюына септігімді тигізсем деп ойладым. Осы мақсатпен халық қалаулысы, Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жандар Жамбылұлынан қоғамдық қабылдауға жазылу арқылы ауылда қандай кәсіппен айналысуға болатыны жөнінде кеңес сұрадым.

 

 

Қалнұрдың осы кәсіппен айналысу ниетін күйеуі Тойжан Теміралыұлы мақұлдап, мал сатып алу, жемшөбін түсіріп беру ісін өзі атқаруда. Жаздыгүні биелер үш мезгіл сауылыпты. Десе де бір мезгіл үйден ұзап жайылатын болған. Қазіргі таңда былтырғы құлындар биыл тай болып, аталған отбасы өз қаражаттарына тағы да бірнеше жылқы сатып алу арқылы есіктің алдында қарайған мал көбейген. – Бұрын да қолымызда бес-он тұяқ уақ мал, бірді-екілі сиыр болатын. Қазіргі таңда жылқы өсіруге ден қойдық.Бұл ретте әйелімнің еңбекқорлығына разымын. Қазір жылқыны өріске жібермейміз. Себебі күн қысқа, мен таңнан қара кешке дейін аудан орталығы Аса ауылындағы жұмысымда болғандықтан оны айдап әкелуге уақыт тапшы.

Болашақта олар жылқы санын көбейтіп, осы кәсіпті жандандыра түспек. «Жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмай, кәсіпке бет бұрған жас отбасылардың бұл әрекеті көпке үлгі болары анық.

Нұрым Сырғабаев